Саясат

Сенаторлар сарбаздардың жағдайымен танысты

Сенаторлар сарбаздардың жағдайымен танысты
Облысымызға Дариға Назарбаева бастаған Парламент Сенатының Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшелері келді. Іс- сапарын аймақ басшысы Даниал Ахметовпен бірге Өскемен қаласындағы Ұлттық ұланның «Шығыс» өңірлік әскери қолбасшылығына, сонымен қатар 5518 әскери бөліміне барудан бастаған депутаттар облыстағы қарулы күштердің тыныс-тіршілігімен танысып, шекара бекемдігін байқап қайтты.
Алдымен «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының жауынгерлік басқару орталығына ат басын тіреген депутаттар аталмыш орталықтың әлеуеті мен мүмкіндіктеріне қанық болды. Бұл мекеме Шығыс Қазақстан мен Павлодар облыстарындағы қарулы күштердің іс-әрекеттерін реттеп, біріздендіруге мүмкіндік береді.
Бұдан кейін «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының 5518 әскери бөлімінде болған сенаторлар жауынгерлік қызметпен, сондай-ақ жеке құрамға жүктелетін құқық қорғау міндеттерімен жақынырақ танысты. Қонақтар назарына бөлімдегі әскери техника, қару-жарақ пен Ұлттық ұлан қамтамасыз етілген киім үлгілері ұсынылды.
Бұл ретте ресми делегацияны бастап келген Дариға Назарбаева сарбаздардың тамақтану гигиенасы мен киім-кешектерінің сапалылығына ерекше ден қойылуы керектігін атап өтті.
– Шығыс өңірінің ауа райы қандай қатал екені бәрімізге мәлім. Сол себепті сарбаздарымыз сырт киімнен бастап шұлыққа дейін ең сапалы, қыста тоңдырмайтын, жазда ыстықтатпайтын формамен қамтамасыз етілуі тиіс, – деді комитет төрайымы Дариға Назарбаева.
Іс-сапар барысында сенаторлар әскери бөлімнің лазареті, асханасы мен акт залына бас сұғып, казармалардың жағдайын өз көздерімен көріп қайтты.
Кездесуде еліміздің Ұлттық ұланының бас қолбасшысы, генерал-лейтенант Руслан Жақсылықов депутаттарға қолда бар техниканың мүмкіндігі туралы, әскери құрылымды одан әрі жетілдіру бағытында атқарылатын істер мен алдағы жоспарлар жайында егжей-тегжейлі баяндап берді. Өз кезегінде сенаторлар өңірдегі қорғаныс жүйесін күшейту мен күш құрылымдарының әлеуетін арттыру бағыттары жөнінде талқылап, қажет болған жағдайда әскерилерге Парламент тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілетініне сендірді.
– Жасыратыны жоқ, бұрын еліміздің Қарулы күштері қызметшілерінің бас ауруы баспана болатын. Былтыр Үкімет тарапынан қабылданған әскерилерді үймен қамту жөніндегі бағдарламасының арқасында бұл мәселе де шешімін тапты. Енді қызметкерлеріміз екінші деңгейлі банктерде ашылған есепшоттарына ақша аударып, сол қаражатқа кейін баспана алу мүмкіндігіне ие болуда, – дейді «Шығыс» өңірлік әскери қолбасшылығы қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары, полковник Ниязтай Әлкешев.
Айта кетейік, бүгінде «Шығыс» ӨӘҚ-ның құрамында бес мыңға жуық әскери қызметші бар болса, оның шамамен 40 пайызы келісімшарт бойынша жұмыс істейтіндер мен офицерлер екен. Бүгінде солардың кем дегенде 25 пайызы банктерден есепшот ашып үлгеріпті.

Нұржан Кенжеұлы

Осы айдарда

Back to top button