Сақалым мен мұртым шашымнан бір жарым мүшел кіші емес пе!
Сақалым мен мұртым шашымнан бір жарым мүшел кіші емес пе!
Жасы қырыққа таман таяғанда Қонысбай ақын сақал мен мұрт қойыпты. Бұл жылдары ақынның шашына ақ кіріп, бурыл тарта бастаса керек. Соны байқаған бір танысы:
– Қонеке, сақал-мұртың қап-қара, ал мына шашыңа не болған? – деп сұрайды.
Сонда Қонысбай:
– Сақалым мен мұртым шашымнан бір жарым мүшел кіші емес пе! – деп жауап берген екен.
***
Жаздың аптап бір күні болса керек. Қонысбай ақынның қызмет бөлмесіне әріптесінің бірі шаруа бабымен кіріп, кетерінде бұрышта тұрған судан бір стақанды сіміріп салады да:
– Апырмай, Қонеке, суыңыз тастай екен! – дейді тамсанып.
Сонда Қонысбай:
– Шырағым, біреудің әйелі біреуге қыздай көрінеді, біреудің суы біреуге мұздай көрінеді деген осы болады! – депті.
***
Оқырмандармен кездесуде Қонысбай ақынға «Бойыңызда қандай кемшілігіңіз бар, соны айтасыз ба?» дегендей құйтырқы сұрақ түсіпті.
Бұл сұраққа ақын:
– Тайдырмай тура жолымнан,
Адалдық, маған сор болдың.
Бәрі де келіп қолымнан,
Жағыну келмей қор болдым! – деп өлеңмен жауап берген екен.
***
Қазақтың ауыздарымен құс тістеген қос шешені, мықты айтыскер ақындары – Қонысбай Әбілов пен Абаш Кәкенов бір-бірімен «жезде-балдыз» деп, қалжыңдасып ойнай береді екен. Бірде «жездесіне» ризашылығын білдірген Абаш ақын «сендей асыл жездеме тағы бір сұлу апамды беруге әзірмін» дегендей әзіл тастапты.
Сонда Қонысбай:
– Айтпа өйтіп, тигізген бұл пайдаң болсын,
Дейсің бе біздің үйде майдан болсын.
Тағы да қыз берем деп қызықтырма,
Апаңдай қыздай алған қайдан болсын! – деп екі қолын көтеріп, басын шайқай беріпті.
Өкшеңізді басып келе жатқан ініңіз емеспін бе!
Балалар жазушысы Сейтжан Омаров (1907-1985) пен ақын Қадыр Мырзалиев (1935-2010) бірімен-бірі көп жылдан бері құда-жекжат екен. Құда болса да көп араласа бермейтін болулары керек. Соны ескеріп, бірде Сейтжан:
– Қадыр құда, өзіңнен хабар жоқ, күні-түні жазу жазып үйіңнен шықпайсың. Құда деген бірін-бірі қонаққа шақырушы еді? – деп базына тастайды.
Сонда Қадыр:
– Сәке, «құда мың жылдық» деген емес пе? Сол мың жылдың ішінде сіз бен біз әлі талай кездесеміз! – депті.
***
Әлдебір жиыннан асығыс шыққан ақын Шөмішбай Сариев байқамай алдында келе жатқан жазушы Ахат Жақсыбаевтың өкшесін басып кетеді.
– Өкшемді оңдыртпай бастың-ау! – деп Ахат бұрылып, бетін тыржитып реніш білдіреді.
Сонда Шөмішбай:
– Ақасы-ау, онда тұрған не бар? Өкшеңізді басып келе жатқан ініңіз емеспін бе! – деген екен.
***
1936 жылы Мәскеу қаласында Қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігі өткізілгені тарихтан белгілі. Тұңғыш рет өткізілген бұл онкүндікке қазақтың небір күміс көмей, жез таңдай әншілері мен бишілері, төл әдебиетіміз бен мәдениетіміздің майталмандары қатысады. Солардың ішінде Тайжан ақын да бар екен.
Қазақстан делегациясы Қазан вокзалына тоқтап, улап-шулап түсіп жатса – төңірек құжынаған көп халық… Біреудің біреуге қарайлауға мұршалары жоқ, жүктерін көтеріп, арбаларын сүйретіп, қойдай сапырылысып жатыр. Бұрын мұндай қаймалысқан көпшілікті көрмеген Тайжан ақын аңтарылып тұрып қалады:
– Япырай, – дейді қатты өкініш білдіріп. – Бір көрсем деп осыншалық зарығып келгенде Мәскеудің көшіп жатқан сәтіне тап болғанымды қарашы!
***
Ұзақ жылдар бойы Жазушылар одағында қызмет жасаған аты мәшһүр фототілші Сайлау Пернебаев бір жылдары туған ауылына барыпты. Оғанға дейін ауыл жаққа көп уақыт ат ізін салмаған секілді, ағайын-жұрағат, таныстар іздеп келіп, Сәкеңе сәлем бepiп жатады.
Іштеріндегі жасы үлкен ақсақалдау біреуі Сайлауды таныңқырамай, ұзақ үңіледі:
– Әлгі Пернебайдың Алматы кеткен баласы сенсің ғой? — дейді.
– Болсақ болармыз! — деп Сайлау да сыпайы жауап береді.
– Бәсе, сырт бәденің келіп тұр… – деп ақсақал да «зерттей» түседі.
– Сыртым да, ішім де Пернебайдың баласы! – дейді Сайлау ақталып.
