Әдебиетшілер әзілі

Шегінсеңдер, мұхитқа барып құлайсыңдар

Шегінсеңдер, мұхитқа барып құлайсыңдар

Олжас – әдебиетіміздің саны мен – сапасы боламын

Қазақтың көрнекті ақыны Қуандық Шаңғытбаев (1925-2001) пен қырғыз шайыры Темір Үмбетәлиев әзіл-қалжыңдары жарасқан құрдастар екен. Екі дос Алматыда бір кездескенде Қуандық:
-Темеке, поэзияңызда қыз-келіншек тақырыбы сол бұрынғыша шығар, ол жағын әлі қоймаған боларсыз? – деп сұрапты.
Сонда Темір:
– Өтіп кетті жасшылық,
Өтіп кетті састырып.
Қыздар өпкен бетімді,
Қыл сақалға бастырып, – деп өлеңдете жауап беріпті.

***
Жас кезі болса керек, дауылпаз ақын Нұрқан Ахметбековтің (1902-1961) өлең шығарып жүргенін ауылдағы бай біліп қояды. Ақын десе қыртия қалатын бай «Сен жалқау екенсің, әуейісің, ақындар мен жыршының бәрі сондай адамдар» деп маңайына жолатпауға тырысады. Жаз шығып, ауыл жайлауға көшкенде Нұрқанға көлік бергізбей, жұртта тастап кетеді.
Әдетте көшкен ауылдың жұртына ит-құс үйір келетіні аян. Иен жұртты қорыған сондай қасқырдың бірі сүтін сауып, талғажу етіп отырған Нұрқанның жалғыз сиырын жарып кетеді. Соған налыған ақын мынадай өлең шығарыпты:
– Мінерге атым, артарға жоқ түйем де,
Жоқшылықтың отына мен күйем де!
Жалғыз сиыр жар астында жасырын,
Кездесіпті қасқыр деген жиенге.

***
Ғылым академиясының алқалы жиыны өтіп жатады. Жарыссөз көбейіп, даулы пікірлер туындап, жиын ұзаққа созылыпты. Академик Әлкей Марғұлан (1904-1985) мінбеге қайта-қайта шығып, пікір қосып, жарыссөзге араласа беріпті.
– Әлеке, мұныңыз қалай… сөйлей бердіңіз ғой? – дейді қасында отырған академик Сәбит Мұқанов.
Сонда Әлкей:
– Адам білген соң сөйлейді… Білмеген адам несін сөйлейді! – деген екен.

***
Сексенінші жылдардың басында Москвада Қазақстан әдебиеті мен өнерінің күндері өтіп жатады. Қазақстаннан келген жазушылармен кездесу кезінде сахнаға сол кездегі Жазушылар одағының төрағасы Олжас Сүлейменовпен қатар Қалмұқан Исабаев та шығады. Олжас сөз сөйлейді, соңынан Қалмұқан москвалық әріптестеріне сый-сияпат тапсыруға көмектеспекші болады.
Шешендігі орыстарды жаңылдыратын, қашанда тауып айтатын, өткір сөйлейтін Олжас сөзінің соңында өзінің ұзын бойлы, ал Қалмұқанның бәкене екенін мегзеп: «Мына алдарыңызда тұрған майдангер Қалмұқан мен бүгінгі жасамыс менің бітімімізді – бүгінгі қазақ совет әдебиетінің даму диаграммасы деп қабылдаңыздар» деп әзіл тастайды.
Сонда Қалмұқан орыс тілінде: «Ол рас, Олжас — әдебиетіміздің саны, мен сапасы боламын!» – деп ойланбастан жауап беріпті.

Бір бес мың сом үшін тағы біреуіміз өлуіміз керек пе?

Елуінші жылдардың аяғында, қоңыр күзде Халық артисі, атақты күйші Әбікен Хасенов (1897-1958) қайтыс болады. Күйшіні жерлеу комиссиясын басқару Шәкен Аймановқа (1914-1970) жүктеледі де, ол оған қаржы сұрап, жоғарыда қызметте отырған Асқар Закаринге барады. Әбікен Қарағанды облысы Шет ауданында тұратынын, Алматыдан біраз өнер қайраткерлері жерлеуге баруы керектігін айтып, бес мың сом бөлгізуді сұрайды. Мұны естіген Асекең:
-«Бес мың сом» дейді? Бұл бір адамға көп емес пе?— деп басын шайқай беріпті. Сонда Шәкен:
-Асеке-ау, бір бес мың сом үшін тағы біреуіміз өлуіміз керек пе! — деп күлдіріп, қажет қаржыға ұлықсатты алып шығыпты.

