Журналистік зерттеу

Шаршы метрдің құны түсіп келеді

Шаршы метрдің құны түсіп келеді


Өткен жылдың ішінде облыс орталығында пәтер бағасы шамамен 10-15 пайызға түскен. Қаладағы риелторлардың пікірінше, қазір Өскеменнен «хрущевка» мен «сталинкаларды», «брежневкаларды» бұрынғыдан біршама арзан бағаға сатып алуға болады. Бағаның төмендеуіне теңге девальвациясы ғана емес, баспаналардың ескіргені, ипотека шарттарының қатайтылып, банктердің көпшілігінің ескі пәтерлерге несие бермейтіндігі, қаладан көшіп кетушілер мен ескі үйлерден жаңа үйлерге қоныс аударушылар санының артып, нарықта сатылатын (ескімен қоса жаңадан салынып жатқан) пәтерлердің көбейгендігі де себеп болып отыр.

Сатып алуға болмайтын баспана салынбақ

– Қазіргі күні Орталық базар, ДКМ, Телестудия, Ушанов алаңы, 45-гастроном, басқа да ықшамаудандардағы ескі үйлердің бағасы бірте-бірте төмендеп бара жатқанын байқауға болады. Ипотекалық несие шарты қатайған бұл күнде ескі үйлерді банктердің көпшілігі кепілдікке алмайды. Сондықтан оларды ақшалай қолма-қол есеп айырыса алатындар ғана сатып алуда. Сол себепті ескі пәтердің иелері амалсыздан бағаны түсіруге мәжбүр, -дейді өскемендік риелтор Вячеслав. Оның айтуынша, осыдан бір жыл бұрын жеті млн. теңге тұрған пәтерлер қазір алты млн. теңгеге әрең өтіп жатыр.

Қазір Өскемен қалалық құрылыс бөлімінің тапсырысымен облыс орталығында «Өңірлерді дамыту-2020» бағдарламасы аясында 13 көпқабатты тұрғын үй салынып жатыр. Соның 11-і биыл бітпек. Алты үй «Құрылыс тұрғын үй жинақ банкі» АҚ салымшылары үшін (біреуінің құрылысына қаржы бөлу тоқтап тұр), екі үй жас отбасыларға, бес үй кезекте тұрғандарға берілмек. Жалпы 2020 жылға дейін жыл сайын қалалық құрылыс бөлімінің тапсырысымен 100 мың шаршы метр тұрғын үй салу көзделініп отыр.

Өскемен қалалық құрылыс бөлімі басшысының орынбасары Әсем Ақабаева Өскеменде пайдаланылуға беріліп жатқан жаңа пәтерлер саны жыл сайын артып бара жатқанын айтады. Қалалық құрылыс бөлімінің тапсырысы бойынша 2015 жылы 370 пәтер мемлекеттік бағдарлама бойынша берілсе, 2016 жылы 1142 пәтер пайдалануға берілген, 2017 жылы 1561 пәтер пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Несиеге берілетін пәтерлердің әр шаршы метрі қолайлылығы дәрежесіне қарай 100-110 мың теңгеден сатылып жатыр.

Жаңа пәтер жайлы болса ғана жақсы. Өкінішке қарай, елімізде, облысымызда жаңа пәтерлердің жоғары қабаттарынан су ағып, бөлмелердің қабырғасы жарылып, көгеріп кетіп жататын жағдайлар жиі қайталанып жатыр. Осындайда, жаңа пәтер де, ескі пәтер де оңып тұрған жоқ деген ой келеді. Қаладағы бірнеше құрылыс нысандарының сапасын тексеріп келе жатқан техникалық қадағалаушы Жәкен Қалжыров қазіргі жаңа тұрғын үйлерді салып жатқан құрылысшылардың 50 пайызы құрылыстан хабары жоқ, бөтен адамдар екендігін айтады. 1988 жылдан бері құрылыс саласының жетекші қызметтерінде еңбек етіп келе жатқан құрылыс маманы:

– Қазір салынып жатқан үйлердің сапасы жоғары деп айта алмаймын, қанағаттанарлық. Мен өзімнің қадағалауымдағы нысандарға күн сайын барып, құрылыс барысын ұдайы бақылап отырамын. Өйтпесе болмайды. Бұрынғы кезде салынған үйлерді тек мамандығы бар құрылысшылар ғана салды. Қазір жұмыс іздегеннің бәрі құрылысқа барады. Олардың құрылысты қалай салып жатқанын мердігер кәсіпорындардың мамандары үнемі қадағалап, тексеріп отыруы қажет,-дейді.

Былтыр желтоқсанның ортасында өткен үкімет отырысында елімізде жасалып жатқан «Нұрлы жер» жаңа тұрғын үй құрылысы бағдарламасы бойынша барлық облыста халықтың әлеуметтік осал топтарына арналып сатып алу құқығына жатпайтын тұрғын үйлер салынатыны айтылды. «Нұрлы жер» жаңа тұрғын үй бағдарламасының тұжырымдамасында көрсетілгендей, алдағы уақытта банкте үй құрылысы жинағы жоқ отбасыларға мемлекет есебінен субсидиялау арқылы 10 пайыздық өсіммен несиелер берілмек. Жаңадан қабылданатын бұл бағдарлама бойынша қалалық құрылыс бөлімі бүгінгі күні қала бойынша сатып алу құқығынсыз жалға берілетін үш тұрғын үй құрылысын бастауға ұсыныс дайындап отыр. Мұндай үйлерде уақытша тұратын тұрғындар енді ақшаларын біреудің жалдамалы пәтеріне жұмсамай, пәтердің коммуналдық қызмет ақысын ғана төлеп тұра беретін болады.

