Саясат

Саяси күштер жұмыла жұмыс істеуі тиіс

Кеше облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ саяси партиялар мен қоғамдық-саяси бірлестіктердің облыстық филиал жетекшілерімен кездесті. Кездесуде Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ «Қазақстан – 2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауын насихаттау, оның негізгі бағыттарын жүзеге асыру жолдары талқыланды.

Саяси күштер жұмыла жұмыс істеуі тиісУақыт өткен сайын саяси партиялардың да белсенділігі артып, олардың аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуында маңызы артып отыр. Бүгінде облыс көлемінде тоғыз саяси партияның филиалдары жұмыс істеуде. Олардың төртеуінің облыстық, қалалық және аудандық мәслихаттарда өз өкілдері бар.

Атап айтар болсақ, «Нұр Отан» ХДП-дан басқа «Ақ жол» және «Ауыл» партиялары мен Қазақстан коммунистік халық партиясының өкілдері аймақтың саяси-экономикалық дамуына өз үлестерін қосуға тырысуда. Бұдан бөлек саяси партиялардың өкілдері облыстық қоғамдық кеңестің құрамына енгізіліп, «Саяси клуб» ашық диалог алаңы жұмысының жандануы, партиялардың филиал жетекшілерінің маңызды қоғамдық-саяси шараларға белсене қатыстырылуы жергілікті деңгейде шешім шығаруда партия бөлімшелерінің рөлі артқанын көрсетеді. Барлық аудан, қалаларда филиалдарын ашуға мүмкіндік алған саяси партиялар болашақта қоғамдық қабылдаулар өткізу арқылы елге жақындай түсуі қажет. Бұл тұрғыда «Нұр Отан» ХДП филиалы жүйелі жұмыс жүргізуде.

Республикалық, ведомстволық және аймақтық бағдарламалардың жүзеге асуын қадағалау ісінде де саяси партиялардың қоғамдық қадағалауды қамтамасыз етудегі орны ерекше. Облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ осы жөнінде айта келіп, жиынға қатысушыларды Елбасы Жолдауының негізгі бағыттарын жүзеге асырудың жолдары жөнінде ұсыныстар беруге шақырды.

«Нұр Отан» ХДП облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Түсіпхан Түсіпбеков елімізде көппартиялы Парламенттің құрылуы саяси партиялардың бірлесе жұмыс істеуіне ықпал еткенін жеткізді. Облыста құрылған «Саяси клуб» даулы мәселелерді бірлесе талқылап, ортақ шешімге келудің бірден-бір жолына айналып отыр. Жуықта ғана өткен осындай басқосуда облыс орталығының экологиялық жағдайына қатысты мәселелер өткір қойылып, талқыға түскен. Сол басқосудың шешіміне сәйкес кәсіпорындармен, бұқаралық ақпарат құралдарымен аталмыш мәселе бойынша жұмыстар жүргізіліп отырғанын айтады Т.Түсіпбеков. Партия филиалы өткізіп келе жатқан қоғамдық қабылдаулар елмен жақындастырып отыр.

Биыл облыс бойынша 284 депутат бекітілген кесте бойынша қоғамдық қабылдаулар өткізіп, елдің мұң-мұқтажына, ұсыныс-тілегіне құлақ түрмек. Осыған дейін өткен қабылдауларда халықтың ең көп көтерген мәселелері баспана, медициналық қызмет көрсету, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық салаларына қатысты болған. Партия филиалына келіп түскен барлық арыз-шағымдар мазмұнына қарай іріктеліп, тиісті басқармалар мен департамент басшыларына жолданған.

Қазақстан коммунистік халық партиясы облыстық комитетінің бірінші хатшысы Елена Агешкина Елбасы ұсынған «Қазақстан – 2050» Стратегиясын өздері қолдайтынын мәлімдей келе, бұл маңызды құжатта коммунистік партияның да ұстанымдары қамтылғанын атап өтті. Қазақстан коммунистік халық партиясы елде әлеуметтік теңдік орнауы үшін бағаны реттеу тетігін мемлекет қолға алу керек деп есептейді. 2007 жылдан бері қоғамның «өзін-өзі жұмыспен қамтушы» деп аталып жүрген тобымен жұмыс істеп келе жатқан партияның өкілі еңбек қатынасындағы кемшіліктерді жою мақсатында жаңа Еңбек кодексін қабылдау жөнінде ұсыныс жасады. Аталмыш партия өкілі мамандардың біліктілігін арттыру жолында аға буын мен жас толқынның арасында тәлімгерлік қатынасты жаңғырту керек деп есептейтіндерін баяндады.

