Сара пір тұтқан жеті ақын кім?
ХІХ ғасырдың аяғында Жетісу өңірінде болған атақты әнші Біржан сал мен Сара Тастамбекқызының айтысы өнерсүйер қауымға жақсы таныс. Айтысқа әбден төселген Біржан сал қарсыласының алдын орап, қыспаққа алғанда, ақын қыздың қажы атасы Тұрысбек: «Сөйле, қызым қысылма» деп ақ батасын бергенде Сара:
«Қажының әлгі сөзі болған себеп,
Қолтықтан көтере гөр аруақ жебеп.
Кеншімбай, Дулат, Сабыр, Сұртай, Жылтыр,
Жанұзақ қолда – дедім ақын Түбек» деп төгіле жөнеліпті. Міне, сол кездегі ақын Сара пір тұтқан жеті ақынның кім екенін, олардың қай өңірден шыққанын қалың оқырманға таныстыра кетсек деген оймен шайырлардың шығармашылығы мен өмірінен зерттеушілер еңбегіне сүйене отырып қысқаша мағлұмат беруді жөн көрдік. Олардың өмір тарихын тереңірек білгендер табылып, үн қосып жатса құба-құп әрине.
Кеншімбай Күшікұлы
Айтыскер ақын, зерттеуші Қалихан Алтынбаевтың жазуы бойынша Кеншімбай ақын Жарма өңірі, Аюлы тауы бөктерінде шамамен 1827 жылы дүниеге келіп, 1849 жылы қайтыс болыпты. Қалың найманға танымал Тана мырзаға жас ақын үзеңгілес серігі ретінде Жетісуға барғанда сапарлас болыпты. Сол жолда арғынның айтыскер ақыны Орынбай Кертағыұлымен сөз қағыстырып, жолдан ұтып, тапқырлығымен көпке танылыпты. Содан бері Тана мырза оны жастығына қарамай үнемі қасында ұстаған екен. Бірақ сол жолы көз тиіп 22 жасында туған жерінде қайтыс болыпты. Шыққан тегі Матай, Елқонды атасынан. Айтарымыз Жарма ауданының 90 жылдығына орай, ақындар жинағын шығарып соған кіргізсе, нұр үстіне нұр болар еді.
Түбек Байқошқарұлы
(1780-1870)
Жармалық Түбек – әдеби мұра зерттеушілердің назарына ерте ілінген кесек тұлғалы ақын. Зерттеуші ғалымдар Ж.Тілепов, Х.Сүйіншілиев, Е.Ысмайылов, жазушылар С.Мұқанов, М.Әуезов, Қ.Мұхамедханов оның айтыстарына жоғары баға беріп, оған соқпай өтпеген. Ақын 1780 жылы Жарма ауданы, Үшбиік ауылы Қарабұжыр деп аталатын жерде дүниеге келіпті. Руы сыбанның Жанкөбек тармағынан. Нар дауысты Нарынбай бидің тегінен. Нарынбай 12 қақпалы Ташкент шаһарының бір бөлігін билеген бек болған. Түбек – осындай текті атадан. Атағы үш жүзге мәлім айтыскер ақын. Жасында Жанақпен, есейе келе Жетісу еліне барып Қарқабат, Құлмамбет, Тезек төрелермен айтысқа түсіп, атағын үш жүзге мәлім еткен. Оның айтыстары, шымшыма шумақтары айтыс кітабының бірінші томдығына, ХІХ ғасырдың қазақ поэзиясы «Бес ғасыр жырлайды» жинақтарына кірген. Ел аузында сақталған Бекмұхамбет ақсақалдың жазып алған мына бір сөз қағысын келтіре кетейін. Бірде Түбек ұлы Көмектің ауылында отырса, үстеріне сол елдің болысы Торғай қасына патша ұлықтарының бірін ертіп келіп, баласының ұрлығымен мұқатпақ болып:
«Ассалаумағалекум ақын Түбек,
Астында ақша қардың қалдың жүдеп.
Биесін Жараспайдың ұрлап сойып,
Қалдырған бек ұятқа ұлың Көмек» депті. Сонда Түбек ақын еш саспастан:
«Уағалейкумассалам Торғай болыс,
Шошайтып бастық қойған мына орыс.
Басыңда бақ-дәулетің толып тұрып,
Ұрлыққа беріп жүрсің сен де қоныс» дейді. Сөйтсе болыс ұры ұстайды екен. Жеңілген болыс ұялғаннан «Тіліңе шоқ түссін, Түбек!» деп, сөзге келмей аттанып кетіпті.
