Саясат

Сайлау заңнамасындағы жаңашылдықтар түсіндірілді

Сайлау заңнамасындағы жаңашылдықтар түсіндірілді


Облыс орталығында арнайы өткен семинар барысында өңірдегі жоғары оқу орындарындағы жастар ісі комитеттерінің төрағаларына, жастар ресурстық орталықтарының, ұйымдарының жетекшілеріне, жастар мәслихатының депутаттарына сайлау заңнамасындағы жаңалықтар мен өзгешеліктер түсіндіріліп, сайлауалды кезеңде әлеуметтік желілерде қалай дұрыс жұмыс істеу керектігі, сонымен қатар сайлау кезінде сауатты дауыс беру жайы жан-жақты айтылды.

Аталған семинар әсіресе биыл кәмелеттік жасқа толып, тұңғыш рет дауыс бергелі отырған жастар үшін аса пайдалы болғаны анық. Семинарды ұйымдастырушылар мұндай кездесулер студент жастардың құқықтық сауаттылығын жоғарылатып қана қоймай, олардың сайлау кезіндегі белсенділігін де арттырмақ. Сондай-ақ жастардың бойында сайлауға қатысып, өз таңдауын жасауға деген нақты сенім де пайда болады.

Өскемен қалалық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Фархад Құрманов семинарға жиналған белсенді жастарды 2019 жылдың 9 маусымына белгіленген Президент сайлауын өткізу және оған дайындық бойынша негізгі шаралардың бекітілген күнтізбелік жоспарымен таныстырды.

– 28 сәуірге дейін Орталық сайлау комиссиясы Президенттікке кандидаттардан өтініштерді қабылдады. 1 мамырда барлық сайлау учаскесі ашылды, 13 мамырдан бастап учаскелік сайлау комиссиялары толық құрамда жұмысын бастайды. Ал 20 мамырда учаскелік комиссиялар сайлаушылардың тізімін алатын болады. Сондықтан 23 мамырдан бастап әрқайсыларыңыз өздеріңіздің сайлау учаскелеріңізге барып, өзіңіз жайлы мәліметтердің сайлау тізімінде барлығын тексере аласыздар. Барлықтарыңызды ағымдағы 9 маусымда бір кісідей сайлауға барып, лайықты кандидатқа дауыстарыңызды беруге шақырамын, – деді Фархад Құрманов.

Басқосуда сайлау заңнамасына енгізілген жаңалықтар мен өзгешеліктер турасында Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының облыстық филиалының аға оқытушысы Ерсұлтан Кеңесбеков жастарға ұғынықты тілмен нақты баяндап өтті.

Мәселен, жастардың көпшілігі әлеуметтік желілердегі өз парақшаларында президенттікке үміткерлердің қайсысы сайлауда жеңіске жететіндігі туралы өз бетімен сауалнама жүргізетін болса, ол үшін заңға тартылатындықтарын білмейтін болып шықты.

– Заңнамаға енгізілген өзгерістерге сәйкес, мұндай сауалнаманы тек қоғамдық бірлестіктер, яғни осы қызметпен бес жыл көлемінде айналысып жүрген заңды тұлғалар ғана жүргізе алады. Егер мұны сіздер мен біздер сияқты қарапайым адамдар жүргізетін болсақ, оған әкімшілік жауапкершілік қарастырылған, – дейді Ерсұлтан Кеңесбеков.

Облыс бойынша «Қазақстан – 2050» жалпыұлттық қозғалысының үйлестірушісі, Өскемен қалалық мәслихатының депутаты Юлия Миронова жиналғандр алдында 2017 жылы өткен жастар мәслихаты сайлауындағы тәжірибесімен бөлісті.

– Биыл көптеген жас 9 маусымда алғаш рет дауыс бермек. Бұл – олар үшін өте жауапты қадам, – дейді ол.

Семинар барысында қатысушы жастар сайлау рәсімінің барлық кезеңіне қатысты толыққанды ақпарат алды. Мысалы, оларға сайлау күні өзімен бірге жеке төлқұжатын алып жүру керектігі, қалаға аудандардан келген студенттер қайда дауыс беретіндігі, дауыс беру үшін бекіту талонын қалай алуға болатындығы, тіпті жасырын дауыс беру кабинкалары не үшін қойылатындығы да тәптіштеп түсіндірілді. Өз кезегінде олар алынған ақпараттарды жастар, студенттер ортасында тарататын болады.

Дәурен Аллабергенұлы

Осы айдарда

Back to top button