Денсаулық сақтау

Сақтандыру пакетіндегі тегін дәрілер кімге беріледі?

  2020 жылдың бесінші қаңтарынан бастап елімізде медициналық сақтандыру жүйесінің өтпелі кезеңі басталды. Біз медициналық сақтандырудың пациентке және  емханаға қандай  артықшылықтар беретінін облыс орталығындағы Согра кентінде орналасқан «Ем алу плюс» ЖШС-нің емханасының мысалында талдап көрдік.

Емдеу ұйымының  жұмысымен бізді  емхананың бас дәрігерінің орынбасары Әсем Елеубекова таныстырып,  көрсетіліп жатқан қызметтер жайлы жалпы тәжірибе дәрігері, жас маман Әсем Жакупова айтып берді. Семей мемлекеттік университетінің түлегі Әсем Жакупова осы жерде  2017 жылдан жұмыс істейді екен.

– Қазір күніне 20-25 науқасты қабылдап отырмын. Көбі суық тиіп, тұмауратқандар, созылмалы хондроз сияқты неврологиялық дерт те кездеседі. Кеше белі ауырып келген бір пациентке рентгенография тағайындап едім, бас тартты.  Сосын бұл қызметтің ол кісі үшін тегін екенін айтқанымда, қуанып кетті. Ем-домын тағайындап, күндізгі стационарға жібердім. Медикаменттермен емделіп болғаннан кейін міндетті түрде оңалту шараларын қабылдайды, – дейді учаскелік дәрігер.

Дәрігер ең алдымен қабылдауына келген науқастардың мәртебесін жеке куәлігі бойынша «Ариадна» медициналық ақпарат жүйесінен анықтап алады. Әзірге мәртебесі анықталмаған тұлғалар кездеспепті.

-Бұрын бұл жүйеге дейін тегін кепілдендірілген медициналық көмек зейнеткерлер мен мүмкіндігі шектеулі жандар, жүкті әйелдер, он сегіз жасқа дейінгі балалар сияқты  белгілі бір топтағы тұлғаларға ғана көрсетілетін. Қазір сақтандыру пакеті сақтандырылған азаматтар мен мемлекет тарапынан жеңілдік берілген он бес санатқа кіретін тұлғалар үшін әлдеқайда көп қызмет түрін тегін алуға мүмкіндік береді. Бірақ міндетті түрде дәрігердің жолдамасы болуы керек, оны тек көрсетілімдер бойынша береміз, – деп жалғастырды жас маман.

«Ем алу плюс» емханасына жиырма бес мыңнан астам адам тіркеліпті. Олардың алты мыңнан астамы диспансерлік есепте тұр.  Бұл тек Согра кентінің ғана емес, маңайындағыАрматура зауыты, Гавань, Солнечное, Винное, Радужное  кенттерінің тұрғындары. Бас дәрігердің орынбасары Әсем Елеубекованың  түсіндіруінше, емдеу ұйымының қызметі сақтандыру жүйесінің талаптарына сай ұйымдастырылған.

-Бұрын 11 учаске болса, қазір 16 учаскеге дейін артты. Өйткені науқастардың саны жаңа жүктемеге сай белгіленді. Жалпы тәжірибе дәрігерлердің жүктемесі 1700 адамға дейін азайтылған, педиатрлардың жүктемесі 500 бала, терапевтердің жүктемесі – 2200 адам. Педиатрлық үш учаске бар, ересектерден инфекциялардың жұқпауы үшін олардың кіретін есігін бөлек жасадық, – деп түсіндірді Әсем Елеубекова.

Емханада невропатолог, эндокринолог, кардиолог, стоматолог, гастроэнтеролог, травматолог, уролог, балалар ортопеді сияқты барлық тар шеңберлі мамандар бар. Рентген, маммограф аппараттары жаңа, цифрлы. Жоқ  мамандар мен қызмет түрлеріне басқа емдеу орындарына жолдама беріледі.

– Тегін көрсетілуге тиіс қызметтерді  өзімізде ұсына алмасақ, басқа емханалармен келісімшартқа отырып, сонда жібереміз. Бізде мысалы, МРТ аппараты жоқ. Бұл қызметті біздің науқастарға облыстық аурухана, облыстық мамандандырылған онкология және хирургия орталығы көрсете алады. Дәрігердің жолдамасымен, көрсетілім бойынша барған пациенттердің барлығы тегін тексеріледі.