***
Алпысыншы жылдар болса керек, Жазушылар одағындағы әдебиет мәселесіне арналған кезекті бір жиналыста жас ақынның біреуі Сәбит Мұқановтың поэзиясын сынға ала сөйлейді. Залда отырғандардың үнсіз тына қалғанын арқаланып, әлгі жігіт одан сайын қыза түседі. Сөзінің соңына қарай «Турасын айтсақ. Сәбит Мұқанов ақын емес» деп түйіндейді. Жас ақынның сөзінен соң іле Сәбеңнің өзі мінбеге шығады:
– Жаңағы жігіт мен туралы дұрыс айтты, – дейді Сәбең жұмсақ даусымен. – Жас кезімде мен де Абайды ақын емес деп санайтынмын!

***
Ғылым академиясының корреспондент мүшесі, белгілі ғалым Ысқақ Дүйсенбаев (1910-1976) тақыр бас, мойны күжірейген дембелше, толық кісі екен. Көп жиналыстың бірінде ақын Сырбай Мәуленов тура сол Ысқақтың артқы жағында отырып қалады. Ысқақтың дене бітіміне риза болған ол:
– Желке жағы жеті адыр,
Жылқы жайсаң жеткендей.
Төбе жағы тап-тақыр
Тайлақ тайып кеткендей, – деп, бір параққа жазыпты да, Ысекеңе ұстата қойыпты.

***
Ел жақтан келген бір ағайын есімі қалың қазаққа белгілі сықақшы, халқымыздың сүйікті ақыны Оспанхан Әубәкіровпен (1934-1986) әңгіме кезінде:
– Оспанхан қарағым, ішімдік атаулыны сен мүлдем қойыпты деп естідік қой, сол сөз рас па? – деп сұрайды.
Сонда Оспанхан иығын көтеріп, басын шайқап:
– Япырмай, бұныңыз жақсы жаңалық екен… Бірақ өзім бұл жаңалықты әлі естімеппін! – деп жауап беріпті.

Шегінсеңдер, мұхитқа барып құлайсыңдар

Қазақтың әйгілі сәулетшісі, Тәуелсіз Қазақстанның Елтаңбасын жасаушылардың бірі Шота Уәлиханов – хан Уәлидің тікелей ұрпағы, ұлы Шоқан Уәлихановтың ағайыны екені белгілі. Бірде осы Шөкеңе құрдасы Шерхан Мұртаза:
– Мен осы сенің фамилияңнан қорқамын! – депті.
Сонда Шота:
– Фамилияма көлеңке түсіріп алмасам екен деп, сенен бұрын өзім қорқамын! – деген екен.

***
Сатирик-жазушы Садықбек Адамбеков (1922-2002) Жазушылар одағы Сатира секциясының қарауына өзінің әлі сиясы кебе қоймаған жаңа комедиясын ұсынады. Секцияның кезекті мәжілісінде әлгі комедиясын Сәкең өзі оқып береді. Комедияның шұбалаңқы, ұзақтығы сондай, секцияға қатысып отырғандарды есінетіп, ұйқы шақырта бастайды. Ақын Сырбай Мәуленов те жалығып, ыржалақтап жиі-жиі күле беріпті.
– Әй, Сырбай, сен неге күлесің? – дейді Садықбек оған реніш білдіріп.
Сонда Сырбай:
– Комедия болған соң күлмегенде қайтеміз! – деп одан бетер иығы селкілдеп қоя берген екен.

***
Садықбек Адамбеков кеудесінен күн көрінген жұқа болса да, мінезі қағылез, шапшаң кісі. Сол Сәкең бірде ақын Қайнекей Жармағамбетовпен шартпа-шұрт сөзге келіп, қатты ренжісіп қалады. Басын қалтаңдатып, қарсыласын қалай түйрерін білмей ойланып тұрады да:
– Сен кіммен сөйлесіп тұрғаныңды білмейді екенсің… мен Қарақьпшақ Қобыландының тоғызыншы ұрпағы боламын, ұқтың ба!? – деп шәңкілдеп, қораздана түседі.
Мұны естіген Қайнекей Садықбектің бәкене бойына, түрмеден шыққандай арық бітіміне таңдана қарап тұрыпты да, қос қолын аспанға жайып жіберіп:
– О, садағаң кетейін Қарақыпшақ Қобыланды, сенен өрбіген ұрпақтың соншалықты азғындап кеткені қалай? – деп, басын шайқап-шайқап жіберіп, жөнімен кете барыпты.

