Семейдегі колледж ғимараты ешкімге берілмейді
Облыс әкімі Даниал Ахметов жұмыс сапарымен Семейде және Бесқарағай ауданында болды.
Семей қаласында аймақ басшысының қатысуымен шаһардың әлеуметтік мәселелері қаралған жиын өтті. Онда облыс әкімі алдағы шілдеден бастап қалада «Сергек» жүйесі іске қосылатынын хабарлады. Мердігер мекеме – «Көркем Телеком» серіктестігі.
– Маусым айында жұмыстың басым бөлігін аяқтаймыз, бұл – көше, жол кешендері, жалпы бейнебақылау камералары. Қазір 12 жол кешені орнатылған, бәрі жұмыс істеп тұр. Сервер және мәліметтерді өңдеу орталығы орналасатын орынжай жөнделіп жатыр. Қажетті жерлерге 74 бейнекамера орнатылды. Жұмыс кестеге сай жүріп жатыр. Камераларды сынақтан өткізе бастадық, – деді «Сергек» жобасының авторы Әсет Ахметов.
Өңір басшысы жобаның тиімділігін, «Сергек» жүйесінің автобус маршруттары бағдарламасымен үйлестірілгенін атап өтті.
Сондай-ақ жиында облыс әкімі Даниал Ахметов қаладағы колледж ғимараттарын мемлекеттік мекемелерге беру жөніндегі мәселеге орай түсінік берді.
– Мен мемлекеттік ұйымдарды орналастыру үшін осындағы колледждердің ғимараты босатылады екен деген қауесетті естідім. Бұл – жалған сөз. Бірде-бір мектеп, бірде-бір колледж ғимараты берілмейді. Қалада бос тұрған орынжайлар жеткілікті. Бизнестің өзі орналастыру үшін 37 мың шаршы метр алаң бере алады. Болашақ Абай облысында құрылатын 96 ұйымды орналастыру үшін ауқымды алаңдар қажет, – деді Даниал Ахметов.
Естеріңізге сала кетсек, 12 сәуір күні Семейдегі Геодезия және картография колледжінің студенттері оқу корпустарын жаңадан құрылып жатқан Абай облысының мемлекеттік мекемелеріне босатып бергелі жатыр екен деген қауесетті естіп, наразылық білдірген. Алайда облыстық білім басқармасының басшысы Сайрангүл Жұмаділова да бұл ақпараттың шындықтың ауылынан алыс екенін жеткізген.
– Білім басқармасы Абай облысының құрылуына байланысты колледждің материалдық-техникалық базасына сараптама жүргізіп жатыр. Сыбыстың шығуына осы жайт себеп болған шығар. Колледжді жабу немесе оны басқа колледжге қосу жөнінде мәселе қарастырылып жатқан жоқ, – деп түсіндірген басқарма басшысы.
Семейлік студенттерді дүрліктірген мәселенің нүктесін облыс әкімі Даниал Ахметов өзі қойды. Енді бұған қатысты ешқандай проблема болмауы керек.
Оқушылар жүз пайыз вакцина алған
Бесқарағайда аймақ басшысы аудан әкімнің есебін тыңдап, жергілікті тұрғындармен кездесті.
Былтыр аудан әлеуметтік бағдарламаларды іске асыруда қарқынды даму динамикасын көрсетті. Аудан өңірімізде пандемияны бірінші болып жеңгендер қатарында, халықтың басым бөлігі, оның ішінде мектеп оқушылары жүз пайыз вакцина және ревакцинация алған.
Алдағы уақытта Жыланды ауылында 80 орындық, Бесқарағай ауылында 300 орындық мектеп салынады. Қазір балалар бұрынғы балабақша ғимаратында оқып жүр, мектепке дейінгі мекемеге кезекте 200 адам тұр. Осылайша, мектеп құрылысы бірден екі әлеуметтік мәселені шешеді.
– Бесқарағайдың 37 көпбалалы отбасы «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы аясында баспанаға ие болды, енді осы шағын ауданды сумен қамтимыз. Сондай-ақ балалар мен спорт алаңдарын орнату, жарықтандыру, абаттандыру бойынша жобалар іске асады. Канонерка ауылындағы клуб ғимаратын комиссия тексеріп, оны жөндеу немесе жаңасын салу туралы шешім қабылдайды. Орманшылардың өтініші бойынша іркіліс болмауы үшін электр желілерін күшейтеміз, – деді облыс әкімі.
Ержан Кеңесұлы