Семейде жедел жәрдем көліктері құрастырылады
Желтоқсан айының 17-20 аралығында облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ бастаған делегация Корея Республикасына ресми сапармен барып қайтты. Сапар барысында шығысқазақстандық делегация Канвандо провинциясының губернаторы Чой Мун Сунмен, сонымен қатар осы аймақтағы белді компания жетекшілерімен кездесті.
Облысымыздың және Чхунчхон қаласы кәсіпкерлері бірқатар әлеуметтік маңызы бар жобаларды бірлесіп жүзеге асыруға уәделесті. Сондай бірегей жобалардың бірі – Семей қаласындағы «СемАЗ» зауыты базасында өңіріміздегі денсаулық сақтау мекемелері үшін жедел жәрдем көліктерін құрастыру. Алдағы уақытта корейлік әріптестер өнеркәсіптің басқа да саласында ынтымақтаса жұмыс істеуге ықылас танытты.
Сонымен қатар Чхунчхон қаласы басшылығымен облыстық аппараттар қызметкерлері және медицина мамандарын тәжірибе алмасудан өткізу жөнінде де келісімдер жасалып, губерния өкілдері қысқы олимпиадалық ойындарды өткізу шаралары бойынша да іс-тәжірибелерімен бөлісті.
Сеул қаласында ірі индустриялық компаниялардың жетекшілерімен инновациялық «жасыл» технологияны пайдалану арқылы қуат көздерін өндіру, Алтай балы негізінде азық-түлік өнімдерін шығару, марал пантысын қайта өңдейтін зауыт құрылысы мен облыс аумағында гидроэлектр станцияларын салу туралы көптеген маңызды келісімдерге қол жеткізілді. Осынау келісімдердің нәтижесінде облыс әкімдігі мен оңтүстіккореялық “HKdfc., LTD” және “Kntechkorea Co., LTD” компанияларының арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.