Саясат

Шағын шаһарлар шырайлана түспек

Облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ аймақтағы ірі елді мекендер – Зырян мен Серебрянка қалаларының тұрмыс-тіршілігімен жіті танысты. Ондағы тұрғындармен кездесіп, өзекті мәселелерді талқыға салды және бірқатар әлеуметтік маңызды нысандарда болды. Бұл екі шаһарды ел Үкіметі моноқалалар тізіміне енгізгенді. Аймақ басшысы Бердібек САПАРБАЕВ алдымен ат басын Серебрянкаға тіреп, шағын қалаларды дамыту бағдарламасын іске асыру мәселелері бойынша қала активімен кездесті.

Шағын шаһарлар шырайлана түспекЖергілікті әкім Сергей Гордиенко қаланың бүгінгі тұрмыс жағдайы туралы мәлімет бер-ді. Оның айтуынша, қаланың орналасқан жері өте ыңғайлы, тұрғындар облыс және аудан орталықтарына теміржол және автокөлік трассалары арқылы қатынай алады. Серебрянка халқының саны – шамамен он мың адам, олардың алты мыңға жуығы – еңбекке жарамды тұрғын. Елді мекеннің жоғары әлеуетіне қарамастан тек 3510 адам ғана жұмыспен қамтылған. 221 азамат ресми түрде жұмыссыздар қатарында тұр. Қазіргі кезде қала аумағында барлығы 163 шағын және орта бизнес нысаны тіркелген. Кәсіпкерлердің 98-і сауда саласында еңбек етеді, 8-і қайта өңдеумен айналысады, 14-і қоғамдық тамақтану орындарына ие. Мұнымен қоса, қалада екі жанармай құю стансасы, төрт нау-байхана және қызмет көрсету бағытындағы түрлі нысандар бар. Тұрғындарға дәрігерлік көмекті №3 медициналық бірлестік көрсетеді. Мәдениет және спорт саласында екі кітапхана, балалардың спорт мектебі жұмыс істейді.

Дей тұрғанмен, шаһарда-ғы ең басты қалатүзуші кәсіпорындар – «Қазцинк» серіктестігіне қарасты Бұқтыр-ма су-энергетикалық кешені мен Серебрянка бейорганикалық бұйымдар зауыты. Соңғысының жұмысы жандандыруды қажет етеді. Қазіргі кезде зауытта 500-дей адам жұмыс істейді, олардың санын мыңға жеткізіп, өнім өңдеуді өркендеткен жөн.

Сергей Гордиенконың ақпаратына сүйенер болсақ, қаладағы ауызсу және жылу құбырлары қаусап тұр, бұл – қомақты қаржына қажет ететін негізгі мәселелердің бірі. Осыған орай, жергілікті басшылық шаһардың ескірген сумен және жылумен қамту жүйелерін толық қайта жаңалауды көздеп отыр. Серебрянканың бас жоспарын әзірлеу де – уақыт талабы.

Жалпы, бұл қала Үкімет-тің жәрдеміне аса зәру. Жергілікті жұртшылық өз шаһар-ларының моноқалалар тізіміне қосылғанына қуанып, бағдарламадан үлкен үміт күтуде. Баяндаманы тыңдап болған Бердібек САПАРБАЕВ тұрғындарды қомақты қаржы қарастырылған мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыруға белсене атсалысуға шақырды және жуық арада қаланың негізгі мәселелерін шешуге уәде берді.

– Серебрянкаға моно-қалаларды дамыту бағдар-ламасы бойынша әзірше шамамен қырық миллион теңге бөлініп отыр. Аталмыш бастапқы қаржы көше-лерді жарықтандыру мен көгалдандыру, қоқыстарды шығару, иесіз тұрған үйлерді бұзу, тұрмыстық қалдықтар полигоны мен мал өлекселерін тастайтын орынды ретке келтіру, жылумен және сумен қамту жүйелерін жаңалау, балалардың ойын алаңшаларын орнату, жолдарды жөндеу жұмыстарына жұмсалады. Бірақ Сіздер бір нәрсені түсінулеріңіз керек, мұндай көмек үнемі көрсетіле бермейді. Қос қолды қусырып отыра берген жарамас, ерінбей еңбек ететін кез қазір, – деді жиынды түйіндеген облыс Әкімі.

Бұдан соң аймақ басшысы Зырян қаласына аттанып, тұрғындармен жолықты. Халық алдында сөз сөйлеген облыс Әкімі моноқалаларды дамыту бағдарламасы туралы тағы бір мәрте айтып берді. Сонымен қатар, шенеуніктер мен тұрғындарға бірқатар тапсырмалар жүктеп, ұсыныстар білдірді.

– Біз қаланың түйіні тарқамаған барлық түйткіл-дерін жақсы білеміз. Оларды шешуге бар күш-жігерімізді салып жатырмыз. Біріншіден, көктемгі су тасқынына төтеп беруіміз қажет. Биыл жағдай бірқалыпты, бірақ Зырян – қарлы өңір, кез келген тосын жағдайға әзір болуға тиіспіз. Екіншіден, жергілікті жұртшылық билікпен бірлесе қаланы абаттандыру жұмысына атсалысуы керек. Мұнымен қоса, мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясындағы істерді ширатқан абзал. Бұл алдымен тұрғын үй құрылысына қатысты. Ең бастысы, «бірлік болмай, тірлік болмас» деген аталы сөзді жадымызда ұстаған жөн, – деп атап өтті облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ.

Басқосу барысында Зырян әкіміне шаһардың даму жоспарын тағы бір мәрте пысықтап шығу міндеттелді. Қазіргі жоспардың жөндейтін тұстары жетерлік, тұрғындар тарапынан да идеялар керек. Қала басшылығы алғашқы кезекте атқарылуы қажет маңызды іс-шараларды анықтап, жобаларды дайындайды, оларды жүзеге асыруға мемлекет көмек көрсетеді.

P.S. Еліміздің Экономикалық даму және сауда министрлігі моно-қалаларды дамыту бағдарламасын әзірлеуде. Министрлік мемлекет тікелей қамқорлығына алатын еліміздің 27 ша-ғын қаласының тізімін дайындағаны белгілі. Бұл тізімге Шығыс Қазақстаннан ұзын саны 113 829 адам тұратын Риддер, Зырян, Серебрянка және Курчатов қалалары еніп отыр.

Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button