Журналистік зерттеу

Құрылыс сапасына қаншалықты мән беріледі?

Құрылыс сапасына қаншалықты мән беріледі?

Елімізде құрылыс – тоқтаусыз дамып келе жатқан саланың бірі. Дегенмен, құрылыс тәсілдері жаңарып, еңбек өнімділігі жоғарылады десек те, баспаналардың бағасын кез келгеннің қалтасы көтере бермейді. Ал сол қымбат пәтерлердің сапасы бағасына сай ма?

Маман тапшылығы алаңдатады

Қазақстанның құрметті құрылысшысы, Семейдегі коммерциялық емес ұйымдар қауымдастығының вице-президенті Николай Исаев бүгінде бағасы қымбат, сәулеті солғын үйлердің көбейіп бара жатқандығы қынжылатынын айтады. Оның айтуынша, құрылыстың сапасын біліксіз жұмыс күші мен өндіріс технологиясының сақталмауы төмендетеді.
Расында өз ісін жетік білетін майталман құрылысшылар сирек кездеседі бүгінде. Керісінше екі қолға бір күрек таппағанның бәрі құрылысқа келуге мәжбүр. Олар кірпіш қалаушылардың, жобалаушылардың немесе жобалау-техникалық бөлімі инженерлерінің, смета құрушылардың, монтажшылардың және қарапайым жұмысшылардың қызметін атқарып жүр. Қазақстанда құрылысқа қатысты санитарлық ережелер мен нормалар әлдеқашан қалыптасқан. Сол талаптар әсіресе, жекеменшік нысандарында өрескел бұзылып жатады.
Жаңа ғимараттың өзіне жыл сайын жөндеу жүргізілуі біздегі құрылыстың сапасын аңғартып-ақ тұр. Николай Исаев мұның себебін құрылыс мектебінің жоқтығымен түсіндіреді. Құрылыстың негізгі қара жұмысын асқан жауапкершілікпен орындайтын тиісті мамандардың болмауы, елдегі небір сорақы құрылыстардың салынуына түрткі болып отырғаны да шындық. Бұрынғы құрылыс училищелерінде әрлеуші, тас қалаушы, сылақшы, шатыр жабушы, жинақтаушы сынды мамандарды дайындауға баса назар бөлінетін. Қазір біреуі де қалмады. Әрбір құрылыс трестінде оқу комбинаты болған. Ол жерде әр төрт жыл сайын құрылыс бастығынан бригадирге дейін барлық мамандар қосымша оқып, жаңа дүниені игерумен, өз тәжірибелерімен бөлісумен айналысатын. Бүгінгі таңда сол жүйені қайта тірілтпесек те, салынып жатқан құрылыс базасында болашақ құрылысшыларды тәжірибеден өткізу жағына көңіл бөлінсе, білікті мамандар мен басшыларды құрылыс компаниялары сырттан іздемей, өз қызметкерлерінің арасынан дайындаса маман тапшылығы аз да болса азаяр ма еді?

Құрылыстағы олқылыққа селт етпейтін болдық

Құрылыс сапасына қаншалықты мән беріледі?

Н.Исаев тәуелсіздік алған жиырма жылдан бері жаңадан оқу бітіріп келгендер болмаса, кәсіби деңгейін көтерген ешбір құрылысшы жоқ екенін айтады. Сапаның құлдырауына бақылаудың селқос жүргізілетіні де кері әсер етуде. Себебі, құрылыс компанияларының барлығы жекеменшіктің қолындақ болғандықтан, сападан бұрын табыс пен қаржы үнемдеу мәселесіне көп маңыз беріледі. Ал шағын және орта бизнес бүгінде тексерістен босатылған. Егер инспектор құрылыс нысанындағы техника қауіпсіздігіне орай бір ақауды байқаса, ол өзінің анықтаған кемшілігін дәлелдеу үшін прокуратурадан бастап, барлық құзырлы органдарға айлап сабылуына тура келеді. Ал бұл кезде құрылыс аяқталып, нысан пайдалануға беріліп қояды. Содан кейін адамдар үйімнің ана жерінен су кетті, мына қабырғасы жарылып тұр деген тәрізді шағымдарды қарша боратады.
Николай Исаев құрылыстағы олқылық қалыпты жағдай ретінде қабылданып жататынына наразы.
– «Құрылыс болған соң, ондай-ондай болып тұрады» деп жайбарақат қабылдап жатамыз. Ал оған кеткен уақыт пен Үкімет қаражатын ешкім есептемейді. Пайдаланылған ұсақ тұстардың, құрылыс ерітінділерінің, бетондық қоспалардың, кірпіштердің, темір пластиктердің, керамограниттің тиісті сертификаттары әрқашан бола бермейді. Құрылыс матриалдарының құрамы да сақталмайтын кездер көп. Терезе және есік блоктары мемлекеттік стандарттың талаптарына және бекітілген жобаларға жиі сәйкес келе бермейтіндігі рас, – дейді ол.
– Семейде барлық құрылысқа қажетті сапалы өнім шығаратын зауыттар жеткілікті. Бірақ жаңа салынған тұрғын үйлердің басым бөлігі сапа жағынан өте нашар, әрлеу жұмыстары да сын көтермейді. Пәтердің ішін қойып, кіреберістер мен дәліздердің ұсқынына қарап, жаңа салынған үй деп айтудың өзі қиын. Балалар ойнайтын алаңдардың айналасына көліктер топтастырылады. Көлік кіру аркалары ойланбай орналастырылған. Мүгедек жандарға арналған пандустар жоқ. Бар болған күннің өзінде мүгедек жан тұрмақ, сау адам тайғанап құлайтындай жайсыз, тым тік жасалған. Балалар алаңқайлары жұтаң жабдықталады, – дейді Мәдина Асылжанова деген жаңа үйге қоныстанушы.