Оңалту шаралары  мен паллиативті көмекке басымдық

  Осы орайда «Ем алу плюс» емханасының қосымша табыс табуға мүмкіндігі мол.

Оңалту қызметі. Қазір емханада оңалту қызметінің көрсетілу шеңбері кеңейген. Бұрын тек 18 жасқа дейінгі балаларға ғана тегін болса, енді көрсетілімі бар науқастарға инфаркт, инсульт алғаннан кейін, әртүрлі жарақаттардан кейін  оңалту қызметтері тегін ұсынылады. Бұл үшін емханада жасалған жағдайлар  кез келген сауықтыру орындарынан кем емес. Мойылдыдан әкелінген балшықпен емдеу, парафин, физиоемнің, токпен емдеудің түр-түрі, массаж, гидромассаж, душтардың түр-түрі, емдік денешынықтыру кабинеті жұмыс істейді. Оңалту шаралары туберкулез бен онкология, жүйке ауруларынан басқа жағдайлардың барлығында тағайындалады. Облыс орталығындағы басқа емханаларда оңалту бөлімшесі болмағандықтан, олар осы емханамен шартқа отырып, өз науқастарын сауығу үшін осы жерге жолдай алады.

Паллиативті көмекті көрсететін мобильді бригада жасақталған.  Терапевтен, екі әлеуметтік қызметкер мен психологтан тұратын бригада он күн сайын   төртінші клиникалық онкологияға шалдыққан науқастардың үйлеріне барып, қызмет көрсетеді. Емханада қатерлі ісікке шалдыққан төрт жүз пациент бар, олардың бесеуінде дерттің соңғы стадиясы анықталған. Осы бес науқасты үнемі назарларында ұстайды.

Бригададағы мамандарымыздың барлығы онкологиялық орталықтың қызметкерлерінен  дәріс алып, дерттің соңғы стадиясына шалдыққандарға қандай көмекті қалай көрсету керектігін үйренді. Олар білгендерін пациенттің туыстарына үйретіп, үнемі қадағалап отырады, – дейді Әсем Емелбекқызы.

Дәрі-дәрмекпен қамту. Сақтандыру пакетінің шеңберінде тегін медикаменттермен қамтамасыз етілетін ауру түрлері бекітілген.

Кепілдендірілген тегін медициналық көмек көлемінің аясында тегін дәрі-дәрмекпен қамтылуға тиіс диспансерлік есепте тұрған науқастардың тізімі мен олардың алатын медикаменттердің түрі баяғыдан белгілі. Енді министрліктің №666 бұйрығымен сақтандыру пакетінің шеңберінде тегін медикаменттермен қамтылатын  аурулардың шеңбері кеңейтіліп, қосымша түрлері бекітілген.

-Мысалы, гайморит ауруы. Бұл жіті қабынған дерт. Егер диагноз рентгенмен дәлелденсе, онда науқас дәрігер жазып берген рецептпен препаратты емхананың өз дәріханасынан тегін ала алады. Тізімде асқазан жарақаты, басқа да аурулар бар. Бұйрық келген соң, сақтандыру пакетінде тегін дәрімен қамтамасыз етілетін аурулардың тізімін көрнекі жерге іліп қоямыз. Кепілдендірілген тегін медициналық көмектің көлемі ілінген. – деп жалғастырды Әсем Емелбекқызы.

Бас дәрігердің орынбасарының айтуынша, диспансерлік есепте тұрған науқастардың барлығына қаңтар-ақпан айларына жететіндей дәрі-дәрмек желтоқсан айында беріліп қойыпты. Сол себепті  бұл жағынан ешқандай тарығушылық болмау керек. Енді жаңа бұйрыққа енген ауру түрлеріне қажетті препараттар келе бастайды.

-Алдағы уақытта емхананың дәріханасын екіге бөлген дұрыс сияқты, – деген ойымен бөлісті Әсем Емелбекқызы. – Бір жағынан кепілдендірілген тегін медициналық көмек көлемінде берілетін дәрі-дәрмек, екінші жағынан сақтандыру пакетінде көрсетілген ауруларға бөлінген препараттарды босатар едік. Бұл, ең алдымен, пациенттер үшін ыңғайлы болар еді.

Біз медициналық сақтандыру жүйесінің қалай жұмыс істеп жатқанын алдағы уақытта та жаза береміз. Өз елді мекендеріңіздегі жағдай туралы біздің редакциямызға хабарлап тұруларыңызға болады.

 Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button