Шекара қауіпсіздігі – тыныштық кепілі
Күршімдегі №2535 әскери бөлім – шекара отрядында Дариға Назарбаеваның төрағалығымен Парламент Сенаты Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік жөніндегі комитетінің көшпелі мәжілісі өтті. Көшпелі мәжіліске облыс әкімі Даниал Ахметов қатысты.
Комитет төрайымы Дариға Назарбаева еліміздегі саяси ахуалға, халықаралық қатынастарға, шекара қызметінің жай-күйіне тоқталып, көпшілікті бірқатар маңызды мәселелерден құлағдар етті.
– Шекара күзеті ең маңызды да жауапты қызметтердің бірінен саналады, – деді Дариға Назарбаева. – Біздің шекарашыларымыз күзететін шептің ұзындығы 15 мың километрден асады. Әрине, осындай ұлан-ғайыр аймақты күндіз-түні кірпік қақпай күзетіп, мінсіз қызмет атқарудың оңайға түспейтіні анық. Шекараның қауіпсіздігі – еліміздің, бала-шағамыздың тыныштығының кепілі. Сондықтан да бұл салаға баса көңіл бөлініп отыр. Жақында Каспий аймағы елдері арасында үлкен саммит болып, айтарлықтай келісімдерге қол жеткізілді. Біз осы сапарға ел шетіндегі шаруашылықтарды аралап, шекарашы жауынгерлердің хал-жағдайымен жақын танысайық, мұндағы тірлікті көзбен көріп қайтайық деп шыққан болатынбыз. Бұл мақсатымыз орындалды.
Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары, Шекара қызметінің директоры генерал-майор Дархан Ділманов өзі басқаратын саланың жайын баяндады. Шекара қызметінің Шығыс өңірлік аймағында жеті шекара отряды, сондай-ақ «Достық» кеден бекеті бар. Осы аймаққа қарасты бір темір жол, алты автомобиль өткізетін бекеттер қызмет істеп тұр. Олар Мақаншыда, Зайсан мен Күршімде орналасқан әскери бөлімдерге қарайды. Бұдан басқа еліміздің шығыс шетіндегі «Бақты», «Майқапшағай» кедендері бар. Жеке құрам шекара күзетінің сапасын жылдан-жылға арттыра түсуде. Бұл аймақтың күзетін қамтамасыз ететін отрядтарға қарасты шекара желісінің ұзындығы 1183 километрді құрайды. Генерал өз проблемаларын да жасырмай ортаға салды.
-Біздің сала, – деді ол, – көптен бері толық мөлшерде қаржыландырылмай отыр. Мәселен, Күршім шекара отряды 1969 жылы құрылды десек, осындағы кейбір ғимараттар осы 49 жылдың ішінде бір ретте жөндеу көрмеген екен. Мұндағы, өзге отрядтардағы көптеген ғимараттарға, құрылғы-қондырғыларға күрделі жөндеу жасап, жаңарту, жаңғырту қажет. Бұл жайды Қаржы министрлігіне үзбей айтып келе жатырмыз. Электрмен қамтуда да олқылық көп. Кейбір заставаларда жарық движок арқылы ғана беріледі.
Даниал Ахметов Ресеймен және Қытаймен арада жүзеге асып жатқан сауда, әріптестік байланыстар, бизнесмендер үшін жасалып жатқан қолайлы жағдайлар, Алакөл мен Катонқарағай сияқты өңірлердегі демалыс орындарын өркендету, туризм мәселесі, Катонқарағай мен Зайсан әуежайларын барша талаптарға сай деңгейде жөндеуден өткізу сияқты мәселелерге тоқталды.
Жиында Бұқтырма су қоймасы үстінен салынуға тиіс көпір мәселесі де болды. Аймақ басшысы Даниал Ахметов барша құжаттамалардың даярланып, олардың мемлекеттік сараптамадан ойдағыдай өткенін, ендігі мәселенің талапқа сай инвестор табуға келіп тіреліп тұрғанын айтты. Осынау құны 30 млрд. теңге болатын жобаға «валюта тәуекелі» атты кедергінің көлденең болып тұрғанын ортаға салған облыс әкімі оның жайын былай деп түсіндірді. Көпір құрылысына инвестор болатын шетелдіктердің осы қаржыны доллар немесе евро түрінде салғысы келетіні белгілі. Ал әлгі инвестор болғысы келетін адамның «ақша теңгемен қайтарылған кезде көзге ұрып шыға келетін айырманы кім төлеп береді, мен көп мөлшерде ұтылып қалып жүрмеймін бе?» – деген сауал төңірегінде толғанып, сенімсіздікке бой ұра беретіні түсінікті. Осылайша тәуекелшіл бір инвестордың жолықпай тұрған жайы бар екен. Дариға Назарбаева: «Біз бұдан әлдеқайда ауқымды жобаларға қорықпай-ақ кірісіп жатқан жоқпыз ба? Ендеше, бұл мәселені бір жағына шығаратын уақыт жеткен сияқты», – деді.
Жиында сөз болған мәселелердің барлығының да назарға алынатынын қадап айтқан комитет төрайымы осы сапарды сәтті ұйымдастырған облыс әкіміне, шекара қызметі басшылығына алғыс білдірді.
Хасен Зәкәрия,
Күршім ауданы.