Типтік жобалардың тиімділігі мол

Жекенің мүддесі бірінші орынға шығатындықтан, көптеген құрылыс компаниялары ең қажет деген шығынның өзінен үнем көруге тырысатыны да жасырын емес. Тіпті, кейбір компаниялар құрылысшылар киетін киімдерге дейін үнемдейтін көрінеді. Көптеген нысандарда құрылысшылар арнайы баскиімсіз жұмыс істеп жатады. Құрылыс алаңына қойылатын түрлі ескертпе тақталар да ақшаны үнемдеу үшін қойылмайды. Бұрындары экономикалық сараптама зертханалары жұмыс істейтін еді. Бүгінде ол жоқ. Ондай зертханада еңбек шығыны, материал құны, көлік құны барлығы терең зерттеліп, есепке алынатын.
Облыста әлеуметтік нысандарды, соның ішінде мектептер мен ауруханаларды типтік жобалар негізінде салу мәселесі көптен бері айтылып келеді. Қазіргідей әрбір нысанға жеке-жеке жобалық-сметалық құжат дайындау, оны сараптамадан өткізу деген шаш етектен шығын. Әлеуметтік нысандар жобасын типтік негізде біріздендіру жөнінде облыс басшылығының тиісті тапсырмалары бола тұра, бұл іс жолға қойылмай келе жатқаны да шындық.
Соңғы кезде Семейде тұрғын үйдің қолжетімділігі мен сапасын арттыру үшін отандық құрылыс комбинаттары да іске қосылды. Құрылыс саласы мамандарының айтуынша, егер отандық құрылыс комбинаттарын іске қосып, солар арқылы құрылысқа қажетті сапалы отандық құрылыс материалдары шығарылса, бұл да тұрғын үй құрылысын арттыруға мүмкіндік туғызбақ. Құрылыс материалы отандық болса, сөз жоқ құрылыс сапасына оң әсер етеді.
– Құрылыс индустриясы – экономиканың негізгі іргетасы. Кез келген елдің экономикалық күш-қуаты мен әлеуметтік тұрақтылығы құрылыс саласының дамуына тікелей байланысты. Мемлекет басшысының қолдауымен тәуелсіздік жылдары елімізде құрылыс саласын дамытуға барынша жағдай жасалды. Отандық құрылыс индустриясы қанат жайып, құрылыс материалдарын шығаратын өндіріс орындары көбейіп жатыр. Сондықтан да мен осы қарапайым мамандықты таңдағаныма еш өкінбеймін, – дейді жас құрылысшы Айдар Ұзынбұлақов.
Құрылысшылар қарапайым мамандық иесі болғанмен, олардың кәсіпқойлықтары мен шеберліктерінің арқасында жаңа үйлер, мектептер, аурухана, жолдар салынып жатыр. Соңғы жылдары елімізде құрылыс саласы қарқын алып келеді. Оның ішінде біздің аймақта тұрғын үй құрылысы және «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламалары аясында ауқымды істер атқарылды. Соңғы уақытта Семейде бірқатар нысандар бой көтерді. Бүгінде қаладағы бой түзеген тұрғын үйлерде, ауруханалар мен білім нысандарында, іске қосылған өндірістерде құрылысшылардың қолтаңбасы жатыр. Сондықтан құрылысшы мамандығы құрметке лайық.

Раушан Нұғманбекова

Семей.

Осы айдарда

Back to top button