– Баяғы бозбала күнің есімде, шырағым… шашың көмірдей қап-қара еді, шашыңа ақ түсе бастапты ғой? – дейді ақсақал Сайлаудың шашынан сипап.
Сонда Сайлау ақсақалға бар денесімен бұрылып:
– Аға, шаштың ағарғаны – гүлдегені, түсе бастағаны піскені болады! -деген екен.
Как закончишь, сам закроешь?
Атағы жер жарған қас батыр, әйгілі партизан-жазушы Қасым Қайсенов көктемнің көкөзек күндерінің бірінде өзінің жекеменшік машинасымен Алатаудың бөктерінде келе жатып, байқаусызда терең жарға құлап кетеді. Құдай сақтап, әйтеуір аман қалады. Бірақ ауыр жарақат алып, емханаға түседі.
Қасым досының үлкен аварияға түскенін естіп, ақын Сырбай Мәуленов гүр-гүр етіп келесі күні емханаға жетеді.
– Ау, Қасеке, соғыс жоқ, ел іргесі тыныш… айдың күннің аманында саған не болды? – дейді келген бетте.
– Байқамай, 3 метрлік жардан аунап кеткенім… – деп Қасекең күмілжіп жағдайын айтады.
Мұны естіген Сырбай бет-аузын тыржитып, басын шайқай береді:
– Қасеке! – дейді ақын. – Бұл әңгімені мен ғана естиін. Сенің партизан деген, батыр деген атыңа «3 метрден құладым» дегенің ел-жұрттан ұят. Сен бұдан былай басқа адамға «30 метр жардан домалап кеттім» дейтін бол!
Арада ай өткенде Қасекең аман-есен жазылып, емханадан шығады. Қызық болғанда, сол күндердің бірінде, балпаң басып көшеде келе жатқан Сырбайды мотоцикл қағып кетеді. Сырағаң да «жедел жәрдем» машинасымен дәл сол емханаға түседі. Хабарды ecтіген бойда енді Қасым Сырбай досының көңілін сұрамаққа емханаға барады. Сырағаң аяқ-қолын орап тастаған, сілейіп төсекте жатыр. «Осылай да, осылай… оқыс болды, мотоцикл қағып кетті» деп болған жайды жеткізеді. Сонда Қасым түсінбегендей иығын көтеріп, басын шайқап:
– Әй, Сырбай, сен бұл әңгімені менен басқа ешкімге айтпа, ұят болады! – дейді. – Түйедей Сырбайды торпақтай мотоцикл қағып кетті деген не сұмдық! Сен бұдан былай өзге жұртқа «мені КамАЗ кағып кетті» деп сөз тарат! – деген екен.
***
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі ақын Баянғали Әлімжанов қазақ арасынан шыққан атақты «манасшы». Ол Қырғызстанда аракідік өтіп тұратын «манасшылар» жарысында талай рет жүлде алған жыршы-ақын.
Осы Баянғали бірде қаламгерлер ортасында отырғанда мынадай әңгіме айтып еді.
Ертеректе қырғыздың атақты «манасшысы» Саяқбай Қаралаевты арнайы Мәскеуге шақыртады. Жыршыны қызықтап театрға көп халық жиналады, Саяқбай ақсақалды құрметпен сахнаға шығарады. Содан Саяқбай миллион жолдық «Манасты» жырлап ала жөнеледі ғой. Жырлап отырып, біраздан соң шабытына кіреді де, көзін тарс жұмып, өзге дүниені ұмытып, Манас батырдың заманына шым батып кете барады.
Бір кезде Саяқбайды бүйірінен біреу түртеді. Көзін ашса – залда тірі жан жоқ, бәрі кетіп қалыпты. Бүйірінен түрткілеп тұрған вахтер шал екен:
– Ей, Манас! Уже три часа ночи, все давно домой ушли. Как закончишь, сам закроешь? – деп театр есігінің кілтін ұсынып тұр дейді.
Солай домалай берсеңші. Тек аут кетіп қалмасаң бопты
Жазушы Дулат Исабеков тоқсаныншы жылдардың басында Алатаудың бөктерінен Германияға көшкелі жатқан бір немістің саяжайын сатып алып қалады. Кейінірек Жазушылар одағында, қаламгерлер ортасында саяжай төңірегінде әңгіме қозғалғанда Дулат:
– Немістің мұрасын икемдеу қиын болады екен. Үш жыл бойы бармай жүріп, мен саяжайымды әзер қазақтандырып алдым! – деген екен.
***
Еліміздің ақын-жазушыларының Бердібек Сапарбаевқа деген құрметі ерек, сыйластығы бөлек. Олар Бекеңді бірнеше облысты басқарған іскер ұйымдастырушы, министрліктерге жетекшілік еткен білікті басшы ғана емес, нағыз ұлтжанды азамат, руханиятымыздың жанашыры, мәдениетіміздің қамқоршысы ретінде жақсы таниды.
Осы Бекең Оңтүстік Қазақстан облысында әкім болып тұрған кезінде қол астындағы бір қызметкері қабылдауына кіреді.
– Жұмсаған қызметіңіздің бәріне барып жатырмыз. Анда да бардық, мұнда да бардық. Футболдың добы сияқты домалап жүрміз, – деп, өзінің біршама мекемені басқарғанын сөз етіп, наз айтса керек.
Сонда Бекең:
– Шырағым, солай домалай берсеңші. Тек аут кетіп қалмасаң бопты, – деген екен.
Жобаның жүргізушісі – жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың
иегері Әлібек Асқаров
(Жалғасы қалың «Дидардың» келесі санында)