Саясат

Сексеннен астам делегат Астанаға аттанды

Ертең Елордада Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ қатысуымен «Жас Отан» жастар қанатының республикалық екінші съезі басталады. Кеше облыстың атынан баратын 88 делегат аталмыш құрылтайға аттанып кетті.

Сексеннен астам делегат Астанаға аттандыОлар еліміздің бүкіл өңірлерінен жиналған белсенді жастардың арасында облысымыздың бет-беделін асырып, қабылданатын жастар саясатының 2020 жылға дейінгі стратегиясына өз үндерін қоспақ.

Съезд делегаты, облыстық ішкі саясат басқармасы жанындағы жастар бастамаларын дамыту орталығының директоры Арайлым Есімбекова бұл съезд соңғы жылдары елімізде жастар саясатына ерекше көңіл бөлініп келе жатқанының айқын көрінісі деп есептейді.

– Біздің облыстан да нағыз белсенді жастардан жасақталған делегация қатыспақ. Біздің делегация съезге қатысушы ұжымдардың ішіндегі ең белсендісі болады деген ойдамыз. Делегация құрамында съезде сөз сөйлеп, облыстың тәжірибесін, өңір жастарының тың ойларын ұсынатын жастар кетіп барады. Дәл осындай құрам бізді Семейде күтіп тұр, – дейді ол.

Екі автобус көлігіне лықа толған жастарды Республика алаңындағы Абай ескерткішінің алдына жиналған топ кернейлетіп-сырнайлатып, ақ тілектерін айтып, шығарып салды.

Есімжан Нақтыбайұлы

Осы айдарда

Back to top button