Саясат

Құрылыстағы құрғақ уәде қашан тыйылады?

Облыстық құрылыс басқармасы мемлекет бюджетінің қаржысына құрылыс салуды міндетіне алып, сол құрылыстарды мерзімінде салып бітірмеген үш құрылыс компаниясының ісін сотқа беріп отыр.

Құрылыстағы құрғақ уәде қашан тыйылады?Жауапты жұмысқа атүсті қарап, құрылысты қаңтарып қойып, былтыр аяқталуы тиіс шаруаны осы уақытқа дейін созған «Нагиль», «Стройэффект» кәсіпорындарының, «Каматис-ПромСтрой» ЖШС-нің бұдан былай құрылыс салумен айналысуға болатын, болмайтынын енді сот шешеді. Сонымен қатар олардан бірнеше миллион теңгенің тұрақсыздық төлемі өндіріліп алынбақ. Тапсырыс берушінің талап-арызы қанағаттандырылған жағдайда, кәсіп-орындар жауапсыз мемлекеттік сатып алушылар ретінде танылып, лицензиялары қайтарылып алынбақ.

Осы жауапсыз бас мердігерлердің кінәсінен өткен жылы Үржар ауданының Қаратұма, Науалы ауылдарындағы 320 орындық мектеп құрылыстары, Глубокое ауданы Верх-Березовка кентінің мектебінің жанынан салынып жатқан спортзал ғима-ратының құрылысы аяқсыз қалған. Тендерге қатысып, өзге облыстан келген құрылыс компаниялары да өткен жылы біраз жұртты шырғалаңға түсірді. Алматылық «Каздорстрой» ЖШС үшін Президент мектебін аяғына дейін жеткізу мұң болса, құны үш миллиард теңгенің «Қан орталығын» салып бітіре алмаған «Пелестрой» ЖШС міндетіне алған ірі құрылыстың қалған жұмысын өзге кәсіпорын аяқтап, жауапсыз мердігерлер құрылыстан аластатылған болатын.

Облыстық құрылыс басқармасы бастығының айтуынша, апатты жағдайдағы 24 мектептің кейбірінің қазіргі күні жүргізіліп жатқан құрылыстары да бекітілген кестеден кешіктіріліп келеді. Құрылыс-монтаждау жұмыстарында да кемшіліктер бар. Күршім ауданының Үшбұлақ, Ақжайлау, Қарашілік ауылдарындағы сексен орындық мектептерді салып жатқан мердігерлер «ВостокКапиталСтрой», «Профистрой», «ZhTгрупп», Катонқарағай ауданы, Аққайнар ауылындағы 180 орындық мектепті салып жатқан «НПО ЛИК», Үржар ауданындағы Жанай, Лайбұлақ ауылдарының жаңа мектебінің құрылысын жүргізіп жатқан «Терме Ост» және «Топипроект» кәсіпорындарының жұмыстары баяу жүргізіліп жатуы себепті, мерзімінен кешіктірілуде.

Қазіргі күні облыста мемлекеттік сатып алулар негізінде салынып жатқан бірнеше ондаған құрылыс нысандарында жиырма-отыз шақты мердігер компаниялар жұмыс істеп жатыр. Сол кәсіпорындардың ішінде былтыр, оның алдыңғы жылдары алған міндеттемесін орындай алмаған, құрылысын сапасыз жүргізген кәсіпорындар да жетерлік. Бір нысанды шала-шарпы бітіріп, көзбояушылықпен құтылып жүрген мекемелер немесе сеніп тапсырылған нысан құрылысын әупірімдеп жүріп әрең аяқтаған кәсіпорындар келесі құрылысқа барып, сапасыз жұмыстарын одан әрі жалғастыруда. Сондайлардың жолын кесіп, құрылыс сапасын арттыру үшін құрылыс басқармасының мамандары алдағы уақытта «Лицензиялау туралы» Заңға өзгерістер енгізілетінін айтады, бұдан былай лицензия алатын құрылыс кәсіпорны тапсырыс беруші – құрылыс басқармасының кепілдемесімен ғана лицензиялауға баруға рұқсат алады. Бүгінгі күнге дейін кімнің қалай жұмыс істеп жатқанын бес саусақтай білетін құрылыс басқармасының құзыретінде мұндай мүмкіндік болмаған.

Төбесінен қардың суы сорғалап, бала-шағасының күйісі кеткен Молдағұлова, Серікбаев көшелеріндегі, мемлекет қаржысына салынған өзге де көпқабатты жап-жаңа тұрғын үйлердің бүгінгі жағдайы, сапасыздығы осындай жауапсыз құрылыс компанияларының көзбояушылығының «жемісі». Жобадан ауытқып, құрылыс материалдарын үнемдей салынған бұл үйлер Қарағандыда жермен жексен болған тұрғын үйдің кебін киіп, бір күні құлап тынбасына кім кепіл? Көпшілігі банктен несие алып, қарызға кіріп, жаңа баспана сатып алып жатқан отбасылардың қуанышын су сепкендей ететін осындай келеңсіздіктер болмауы және бюджет қаржысының дұрыс жұмсалуы үшін құрылысты салушыларға ғана емес, оған қажетті өнімді өндірушілерге де қырағы қадағалау, ұдайы бақылау керек-ақ. Құрылыс индустриясы қарқын алып отырған бүгінгі күн талабы осыған меңзейді.

– Құрылыс компанияларының бәрінде білікті маман, білгір жұмысшылар болса, жұмыстары сапалы жүргізілсе, мұндай жағдайлар орын алмас еді. Облыста өз жұмыстарына адал қарап, құрылысты сапалы жүргізіп келе жатқан «ЮКО», «Эльхон» сияқты көптеген кәсіпорын-дар бар. Балабақша, аурухана, мектеп, тұрғын үй құрылысын мұндай кәсіпорындарға күдіктенбей-ақ, сеніп тапсыруға болады, – дейді облыстық құрылыс басқармасы құрылыс бөлімінің бастығы Дәурен Құрманғалиев.

Жанаргүл Мұқатай

Осы айдарда

Back to top button