Біле жүріңіз

Семейдегі сәтті сапар

Жер кіндігі Жидебайға барған сапарымнан сәтті жеңіс, тәтті естелік қалды. Сол бір жайдарлы шақты жазбаға айналдырып, оны оқырманға ұсынуды жөн көрдім.

Осы жылдың 29-қазанын мен асыға күттім. Өйткені дәл сол күні Жарқын, Қизат ұстаздарыммен және дарындық досым Аяулыммен бірге Семей шаһарына жол тарттық. Сапарымыздың басты мақсаты – сайысқа қатысып, Семей елін көріп қайту. Сол сайысқа Жарқын ұстаз дарынды оқушылардың арасынан іріктеуді өзі жасап,  «үздік»  деген екі оқушыны таңдап алды. Оның бірі менен бір сынып жоғары оқитын Аяулым еді.

Алдымен қасиетті Семей жеріне табан тіреп, одан әрі сөз додасы өтетін Қарауылдағы Абай атындағы мектеп гимназиясына жол тарттық. Межеге кешқұрым жеттік. Додаға түсуге келген жүйріктермен бірге кешкі асымызды іштік. Тап сонда ғана  қарсыластарымызды жүзбе-жүз көріп таңырқадық. Олардың бәрі бірінен-бірі озар жүйріктер екен. Келесі күн сайыс басталды. Абай мектеп-гимназиясында өтетін бұл жарыстың  кіл мықтыларын анықтау үшін өз саласының үздік майталмандары жиналып, қазылар алқасы төреліктерін айтуға оқталып тұр. Айтулы сағат жақындағанға дейін Аяулым екеуміздің қобалжуымыз басылмады. Сонда да  Абай хакімнің сөзін жадымызға сақтап: «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, Еңбегің мен ақылың екі жақтап»  деп, тәуекелге бел байлап, сеніммен басқа қатысушылардың жанына отырдық. Тартысты сайыстың ашылу салтанаты да есте қаларлықтай концертпен басталды. Өнерлі оқушылар бірінен кейін бірі шығып,  Абай шығармаларын орындап, сәл де болсын қобалжып отырған қатысушылардың көңілін аулады. Ары қарай жеребе бойынша жұптасып, реттік санымызбен сайысқа түстік. Мен екінші болып шықтым. Әрине, «бәрінен де шаршы топта сөз бастау қиын»  деп  шешендеріміз айтқандай,  топқа екінші болып шығу қобалжытса да, «ең әуелі шығып бой көрсету жақсы ғой, кейін алаңсыз отырармын»  деп өзімді жұбатып, сахнаға беттедім. Дайындалғаным бойынша, барынша білімімді көрсетуге ұмтылып, соңында мақсатыма жеттім. Көрерменге де,  төрешілерге де ұнап, оң бағаларын берді. Десе де,  «барлық адам мінсіз болмас» демекші, сын естіп те үлгердім. Ол сын тікелей киген киіміме қатысты болатын. Маған «ұлттық нақышта киім ки» деп ұсыныс жасады. Өйткені шешендік сайыстың басты мақсаты – бабадан қалған асыл мұраны тек сөзбен емес, әрекетпен де көрсету. Оның бірден бір жолы осындай шараларға ұлттық киімді киіп келу еді. Енді есімде сақталатын болады дегендей, айтылған пікірге басымды изеп, орныма отырдым. Осылайша сайыс нәтижесінде мен 1-орын, ал Аяулым 2-орынды қанжығаға байладық. Кеудемізді қуаныш кернеп, отбасымызға шүйіншілі жаңалықты жеткізіп тастадық.

Жарыс біте салысымен, Жидебай жеріне қадам басып,  Абай жүрген жермен жүріп, сөзбен айтып жеткізе алмас сезімге бөлендік. Тіптен, заңғар жазушы Мұхтар Әуезов мұражайына да кіріп, ең алғашқы «Абай жолының» түпнұсқасын көзімізбен көрдік. Абай мұражайындағы ақынның жұмыс үстелін көріп, тағы да сол әлемге енгендей күй кештім. Өзім әдебиетке, жазушылыққа қызығатын болған соң бөлек әсер еткен тұсы да осы болған еді. Осы ғажап сапар үшін ұстаздарыма алғыс айтамын. Әлі де осындай тағылымы мол  сайыстар көбейе берсін!

Бақзада Әбдіманапқызы,

«Ділмар» үйірмесінің мүшесі

Осы айдарда

Back to top button