Сұртай Тұрарұлы
1780 жылы дүниеге келген Сұртай ақын найманның Қаракерей руынан тарайтын бес Байыстың бірі – Мәмбетқұл (Қыржы) Жолшара атасынан. Оның ішінде Деріпсалы одан Нұраш, Нұраштан Тұрар, одан Сұртай туған. Сұртайдың зираты туған жері әулие-емші Досханаұлы Ырғызбай кесенесінің желкесіндегі Бықының Ақшиесі деген жерде. Сұртай жасынан ақындық өнерге әуес, сөз тапқыш, қолма-қол суырыпсалма, айтқыш ақын атаныпты. Оған мына бір аңыз-әңгімелер дәлел. Қаракерей еліне аты мен даңқы мәлім Тана мырзамен тұрғылас, замандас және сыйлас болса керек. Өйткені оның Тана мырзаға айтқан қалжың өлеңі ел аузында сақтаулы. Ол былай:
«Қарашы Танаекемнің көсесіне,
Аумай ұқсап, тартыпты шешесіне.
Құдайым сән-салтанат бақ беріпті,
Бермеген сақал-мұрттың есесіне» депті бір көңілді отырыста. Бұдан өзге ақынның ел ішінде, той-жиында айтылып жүрген философиялық терме-өсиет өлеңі де бар.
«Анаң болса атаңмен – қоршап тұрған қорғаның,
Жақсы болса, келнің – ардақтысы ол жанның.
Ағаң болса, ақылды – арқа сүйер тірегің,
Інің болса, жанашыр – семсер ілген білегің.
Ақылды туған ұл мен қыз – өкпе, бауыр, жүрегің» деп келетін бұл өлең Сұртай ақынның өз әуенімен айтылды. Олай болса, ақын Сара бұларға тегін сыйынбаса керек.
Сабырбай Ақатайлақұлы
(1793-1880)
Сара ақын жырға қосып, пір тұтқан ең көрнекті басты ақынның бірі – Сабырбай Ақтайлақбиұлы. Қазігі Жарма ауданы Үшбиік ауылдық округінің аумағында өмір сүрген. Руы найман ішінде Сыбанның Жанкөбек атасынан. Қу дауысты Құттыбай, одан Байғара би, одан Ақтайлақ би, әрі ақын, әрі би сөз шебері шешен болған. Бала ақын Сабырбай әкесімен сөз қағысып былай депті:
«Әй, әке, сан жүйірікті бөленттің ғой,
Алдыңнан талай топты жөнелттің ғой.
Атадан ұл озбас деу, бекер екен.
Дәл сенен осы күні мен өттім ғой» десе, сонда әкесі тұрып былай деген екен:
«Ол рас сан жүйірікті бөленттім ғой,
Алдымнан талай топты жөнелттім ғой.
Үйретіп өзіңді де қартайғанша,
Ақыры жүйріктерге теңелттім ғой».
Бұл жауаптан кейін баласы: «Әке, жеңілдім, батаңды бер» деген екен.
Әке ықыласы ауған Сабырбай 12 жасында-ақ атақты Жанақ ақын Сыбанның 16 ақынына дес бермегенде, осы Сабырбайдан мүдіреді. Ол былай болыпты. Ауыл шеті дөң басында отырған Ақтайлақ биге буаз биеге мініп, қобыз өңгерген Жанақ ақын елден алғаннын мақтан етіп жырға қосады. Әке қасында тыңдап тұрған Сабырбай:
«Жалаулатып шығыпсың Ертісті өрлеп,
Болдырыпты титықтап биең терлеп.
Байғұс-ау, сонша жерден қалай жеттің,
Ауыр аяқ шешеңе қобыз теңдеп?!» – деп мірдің оғындай уытты, кекесін сөзбен түйіріп алады. Сонда сөзге тоқтаған қарт ақын:
«Айналайын балапан жас талабым,
Айтысуға мен сенен жасқанамын.
«Сөз тапқанға қолқа жоқ» деген осы,
Өрге өрлеп, ілгері бас қарағым» – деп ақ батасын беріпті.
Дулат Бабатайұлы
(1802-1874)
Дулат Бабатайұлы 1802 жылы қазіргі Аягөз ауданының Сандықтас-Ақжайлау деген жерінде дүниеге келген. 1874 жылдары қайтыс болып, сол туған жеріне жерленген. Ол ескіше оқыған, сауатты, ойшыл, туған халқын, жерін ерекше сүйіп, елінің жетістігі мен қайғы-қасіретін, болашағын жырлап өткен ақын. Алғашқы жинағы «Өсиет нама» деген атпен 1880 жылы Қазан қаласында жеке кітап боп басылып шығады. Оның шығармаларының тақырыбы сан алуан. Ақын өзі өмір сүрген кезеңдегі қазақ елінің саяси-әлеуметтік өмірін шынайы жырлайды.
