Риддерде құрылыс қарқын алады
Риддер қаласына жұмыс сапары барысында аймақ басшысы Даниал Ахметов бірқатар әлеуметтік маңызды нысанды аралады.
Биыл қалада 600 орындық жаңа мектептің құрылысы басталды. Алдағы екі жылда қалада 140 орындық жаңа аурухана, 500 адамға арналған емхана бой көтереді.
Аудандық аурухананың үшінші корпусында күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды. Кей лауазымды тұлғалар мен ұйымдардың жұмысына бейжай қарауы салдарынан нысанда 2,5 жыл бойы жұмыс тұралап қалған болатын. Бірақ жаңа мердігер мекеме жұмысты қысқа мерзімде сапалы орындады. Нәтижесінде, Риддер толық жөнделген, заманауи жабдықталған инфекциялық бөлімге ие болды.
Тоқталып өтер маңызды мәселе, қалада 1400 адам үй кезегінде тұр. Олардың қатарында қырық көпбалалы отбасы бар. Сондықтан Риддерде тұрғын үй салуды бастау өте маңызды. Бұл ретте келесі жылы кем дегенде 4 көпқабатты үйдің құрылысы басталады. Қажетті қаражат бөлінеді.
– Осы жылдың екінші жартысында офтейк келісімшарт бойынша 10 бірқабатты үй бой көтереді. Бұл – көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға арналған 20 пәтер. Егер құрылыс компаниясы міндеттерін сапалы әрі мерзімінде орындаса, тағы 10 үйдің құрылысына шарт жасасамыз. Осылайша, 40 көпбалалы және аз қамтылған отбасы баспаналы болады, – деді облыс әкімі осы орайда.
Қазір қалаға 17 дәрігер керек. Әкімдік қажет мамандарды тапқаннан кейін, оларға арналған үй құрылысы басталады. Жалпы, қаладағы баспана мәселесін шешу үшін жұмысы аяқталмаған бос үйлерді сатып алу тапсырылды, себебі кезек мәселесін шешу керек. Сондай-ақ сумен жабдықтау және көпірлерді жаңғырту жобалары да іске асуда.
Didar ақпарат