«Ақ жол» демократиялық партиясының Семей қалалық филиалының төрағасы Орынбек Сәрсенбин «Алаш» үкіметінің 100 жылдық мерейтойы 2017 жылға дөп келетінін еске салып, осы мерейтойға дайындықты қазірден бастап кету керектігін айтты. Қаладағы алашордашылар мен олардың жақындары азап шеккен орындарға белгі қойылмай отырғанына қынжылыс білдірген Орынбек Сәрсенбин ұлт перзенттеріне арнап ескерткіш орнатып, «Алаш» аллеясын ашуды ұсынды. Көшелердің орынсыз атаулары да сынға алынды.

Оның айтуынша, Семейде соңғы жиырма жыл көлемінде бар-жоғы 70-ке жуық қана көшеге мемлекеттілікке сай атаулар берілген. Алаш руханиятының астанасы саналатын Семейде әлі күнге дейін Ленин атындағы көше бар болуы намысқа сын екені де айтылды. Осы іспеттес қадау-қадау мәселелерді қозғаған демократиялық партия өкілі «Қазақстан – 2050» Стратегиясын жүзеге асыруда бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара әрекет етуге дайын екендіктерін мәлімдеді.

Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның өкілі Майра Әбенова бүгінгі басқосудың тиімді екенін жеткізді. Ол сайлау учаскелеріне тіркелуді қарапайым жүйеге көшіру, ондағы жауапты мамандардың заңды білуіне назар аудару жөнінде ұсыныстар айтты. Сондай-ақ, Майра Әбенова аймақта жабылатын колледж түлектерінің тағдырына алаңдаушылық білдірді. Социал-демократиялық партия өкілі балалар үйінің түлектерін асырап алуға шақырудан гөрі қазақтың жетімін жылатпайтын салтын жаңғыртуды да ұсынды.

«Поколение» қоғамдық бірлестігінің облыстық филиал төрайымы Мария Соловьева Елбасы Жолдауын жүзеге асыру мақсатында облыста жаңа өнеркәсіп орындарының ашыла бастауына оң баға бере келе, жұмыспен қамту мәселесінде нәзік жандыларға көбірек көңіл бөлініп, олардың жұмыс істеуіне қолайлы жеңіл өнеркәсіп ошақтарын жаңғырту керек деген ойын айтты. Черемшанка құс фабрикасын аяқтан тұрғызу, коммуналдық қызметті мемлекет қарамағына алу, барлық зейнеткерлерге экологиялық жеңілдіктер қарастыру сынды мәселелер де бірлестік басшысының назарынан тыс қалмапты.

«Ұлт тағдыры» қозғалысының өкілі Абай Қасенов әлеуметтің әлеуетін арттыруға бағытталған бағдарламалардың толықтай қарқын алмай жатуына елді ақпараттандыру қажетті деңгейде еместігіне, көптеген құқықтық мәселелер заңды білмеуден орын алатынына көзі жеткенін айтты.

– Барлық айтылған ұсыныс-тілектер орындалуы үшін экономикамыз жақсы дамуы тиіс. Ал ол үшін барлық саяси күштер жұмыла жұмыс істеуі қажет. Маман біліктілігін арттыруда тәлімгерлікті дамыту керек деген ұсыныстарыңыз орынды. Жаз шыға студенттік құрылыс жасақтары іске кіріседі. Сол кезде бұрынғы еңбек жасақтарының жетекшілерімен кездесулер өткізіп, бұл істі осы бағыттан бастайтын боламыз. Өзін-өзі жұмыспен қамтушылар мәселесі де бізге жақсы таныс. Халықтың 30 пайызы осы санатқа жататындықтан, «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасына үлкен көңіл бөліп, «Жол картасы» бағдарламасын сақтап қалдық. Жеңіл өнеркәсіп ошақтарын қалпына келтіруге шикізаттың жоқтығы мүмкіндік бермейді. Ал Өзбекстан мен оңтүстік өңірлерден мақта тасу қымбатқа түседі. Бұл әзір тиімсіз болып отыр. Колледждерді жабу мәселесіне келер болсақ, материалдық-техникалық базасы жоқ оқу ошақтары жұмысын тоқтатуы тиіс. Мөрі мен телефоны, бір-екі кеңсесі бар колледж қандай білім беруі мүмкін? Колледж қабырғасында сырттай білім беру деген не сұмдық? Біз мұндай келеңсіздікке көз жұма алмаймыз, – деді кездесуді қорытындылаған облыс басшысы.

Кездесу соңында қатысушылар облыс әкімдігі және саяси партиялар, қоғамдық бірлестіктер филиалдарының арасындағы ынтымақтастық жөніндегі меморандум мен мемлекеттік органдардың саяси партиялармен, қоғамдық саяси бірлестіктермен өзара әрекетінің 2013-2014 жылдарға арналған жоспарына қол қойды.

Есімжан Нақтыбайұлы

Осы айдарда

Back to top button