Жанұзақ Шыңанұлы
Жанұзақ ақын Тарбағатай өңірі найман ішінде Байжігіт Жұмық тармағынан. Ол Шығыс өңірінің жыршылық мектебінің көрнекті өкілі болған. Ақын-жыршы туралы Әміржан Жанұзақұлы туралы «Заман кезек» деген кітапта мынадай дерек келтіреді: «Жанұзақ бала күнінде мал іздеп жүріп, далада жатып ұйықтап қалса керек. Түсінде бір көкше қоян келіп оған: «Көген аласың ба, селең аласың ба?» дейді. «Өлең алам!», деп айқайлап, өз дауысынан шошып оянған бала, қол-аяғы тартылып, төсек тартып тұра алмай қалады. Жағдайды естіп келген жас болыс Бұрмыбет Бұтабай «Мұны жын буып жатыр. Ақсарбас қойдың жүрек қанымен ұшықтап, қолына домбыра беріп қоя беріңдер» деген кеңесімен жазылған екен» дейді. Содан кейін Жанұзақ Шыңанұлына ақындық қонып, төкпе жырау, әнші-сазгер атаныпты.
Тағы бір дерек Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің оқытушысы Керім Зәмзәгүл Артыққызы қолжазба дастандар бойынша «Бақтияр және оның қырық бұтағы» деген тақырыпта ғылымы диссертация қорғапты. Ал «Бақтияр қиссасы» 1916 жылы Уфа қаласында кітап болып басылып шығыпты. Авторы Жанұзақ Шыңанұлы. Демек көне қолжазба 1216 жылы хатқа түскен шығыстың «Бақтияр нама» ескерткішінің қазақ тілінде алғашқы шығарушысы Жанұзақ және оның ақын ұлы Әміржан десе де болады. Сөйтіп, еліміз тәуелсіздік алғалы жоғымызды түгендеп, айтылмай жүрген ақын-жырауларды аз да болса таныстыру мақсатында жариялап отырмыз.
Жылтыр Бақайұлы
Ел аузындағы аңыз-әңгімелерге қарағанда ақынның туған және өлген жылдары белгісіз. ХІХ ғасырдың бірінші жартысында өмір сүргені анық. Туған жері Шар өзені өңірі Ыстықтөбе, Қамыстыкөл аймақтары. Жылтыр ақын өзі жайында:
«Атам бура ішінде екі Тазбын,
Көкжарлы, Сарыжомарт кімнен азбын.
Суында дарияның толқып жатқан Ергенекті,
Мен жүрген ортасында қоңыр қазбын» деп толғайды.
Ақынның зираты Шар өзені бойында жетінші разъезд тұсындағы тау етегінде дейді тарихшы Қайыртай Керейбаев. Ақын қартайып шамамен 1880 жылдары дүние салған. Жылтыр ақын суырыпсалма, тапқыр, ұтқыр жауаптың ақыны болыпты. Сөзіміз дәлелді болу үшін, ел аузындағы мына бір әңгімені келтірейін: «Ертеде Мұрын елінде Шерубай бай мен Бура Ақтаз елінен Бозай деген кісілікті бай дос, сыйлас екен. Содан Бозбай қасында туысы Жылтыр ақын екеуі Шерубай байдың ауылына келеді. Есіктен аттай берген Жылтырға бай: «Ақын болсаң тап қазір мені мақтап бір ауыз өлең айт» демесі бар ма. Жылтыр сонда қолма-қол:
«Шереке-ау, сен бір өзің ірі ауылсың,
Келгенде мал мен басқа дүр ауылсың.
Арғында саған орай Алтай, Қарпық,
Найманда бетке ұстайтын бір ауылсың», деп төпей жөнелгенде дандайсыған бай: «Мені енді жаманда» депті. Сонда Жылтыр тосылмастан:
«Шерубай өзің кәрі тоқалың жас,
Буына кәрі азбан боласың мас.
Кімде-кім екі мүшел ұлкен болса,
Мал беріп алғаныңмен қатын болмас» деп, одан сорақысын сөз етіпті. Мақтауын да, даттауын да жеткізген ақынға бай риза болып, сый-сияпатпен аттандырыпты. Ел аузында ақынның жиылмай, қағаз бетіне түспей жүрген асыл жырлары мол болса керек. Ол енді келешек жастардың ісі болмақ.
Мәуітқазы Зүкенов