***
Елуінші жылдардың соңында атағы жер жарған полковник Бауыржан Момышұлын (1910-1982) Куба мемлекетінің жас лидері Фидель Кастроның өзі арнайы шақыртып, бірнеше күн мейман еткені белгілі. Баукең сол сапарында Кубаның әскер басшыларымен, көптеген офицерлермен, генералдармен кездесулер өткізеді. Сондай кездесудің бірінде олар Баукеңді өздерінің әскери жарғысымен таныстырады. Жарғының бip бөлімінде Бауыржан Момышұлының «шегіну, сосын қайыра шабуылдау» тактикасы да енгізіліпті.
Жарғымен танысқан Баукең оларға:
– Соғыста мен пайдаланған бұл тактика сіздерге жарамайды! – депті. – Шегінгенде маневр жасайтын жерлерің жоқ, алақандай ғана аралда тұрасыңдар, шегінсеңдер мұхитқа барып құлайсыңдар!

Шіркін, тағы бір соғыс болса екен!

Кеңес заманында 7 қараша – Қазан төңкерісінің мерекесі ретінде бүкіл империяда кеңінен аталатын. Мәскеуде, одақтас республика астаналарында әскери парад, соңынан еңбекшілердің шеруі өтетін. Ол шеруге қаланың барлық мекемелері қатыстырылатын.
Биліктегі басшылар Қазақстан Жазушылар одағын да Алматыда өтетін әлгіндей шеруге қатысуға міндеттеуші еді. Жазушылар таңсәріден белгіленген жерге жиналып, әскери парад өтіп біткенше, кезектері жеткенше көшеде суыққа тоңып, сап түзеп тұра беретін.
Алпысыншы жылдардың басы еді деседі. Бір топ ақын-жазушы дірдектеп тоңып, көше бойлап шерудің қатарында келе жатады. Араларында майдангер-жазушы Иван Шухов (1906-1977) бар. Ол соғыстан әкелген өзінің солдаттық фляга-құтысын салпылдатып беліне қыстырып алады. Оқтын-оқтын әлгі құтыны қолына алып, қылқылдатып жұтып қойып, түк болмағандай жүре береді. Құтыда арақ барын соңындағы Қайнекей Жармағамбетов байқап қалады да:
– Иван Шухов дегенің – мына кісі,
Артында салпаңдайды флягісі, – деп Ғафу Қайырбековке бұрылыпты. Соның бәрін көріп келе жатқан Ғафу кідірместен:
– Иван ішіп тұрғанда – өзің ішпей,
Кісінің келеді екен жылағысы! – деп қостап өлеңдетіп жіберіпті.

***
Майдангер ақын, соғыс жылдарында теңізші болған Тоқаш Бердияров (1925-1988) бірде қаламгерлер ортасында:
– Шіркін, тағы бір соғыс болса екен! – депті.
– Тоқасы-ау, қайдағы жоқты айтып… мұныңыз қай сасқаныңыз? -дейді достары таңғалысып. Сонда Тоқаш:
– Атып тастайтын бірер кісім бар еді! – дейді.
Бұл әңгіменің астарын түсіне қалған ақын Өтежан Нұрғалиев:
– Тоқа, соғыс болған күннің өзінде сіз «атамын» деген адамдарыңызды ата алмайсыз… Өйткені, олар ебін тауып тылда қалып қояды. Соғысқа сорыңыз қайнап тағы өзіңіз кетесіз! – деп мырс-мырс күліп жіберіпті.

***

Төл әдебиетіміздің классигі Мұхтар Мағауин ұзақ жылдар бойы «Жазушы» баспасының бас редакторы қызметін атқарғаны белгілі. Баспа деген ірі өндіріс, тынымсыз еңбек, күнде күйіп-жанып жатқан жұмыс. Мұқаң қатты шаршап жүреді. Сондай қарбалас күндердің бірінде телефонмен Баспа комитеті бастығының бірімен сөзге келіп кетісіп, ренжіңкіреп отырса, бөлмесіне баяу басып жазушы Рамазан Тоқтаров (1935-2000) кіріп келеді.
– Мұха, шаршап отырсың ғой? – дейді Рамазан.
– Баспаның жұмысы емес, басқаның жұмысы шаршатты, – деп Мұқаң қабағын кіржитеді.
– Тегі біреу сені ренжіткен-ау? – дейді Рамазан түсінгендей болып.
– Айтысқан соң дау табасың, алысқан соң жау табасың! – деп Мұхаң шорт қайырады.
– Байқаймын, сенде қағаз жұмысы да көп сияқты? – дейді Рамазан жаны ашығансып.
– Жұмысың бұзық болса да, қағазың түзік болу керек! – деп Мұқаң тағы тоқ еткізеді.
– Мұха, сен өзі мақалдап сөйлейтін болыпсың ғой? – деп енді Рамазан таңданысын жасырмайды. Мұхтар бұл жолы да:
– Мақал жетіскеннен шықпайды, кетіскеннен шығады! – деп тағы да келте қайырыпты.

Жобаның жүргізушісі – жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Әлібек Асқаров

(Жалғасы қалың «Дидардың» келесі санында)

Осы айдарда

Back to top button