Саясат

Сарсаңға салмайтын сапалы үйлер біздің өңірде қашан бой көтереді?

Кеше облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ Өскеменде салынып жатқан бірнеше құрылыс нысандарын және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын терможаңғырту бағдарламасы бойынша жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан нысандарды аралады.

Сарсаңға салмайтын сапалы үйлер біздің өңірде қашан бой көтереді?2011–2014 жылдарға арналған «Тұрғын үй құрылысы» бағдарламасының аясында облыс орталығында салынатын бірнеше тұрғын үйдің құрылысына «Тұрғын үй құрылыс жинақтау банкінен» 1500 миллион теңге бөлінгені белгілі. Аймақ басшысы алдымен Металлургтер кентіндегі Молдағұлова көшесінде бой көтеріп жатқан көпқабатты үйлердің құрылыс алаңында болды. «ЮКО» ЖШС мердігерлік ұйымы қолға алып, атқарып жатқан ауқымды құрылыстың жай-күйімен танысқан облыс Әкімі құрылысшыларға нақты тапсырмалар берді. Тұрғызылып жатқан бірнеше үйдің қабырғалары күн санап көтеріліп келеді. «Стройэффект» ЖШС тұрғызып жатқан 5 қабатты, мансардалы 40 пәтерлі үй кезекте тұрғандарға арналған болатын. Арендалық үй респуб-лика қаржысының есебінен тұрғызылып жатқандықтан, пәтерлер ұстаздарға, дәрігер-лерге беріледі деп жоспарланған екен. Алайда 2011 жылдың сәуірінде басталып, сол жылдың желтоқсанында тапсырылуға тиіс нысанның құрылысы әлі аяқталмаған. Себеп – құрылыстың сметалық құжаттарынан кеткен қателіктерде. Осыған байланысты тапсырыс беруші мердігер ұйымды сотқа берген.

Бұл жерде айта кететін тағы бір жәйт, салынып жатқан құрылыстардың сапасы. Асығыс жасалған жұмыстың абырой әпере қоймасы анық. Мердігерлер өз жұмыстарын жылдам аяқтап тапсырғысы келгенмен, елдің олардан күтетіні – сапалы жұмыс пен жайлы баспана. Әкім бұл мәселеге айырықша тоқталды. Әр пәтердің жауапкершілікпен тұрғызылып, әр кірпіштің шын көңілмен қаланғаны маңызды. Жұмыстың қорытындысы сонысымен өлшенбек, себебі, құрылыс сапалы болса, халық риза.

Карл Маркс көшесінде, яғни, 19-мөлтек ауданда да бірнеше тұрғын үй нысандары бой көтеріп келеді. Облыс Әкімі тұрғын үй құрылысымен қатар оны абаттандыру мәселелеріне көбірек назар аударды. Үйлердің аулалары, су-құбыр жүйелері, тағы басқа да тұрғындардың жайлы да қолайлы өмір сүруіне аса қажет басты дүниелер сапалы жасалуы керек.

Ертіс өзенінің үстіндегі Қазақстан көшесімен жалғасатын басты көпірге де күрделі жөндеу қажет болып тұр. Өткен ғасырдың 70-ші жылдары салынған көпір бүгінгі күнге дейін халыққа тоқтаусыз қызмет көрсетіп келеді. Алайда көпірдің белгілі бір бөлігінде ақаулар пайда бола бастаған. Нысанды келіп көрген облыс басшысы мұндағы мәселенің жай-күйін таразылады. «ПК Мостопроект» ЖШС көпір жөндеуді өз жауапкершіліктеріне алып, тапсырылған міндетті абыроймен атқарып шықпақ. Көпірдің жөндеу жұмысына 7 504 миллион теңге бөлініп отыр. Жөндеу уақыты – 3 жыл.

Меновное кентіндегі Советская көшесін-де көпқабатты үйлерге терможаңғырту бағдарламасы аясында жөндеу жұмыстары жүргізілген болатын. 1960–1970 жылдары салынып, қабырғаларына көп жылдар бойы сыр жұқпаған үйлердің тозығы жете бастаған болатын. Алайда аталмыш бағдарлама аясында ескіні жаңартып, жаманды жақсартып алуға мүмкіндік туған еді. Аймақ басшысы Советская көшесіндегі үйлердің жағдайымен танысып, жүргізілген жұмыстарға қанықты. Осы көшедегі 98-ші үйдің шатыры қайта жөнделіп, үйдің ішкі жылу жеткізу жүйелері қайта қалыпқа келтірілген. Атқарылған жұмыстың жалпы құны – 4 843 325 мың теңге. Бұл үшін әр пәтер иесі ай сайын бар-жоғы 2500-4000 теңге көлемінде ақша төлейді. Ал осы көшедегі 96-үйдің суық су құбырлары мен кәріз жүйелері жөнделген. Сондай-ақ облыс Әкімі Согра кентіндегі «Согра ЖЭО» ЖШС-де болып, ондағы электр және қуат көздерін өндіретін орталықтың жұмысымен танысты.

Облыс басшысы құрылыс нысандарын аралап болған соң, аттың басын Шығыс ауылына бұрып, мұнда дүркіретіп Наурыз тойын тойлап жатқан қалың қазақ жұртына құтты болсын айтты.

Шығыс ауылында Ұлыстың ұлы күні наурыздың 25-інде тойланып жатқанының да өзіндік себебі бар екен. Өткен жылы дәл осы күні Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ осы ауылдың ресми түрде лентасын қиыпты. Демек, Шығыс ауылы үшін бұл қос мереке.

– Осынау қос мерекелеріңіз құтты болсын! Бүгінде өшкеніміз қайта жанып, ұмытқанымыз орнына келіп жатыр. Соның бірі –осы қасиетті Наурыз мерекесі. Осыдан 3 жыл бұрын қазір сіздер тұрып жатқан жер жазық дала еді. Елбасымыздың тапсырмасына сәйкес, «Нұрлы көш» бағдарламасының аясында бүгінде Өскеменнің іргесінде үлкен елді мекен пайда болды. Мына зәулім мектеп, жайлы балабақша, барлығы сіздер үшін. Сіздерді жұмыспен қамту мәселесіне әрдайым ерекше көңіл бөлеміз. Несие беру, кәсіпкерлікті дамыту жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Ең бастысы, ерінбей еңбек етуіміз керек, – деді облыс басшысы өз сөзінде.

Наурыз мерекесі Шығыс ауылында да барлық сән-салтанатымен тойланды. Қатар тігілген киіз үйлер, әсем ән мен күмбірлеген күй мереке шырайын аша түсті. Көздің жа-уын алатын, ұлттық ою-өрнектерге малынған қолөнер бұйымдарының көрмесі де қонақ-тар назарынан тыс қалған жоқ.

Дарын Нұрсапаров

Осы айдарда

Back to top button