Саясат

Серік Тәукебаев көп іс тындырды

Өскемен қаласының әкімі Серік Тәукебаев өзінің өтініші бойынша қызметінен босатылды. Шаһар басшысы мұндай шешімді денсаулығына байланысты қабылдапты. Аймақ басшысы Бердібек САПАРБАЕВ 17-мамырда тиісті өкімге қол қойған.

Серік Тәукебаев көп іс тындырдыСенбі күні өткен қала активінің жиынында облыс Әкімі бұрынғы қала басшысына атқарған ауқымды жұмысы үшін алғыс білдірді. Серік Тәукебаев бұл қызметіне 2012 жылдың ақпан айынан бастап кіріскен-ді, оның алдында ол облыс Әкімінің орынбасары болған. Өскемендегі жаңартылған саяжайлар, аулалар, даңғылдар, әлеуметтік-мәдени нысандардың және тұрғын үйлердің құрылысы мен жаңғырту жұмыстары, Металлургтер мәдениет үйінің және «Металлург» демалыс саябағының мемлекет меншігіне қайтарылуы – мұның барлығы Серік Шәуенұлының тікелей басшылығымен және бақылауымен іске асырылған шаруалар еді. Жетпіс жастан асқан зейнеткерлердің қаладағы қоғамдық көліктерде тегін қатынап жүруі де С.Тәукебаевтың ұйғарымы бойынша қолға алынған іс.

– Серік Тәукебаев денсаулық жағдайына байланысты Өскемен қаласының әкімі қызметінен босатылды. Бұл мен үшін де оңай болған жоқ. Себебі, ол облыста да, соңғы жылдары Өскемен қаласында да өз міндетін жауапкершілікпен орындап, талап үдесінен шыға білді. Осы төрт жылдан астам уақыт ішінде Серік Шәуенұлы, өздеріңіз жақсы білесіздер, біздің облыс үшін ерен еңбек етті, әсіресе, 2009-2011 жылдары орын алған табиғат апаттары кезінде. Қала әкімі ретінде де қыруар шаруа атқарды. Айталық, облыстық мешіттің басы-қасында өзі жүрмесе, аталмыш әсем ғимарат әлі күнге дейін бітпес те еді. Өскеменнің өзге де құрылыс нысандары оның тікелей ұйымдастыруымен бой көтерді. Мен облыс басшылығының атынан Серік Шәуенұлына атқарған жұмысы үшін алғыс айтамын, – деді облыс Әкімі.

Жиында сөз алған облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Владимир Лопаткин, қалалық ақсақалдар алқасының мүшесі, әйгілі металлург Қайырбек Айжігітов, «Поколение» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Марина Соловьева, экологиялық қауіпсіздік орталығының директоры Геннадий Корешков, қалалық мәслихаттың депутаттары Өскемен қаласының бұрынғы әкімі Серік Тәукебаевқа лайықты қызметі үшін ризашылықтарын білдіріп, мықты денсаулық тіледі.

– Мен Шығыста, атап айтсам, аймақ басшысы Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ командасында еңбек еткен жылдарымды өмірімнің ең бір жарқын, ең бір елеулі кезеңі деп бағалаймын. Мен мұндағы қызметіме біраз тәжірибе жинақтаған шағымда кіріскен болатынмын, десек те осы төрт жыл ішінде сол білімім мен біліктілігім одан сайын шыңдала түсті, – деді Серік Шәуенұлы.

Бердібек САПАРБАЕВ бұрынғы әкімді ерекше еңбегі үшін медалімен және Алғыс хатпен марапаттап, оған Шығыстың көркем табиғаты бейнеленген картинаны тарту етті.

Әзірше шаһар басшысының міндетін қала әкімінің орынбасары Владимир Головатюк атқарады. Өскеменнің жаңа басшысы жуық арада тағайындалады. Жиын соңында облыс Әкімі қала басшылығы мен бөлім жетекшілеріне бірқатар тапсырмалар берді.

Атап айтсақ, азық-түлік тауарларының бағасын ырықтандыру, бейберекет көше саудасын тыю, құрылыс қарқынына күнделікті бақылау орнату, шаһар аумағын санитарлық тазалау, көгалдандыру, жолдарды жөндеу, аулалар мен көшелерді жарықтандыру, субұрқақтардың, гүлзарлар мен ескерткіштердің санын көбейту, мәдени-спорттық нысандардың жұмысын жандандыру, оқушылардың жазғы демалысын ұйымдастыру сынды қадау-қадау міндеттер жүктелді. Ең бастысы – алғашқы жартыжылдықтың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда жоғары болуы тиіс.

– Республика бойынша ең қымбат нан мен ұн Өскеменде екен, сүт өнімдері мен көкөністердің бағасы да шарықтап тұр. Сол себепті, аталмыш азық-түлік өнімдерінің бағасын ауыздықтауға күш салу керек. Қалада салынып жатқан қазақ театрының, бірқатар спорттық нысандардың, қан орталығының, мектептер мен тұрғын үйлердің құрылысын жіті қадағалау қажет, олар белгіленген мерзімінде аяқталуы тиіс. Жалпы, қаланың басшылығына күнделікті екі рет, таңертең және кешке шаһардағы маңызды құрылыс нысандарын аралап отыруды тапсырамын. Қалаға бөлінген қаржының толық көлемде игерілуін де қаперде ұстаған жөн, – деді жиынды қорытындылаған облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ.

Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button