Саясат

Сайлауалды бағдарламаларымен таныстырды

Сайлауалды бағдарламаларымен таныстырды
Сайлауалды үгіт-насихаты барысындаел президенттігіне үміткерлер мен олардың сенімді тұлғаларыреспублика өңірлерінде өткізген кездесулерінде азаматтарды саяси науқаннан қалыс қалмай, ел келешегі үшін дауыс беруге біркісідей қатысуға үндеуде.

«Ақ жол» демократиялық партиясы атынан президенттікке үміткер Дания Еспаеваның сайлауалды штабы Қарағанды өңірінде кездесу өткізді. Іс-шараға партия төрағасы Азат Перуашев, Мәжіліс депутаты Ерлан Барлыбаев, партия төрағасының орынбасары Дмитрий Васильев қатысты.

Кездесу барысында қарағандылық кәсіпкерлер Дания Еспаеваның сайлауалды бағдарламасымен танысып, өз ойларымен бөлісті. Жиында елдегі шағын және орта бизнесті дамыту, кәсіпкерлікті қолдау және салықты азайту секілді мәселелер қозғалды. Кәсіпкерлер аймақтағы жеке бизнестің ахуалын айтып түсіндірді.

Осы күні «ақжолдықтар» президенттікке үміткер Дания Еспаеваның сайлауалды бағдарламасын Қарағанды турбомеханикалық зауытында да таныстырды.
Зауыт жұмысшыларымен кездесу барысында «ақжолдықтар» отандық бизнесті қолдау, ішкі нарықта қазақстандық кәсіпорындарға басымдық беру туралы өз ойларымен бөлісті. Сайлауалды штаб мүшелері көпшілікті мазалаған сұрақтарға жауап берді.

***

Қазақстан өңдеу өнеркәсібіндегі әлеуетін толық пайдалана алмай отыр. Қазір ауыл шаруашылығы өнімдерінің тек 30 пайызға жуығы ғана өңделеді. Ал егер осы бағытты жандандыратын болсақ, әр ауылда кемінде бір өңдеу цехы жұмыс істеп тұрар еді. Төлеутай Рақымбеков бағдарламасындағы осы және өзге де тетіктер Семей өңірінде қызу талқыланды.

Семейдегі ұн-құрама жем зауыты ауылдардан шикізатты жинап, айына 15 мың тонна дайын өнім шығарады. Төлеутай Рақымбеков бағдарламасын таныстыруға дәл осы жердің таңдалуы да бекер емес. Өйткені «Ауыл» партиясының үміткері осындай кәсіпорындардың мәселесін жиі көтеріп, оны оңтайлы шешудің жолдарын ұсынады.

«Тағы бір өзекті мәселе. Осындай ірі қаладағы кәсіпорындарға басымдық беріледі де, шалғай ауылдардағы қожалықтар назардан тыс қалып қойып жатады. Ал ауыл шаруашылығын экономиканың драйверіне айналдырамыз десек, ең алдымен сол шағын қожалықтарды көтеру керек» деп есептейді Төлеутай Рақымбеков.

***

Президенттікке кандидат Амангелді Таспиховтың үгіт-насихат тобының мүшелері Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданындағы еңбек ұжымдарымен кездесу өткізді.

Үміткердің сенім білдірген тұлғалары жұртшылыққа Амангелді Таспиховтың сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарын түсіндірді. Олардың ең бастысы – еңбек адамының мүддесін қорғау.

Тұрғындармен жүздесу барысында Амангелді Таспиховтың өкілдері өндірістегі қауіпсіздік техникасын сақтау қажеттігі турасында сөз етті.
Кәсіподақ ұйымдарының мәліметтері бойынша, жыл сайын отандық кәсіпорындарда 1,5 мыңнан астам адам жарақат алады екен.

***

Қызылордада ҚКХП облыстық сайлауалды штаб жетекшісі Т. Телеубаев және партия белсенділері Қызылорда облыстық медицина орталығында медицина қызметкерлерімен кездесу өткізді. Ең алдымен облыстық штаб жетекшісі орталықтың ұжымымен және қызметімен танысты.

Т.Телеубаев үміткер атынан ҚКХП-ның Парламенті Мәжілісінде мемлекеттік деңгейде жұмысшы таптың мүддесін қорғау мүмкіндігі бар екенін айтты. Партия өкілдеріәлеуметтік-экономикалық сипаттағы мәселелерді көтереді, соның ішінде депутаттардың медицина саласына қатысты көтерген мәселелері ерекше аталып өтілді.

КейінТ.Телеубаев сайлауалды тұғырнаманың негізгі бағыт-бағдарына тоқталды. Ол елдегі кедейшіліктің шынайы деңгейін қайтасанау керектігін және бұл құбылысты өзекті әлеуметтік мәселе деп тану қажеттігін атап өтті.

***

Президенттікке кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевтың республикалық қоғамдық штабының мүшелері Батыс Қазақстан облысына келді. Штаб мүшелері алдымен «БатысҚазақстан машина жасау компаниясы» АҚ-ның еңбек ұжымымен кездесті.

Іс-шара барысында Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасының басты қағидалары, ондағы халықтың әлеуметтік әл-ауқатын арттыруға арналған басымдықтар және отандық өндірісті дамытуға бағытталған нақты міндеттер жайында айтылды.

–Қасым-Жомарт Тоқаевтың негізгі ұстанымдарының бірі Елбасы саясатын әрі қарай жалғастырып, елдегі ірі өнер кәсіпорындарын дамыту. Сол арқылы біздің кандидат экономикамыздың мұнай-газ саласына тәуелділіктен арылуын кезең-кезеңмен жүзеге асыруды көздеп отыр, – деді республикалық қоғамдық штабтың мүшесі Бақтықожа Ізмұхамбетов.

***

Әміржан Қосановтың сайлауалды штабының мүшелері Нұр-Сұлтан қаласында үгіт-насихат жұмыстарын жалғастырды, сонымен қатар«Сайлаушымен кездесу» науқанын ұйымдастырды.Абай көшесі және Республика даңғылында орналасқан үйлердің аулаларын аралап, сайлаушыларғаүгіт-насихат материалдарын таратты.

Тұрғындар кандидаттың сайлауалды тұғырнамасының бағыттарымен танысып, халықтың әлеуметтік мәселелерін шешу бойынша өз ұсыныстарын білдірді.
Аталған шара үміткерді қолдаушы жастардың азаматтық белсенділігінің соңғы көрінісі емес, іс-шаралар бүкіл ел бойынша жүріп жатыр.

***
Президенттікке кандидат Сәдібек Түгелдің сайлауалды штабының өкілдері Шығыс Қазақстандағы кітапханалардың бірінде оқырмандармен және кітапханашылармен кездесті. Жиналғандарға сайлауалды тұғырнамасы жан-жақты түсіндірілді. Оның бір бағыты – қазақ халқының бірегейлігін сақтау.
–Қоғам, әсіресе жастар рухани тоқырамауы тиіс. Жас ұрпақ жан-жақты сау болуы керек. Біз бүгін жиналғандарға кандидаттың сайлауалды тұғырнамасын толық ұсындық, – дейді кандидаттың сенімді кілі Салтанат Құмарова.

Сәдібек Түгел өскелең ұрпақ ұлттық салт-дәстүрлерді мектеп қабырғасынан білуі тиіс деп санайды. «Ұлы дала қырандары» қоғамдық қозғалысы өкілінің бүкіл тұғырнамасы жастар тәрбиесіне арналған.

Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button