Ескі пәтерге жүгірудің жөні жоқ дейді

Тұрғын үй нарығының беталысын бағып отырғандардың айтуынша, бүгінде бағасы арзандау деп ескі үйлерді сатып алу тәуекелге барумен тең көрінеді. Ескі пәтерлерді (жоғары оқу орындары маңындағы, халық тығыз орналасқан жерлердегі) студенттерге жалға беру үшін, пәтер бизнесі үшін арзандау бағамен сатып алу анағұрлым тиімді болғанымен, баспана үшін жаңа үйлерді алған бар жағынан артық.

Homsters.kz жылжымайтын мүлік сатып алушыларға арналған халықаралық онлайн сервисінің қазақстандық сарапшылары дегенмен, Қазақстанда баспананың екінші кезекті қайталама нарығында пәтер құнының төмендеу қарқынының бәсеңдегенін айтады. Қазақстанның жылжымайтын мүлік нарығындағы сенімді ақпараттар базасын жинақтап отырған көшбасшы үштікің қатарындағы бұл онлайн -алаң сарапшыларының есебіне қарағанда, осыдан екі ай бұрын екінші кезекті нарықтағы пәтерлер құнының төмендеу екпіні жылдық минимумға жетіп, 0,3 -0,5 дәлізінде тоқтаған. Оның алдындағы айларда бұл нарықтағы шаршы метрлердің бағасы анғұрлым шапшаң қарқынмен төмендеп, көрсеткіш айына 3-4 пайыз көлемінде болған.

Сарапшылар мұндай үрдісті бірнеше фактормен түсіндіріп отыр. Біріншіден, әдеттегідей жылдың соңы мен басында сатып алушылар белсенді болмайды. Бұл кезеңде үй салып жатқан компаниялардың акциясы арқасында жаңа үйлер нарығы ғана жанданады.

Екіншіден, пәтер иелерінің бірқатары сауда бәсеңдейтін маусымның алдында мейлінше тиімді жағдайларды күтіп, бағаны төмендетуді тоқтатады, ал кейбіреулері тіпті, өз нысандарын саудадан алып тастайды. Соның нәтижесінде нарықта сапалы нысандар тапшы болып қалады, бұл жәйт та бағаның одан әрі төмендеуіне жол бермейді.

Үшіншіден, қайталама нарықтағы сатушылардың көбі бағаны өсірмей ұстап тұруға тырысатынын естен шығармау керек. Бірақ баспаналар сапасының төмендігінен сатып алушылар жаңа үйлер нарығынан одан да тиімдірек ұсыныстар қарастыруға мәжбүр болады. Үй салушылардың маусымдық акциялар мен арнайы ұсыныстарды дәстүрлі түрде жариялап тұруы да сатып алушылардың жаңа баспаналарға ұмтылуына себеп болып жатады.

– Қайталама нарық баспаналарының баяу екпінмен арзандауы маусымдық қана көрініс емес. Біз бұл жайт биылғы 2017 жылы да байқалуы мүмкін екенін жоққа шығармаймыз. Экономикаға қатысты оң болжамдар, тұрғын үй нарығы бойынша жағымсыз жайттардың болмауы және Үкіметтің құрылыс саласын одан әрі қолдауы соңғы екі жылғы раллиден соң 2017 жылы да қайталама нарықта бағаның төмендеуіне әсер етуі мүмкін. Бірақ айтарлықтай төмендей қоймайды, арзандау көрсеткіші жыл бойына 7-10 пайыздан көп емес деңгейде болады. Сондықтан біз қазақстандықтарға жаңа үйлер нарығына да, қайталама нарықтағы саудаға да көз салып жүруді ұсынамыз, – дейді Homsters жылжымайтын мүлік сатып алушыларға арналған онлайн сервисінің жетекшісі Олеся Мельникова.

Өскемен шаһарында мемлекеттік бағдарламалармен қоса коммерциялық тұрғын үйлер де көптеп салынып жатыр. Күленов ықшамауданында салынып жатқан «Riviera Residence» тұрғын үй кешеніндегі пәтерлердің шаршы метрінің бағасы «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ желісі бойынша 120 мың теңгеден, қолма-қол ақшаға 140 мың теңге шамасында сатылуда.

Жылжымайтын мүлікті сату, сатып алу, жалға беру, жалдау нарығының хабарландырулары қызметін ұсынып отырған «Крыша» сайтының талдауы бойынша, қазіргі күні Павлодар, Тараз, Ақтөбе, Орал қалалары, олардың соңын ала Өскемен қаласы тұрғын үй бағасы арзандау деген қалалар қатарына жатқызылған. Павлодарда желтоқсан айында пәтердің шаршы метрі 162 мың 275 теңге болып, қарашаға қарағанда бір пайызға түскен.

Жанаргүл Мұқатай

Осы айдарда

Back to top button