Семейдегі мәселелер шешімін тауып жатыр
Бірнеше жылдан бері Семейдегі Ұшақтар және Комсомол шағын аудандарының тұрғындары қарапайым ғана өркениет элементтері – электр жүйесі мен су құбыры желісінің болмағанын айтып шағымданып келген. Енді бұл проблемалар шешілді.
Бүгінгі күні аталған шағын аудандарда электрмен және сумен қамту бағдарламасы іске асырылды. Барлығы 1,2 миллионнан астам теңге жұмсалған жоба екі жылда толық аяқталды. Тұрғын үйлер электр жүйесіне қосылды.
Ұшақтар шағын ауданында бүгінде жаңа электр жүйесіне 117 үй қосылды. Дәл осындай жұмыстар Комсомол кентінде де жүргізілуде. Енді тұрғындарға техникалық шарттар үшін ШҚ АЭС-ке хабарласып, қосылуға өтінімдер беріп, «Шығысэнерготрейд» ЖШС-да дербес шот ашуды тездетіп жүргізу керек.
Сумен жабдықтау да дәл осы жүйе арқылы жүзеге асырылады. Бүгін барлық учаскелерге су құбыры тартылған. Учаске иелері техникалық шарттар алуға және суды қосуға «Водоканал» кәсіпорнына хабарласуы қажет. Электрмен қамтамасыз ету жүйесі өткен жылы аяқталуы қажет болған, алайда электр және сумен жабдықтау жүйелерін жүктеуге байланысты аталған жобаны іске асыруда бірқатар өзгерістер енгізуге тура келген. Бүгінгі таңда барлығы жан-жақты реттелген, нысандар пайдаланылуда.
– Алдағы уақытта аталған шағын аудандарда жол жөнделіп, көше жарықтандырылады. Қазір жол жөндеу мен жарық шамдар орнатудың жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп жатыр. Жоба жұмысын 2021 жылы бастауды жоспарлап отырмыз, – дейді Семей қаласы әкімінің орынбасары Николай Ушаков.
Жалпы, Семейде көшелерді жарықтандыру мәселесі шешілуде. Николай Ушаковтың айтуынша, аталған проблеманы шешу үшін белсенді жұмыс жүргізілуде. 25 қазанда Еуропа қайта құру және даму банкімен жасалған келісім шеңберінде қалада көше жарықтарын қалпына келтіру және жаңғырту бағдарламасы басталды. Қалада жаңа жарық нүктелері орнатылып, 120 шақырымнан астам электр желісі тартылады. Ішінара 600-дей бағана ауыстырылады. Сонымен қатар тұрғындардың ұсынысы бойынша қосымша Морозов, Қаржаубайұлы және тағы да басқа жарығы жоқ көшелерге шамдар орнатылады. Бүгінге дейін Бозтаев көшесі жарықтандырылды.
– Осы жобаны біз 2021 жылдың маусымында аяқтауды жоспарлап отырмыз. Жаңадан жарық нүктелерін орнатамыз, бұл 7600 шам, олардың әрқайсысы ауыстырылады. Иә, қала тұрғындары тарапынан шағымдар болды, біз оның бәрін ескереміз. Шағымдары орынды, өйткені қала көшелері 50-60% шамасында ғана жарықпен қамтылған. Осыған байланысты біз осы мәселені шешеміз. Қосымша шамдарды екінші қайтара пайдаланатын боламыз. Қазір біз шешіп алған, одан ары пайдалануға жарамды шамдарды екінші қайтара жарық болмаған көшелерді жарықтандыруға пайдаланамыз, – дейді Николай Ушаков.
Жобаны іске асырумен «Горсвет» ЖШС айналысады. Желіде жеті бригада жұмыс істеуде. Еуропа қайта құру және даму банкімен ынтымақтастық шеңберінде қалаға 575 данада шам әкелінді, 10 күннен кейін тағы да 1800 дана жеткізіледі. Биыл Водный кентін, жекелеген көшелерді жарықпен қамтамасыз ету жоспарда бар. Аталған аудандағы жұмыс ағымдағы жылдың қараша айында аяқталады. Жалпы алғанда, көше жарықтарын жаңғырту жөніндегі жобаны келер жылы аяқтау жоспарлануда. Жарықпен қаланың 136 көшесі қамтылады.
Сонымен қатар Семейде ұзақ жылдар бойы жұртшылықты мазалап жүрген басқа да проблемалар шешілуде. Биыл Ертіс өзенінің түбімен өтіп жатқан дюкерлерді алмастыру жұмысы аяқталды.
Жиырма жыл бойы Семейде ыстық сумен жабдықтау жүйесі болмады. Енді міне, облыс әкімінің қолдауымен қаладағы екі ірі қуат көзі – ЖЭО-1 мен РК-1 қайта қалпына келтіріліп, жаңғыртылды. Соның арқасында жаз мезгілінде ыстық су беруде жаңа турбогенераторды пайдалануға мүмкіндік туды. Екі жылдан бері қаладағы тұрғын үйлерге қысы-жазы ыстық, суық су келіп тұр. Ұзақ жылдар бойы қордаланған жолдың мәселесі баяу болса да оң шешімін табуда. Үш жыл ішінде қалада 100 шақырымнан артық жолға асфальт төселді.
Дамытудың кешенді жоспары шеңберінде көпқабатты тұрғын үйлердің де аулалары көркейтілуде. Қала әкімінің орынбасары хабарлағандай, жыл сайын ішкі аулалық жүйені қайта қалпына келтіруге, яғни кіші архитектуралық формадағы балалардың ойын алаңдарына миллиард теңгеден бөлу жоспарланады. Сонымен қатар Абайдың 175 жылдық мерейтойына орай еліміздің өзге аймақтарынан да көмектер көрсетілді. Жекелей алғанда, ойшылдың мерейтойына сыйлық ретінде Түркістан облысы жаңа мешіт ауданын көркейтіп берсе, Алматы облысы Селевин көшесінен Ет комбинатына дейін созылған «Абай жолы» даңғылын сыйға тартты. Қазіргі уақытта даңғыл қала тұрғындарының сүйікті демалыс орнына айналды.
Семейде жеке тұрғын үй құрылысы қарқынды дамуда. Қала бойынша 13 мың жер телімі бөлінді, болашақта тұрғындар алатын жерлерде барлық инфрақұрылым тартылады.
Келер жылы Ақсай ауданында да барлық өркениет элементтері жүргізілетін болады. Сонымен қатар Қарағайлы шағын ауданында көпқабатты тұрғын үй қоры қарқынды дамуда. Қалалықтар «Бақытты отбасы» және «Шаңырақ» тұрғын үй бағдарламалары арқылы баспана алып жатыр. Аталған бағыт бойынша жұмыстар ары қарай жалғасады.
Флора Левина