Облыс әкімі: бағыт-бағдар

Санитарлық автокөліктер стандартқа сай

Облыс  әкімі Даниал Ахметов жұмыс сапарымен Семей қаласында болды. Аймақ  басшысы  жедел медициналық жәрдем автокөліктерін және арнайы техникалар шығаратын автоқұрастыру кәсіпорнында болды.

 Мемлекет басшысының Жолдауын іске асырудың Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының негізгі тармақтарының бірі –  көліктік медицинаны дамыту екені баршаға белгілі. Міне, ауылдық денсаулық сақтау мекемелеріне, шалғай мекендердегі (Риддер қаласы, Күршім, Тарбағатай, Катонқарағай, Глубокое, Абай, Жарма, Көкпекті, Бесқарағай, Шемонайха аудандары) тұрғындарды медициналық көмекпен қамтамасыз ету мақсатында 10 жылжымалы медициналық кешен сатып алынды және жеткізілді. Дәл осындай жұмыс Семей қаласында да жүргізілуде.

Жедел жәрдем автокөліктері облыстық бюджет есебінен сатып алынды, олар облыстың және Семей қаласының жедел медициналық жәрдем стансаларының санитарлық парктерін толықтырады. Автокөліктердің басты ерекшелігі, олар жергілікті «СемАЗ» ЖШС кәсіпорнында жасалған. Санитарлық автокөліктер халықаралық стандарттың барлық  талаптарына сай жасалған, жедел және шұғыл медициналық көмек көрсетуге арналған медициналық жабдықтармен: өкпені жасанды желдету, ЭКГ, дефибриллятормен, пульсоксиметрмен және басқа да аппараттармен жабдықталған. Жаңа көліктерді облыс басшысы Даниал Ахметов өзі  қарап шықты.  Риддер, Курчатов, Шемонайха, Үржар, Аягөз, Алтай және басқа да қалалық және аудандық бөлімшелердің өкілдері  жабдықталған медициналық көліктерге жоғары баға берді.

–       Бүгін бізде 60 көлік дайын, олардың 40 данасы Өскемен қаласына барады.  Жедел жәрдем автокөліктері  медициналық қызмет көрсетудің сапасын арттырады. Жедел жәрдем көлігі науқасқа тез жетуі тиіс. 13 қарашада тағы да 40 автокөлік дайын болады, олардың барлығы Семейдің жедел медициналық жәрдем паркін толықтырады. Бұл жерде де нормативті деңгейден екі есе артық болады. Содан кейін, басқа да аудандарды толықтырамыз. Бұл  коронавирус індетін  жоюға септігін тигізетініне сенімдімін. Бұлардың бәрі қысқа мерзімде іске асырылады ,– деді Даниал Ахметов.

Жыл соңына дейін медициналық мекемелерге 216 санитарлық автокөлік  беріледі. Сондай-ақ  Даниал Ахметов Өскемен қаласына арнап шығарылған  автобустарды өндіру желісінде болып, жаңа техникалармен танысты.

–       Автобустар жарымжан адамдарға  ыңғайланып жасалған. Жуық арада біз Қазақстан даму банкімен жұмысты аяқтаймыз және 3,5 млрд. теңгенің автобустары Өскемен қаласына барады, – деді облыс  әкімі.

Сонымен қатар аймақ басшысының ақпараты бойынша жақын уақытта өңірде  қоқыс қалдықтарын қайта өңдейтін екі зауыт ашылатынын, ондағы арнайы техникаларды  да  жергілікті өндірушілер жасайтынын атап көрсетті.

–       Біз Еуропалық  қайта құру  және даму банкімен Өскемен және Семей қалаларында қоқыс қалдықтарын қайта өңдейтін зауыттар ашу туралы жұмыстар жүргізудеміз. Бұл үшін арнайы техникалар қажет. Біз «СемАЗ» зауытының басшылығына қытайлық серіктестерімен жұмыс жүргізіп, арнайы техникалар дайындауды тапсырдық. Техникалар жақын арада дайын болады. Отандық техникалар шетелдік техникалардан кем болмайтынына сенемін, – деді аймақ басшысы.

Флора Левина

Семей.

Осы айдарда

Back to top button