Қоғам

Өткен жылға өкпе жоқ, келер жылдан үміт көп

Өткен жылға өкпе жоқ, келер жылдан үміт көпОблыс басшысы Бердібек САПАРБАЕВ былтырғы 29 желтоқсанда Өскемен қаласындағы бірнеше әлеуметтік нысандарды аралап, өткен жылды қорытындылаған қала активінің жиналысына қатысты.

Қаңтарда қатты аязға дайын болу қажет

Желтоқсанның аязы облыс орталығында да өз ізін қалдырып кеткені шындық. Үйіндінің астында қалған қоқыс алаңдары, омбы қардан аршылмаған аулалар… Өскемендіктер мұндай көріністі көптен бері көрмеген еді. Бірақ шұғыл әрекеттің арқасында бұл сыннан да сүрінбей өтті қала жұртшылығы. Алайда қыстың ең қаһарлы айы енді келгенін ескерсек, босаңсуға әлі ерте. Қала іргесіндегі Меновное ауылындағы жылу қазандығының жұмысымен танысу барысында аймақ басшысы аяздың беті біржола қайтпағанын ескертті.

Қазандық басшылары тұрғындар тарапынан жылыту жұмыстарына қатысты шағым түспегенін, 40 градустан төмен аяздар қысқан кезде де пәтерлердегі жылу температурасы 18 градустан түспегенін баяндады. Қазандықта бес бірдей пеш үзіліссіз жұмыс істеп тұр. Көмір қолмен салынатын қазандықта тәулігіне үш адам ауысыммен жұмыс істеуде. Қорда әрдайым үш күнге жететін көмір болатын көрінеді. Бұл шамамен 75 тоннаға тең екенін айтады қазандық басшысы Михаил Коротков.

Өскеменді қос жылу энергия орталығынан бөлек жеті бірдей қазандық жылытып тұр. Алайда жылу жүйесін ірі кәсіпорындар шеңберіне тарту экономикалық тұрғыдан алғанда әлдеқайда тиімді болмақ. Бүгінде осы бағытта біраз шаруа тындырылуда. Қала әкімінің орынбасары Дмитрий Кавригин Өскемен жылу энергия орталығы шамадан тыс жұмыс істеп келе жатқанын айтады. Сол жағалау жылу энергия орталығына қосымша екі қазандық салу жобасы мәселені шешудің бір жолы ретінде қарастырылуда. Бірақ жаңадан қолданысқа беріліп жатқан нысандарды есепке алар болсақ, бұл шаралар жеткіліксіз болмақ. Жаңадан жылу стансасын салу ғана мәселені түбегейлі шешпек.

Аталмыш қазандықтан жылытылатын нысанның бірі – Меновное орта мектебі. Мектеп сыртынан терезелердің қырау басып тұрғанын көрген аймақ басшысы әрбір сыныпқа кіріп оқушылармен тілдесті. Жыл сайын жаңартылып, біртіндеп талапқа сәйкестендіріліп келе жатқан ескі мектептің терезелері пластикке ауыстырылыпты. Алайда аязды күндері спортзалдағы температура 12 градусқа дейін түсіп кететінін айтады мектеп директоры Любовь Лихачева. Оқушылар аймақ басшысына әсіресе, орыс тілі кабинетінде суық күндері сыртқы киіммен отырып сабақ оқитындарын айтты. Қалалық білім бөлімінің бастығы Александр Кузнецов өткен жылы аталған мектепті жөндеуге 12 млн. теңге кеткенін, мектептің жағдайын жөндеу мұнымен шектелмейтінін жеткізді. Қала іргесінде отырып, осындай халде қалған білім ошағының мәселесін шешіп бере алмаған жергілікті билікте де кінә барын айтты облыс басшысы.

– Қала іргесіндегі мектептің жағдайы заман талабына жауап бере алмауы өкінішті. Жергілікті әкімшілік мәселеге жаны ауырып, тиісті деңгейге дер кезінде көтеруге міндетті. Аз да болса алға жылжу бар екенін көріп отырмыз. Бірақ бұл жеткіліксіз, – деді аймақ басшысы.

Ал мектеп басшылығынан мектептегі білім сапасын көтеру талап етілетінін айтқан облыс Әкімі түлектердің арасында бірде-бір «Алтын белгі» иегері болмауының, үлгерімі жақсы оқушылардың тұрақтамай, басқа білім ошақтарына ағылуының себебін анықтап, тиісті шаралар қолдану керектігін тапсырды.

Облыс орталығында салынған хоккей қораптарының игілігін көретін кез жеткенімен, олардың кейбірінде балалардың мұз айдындарында емін-еркін сайран салуына жағдай жасалмайтыны анықталды. Мәселен, Красин көшесіндегі үшінші үйдің ауласына қойылған хоккей қорабы облыс Әкімінің көзінше қардан тазартылды. Аймақ басшысы бұл спорттық нысандарды бүгінгідей көзалдаушылық әрекеттер үшін салынбағанын ескертті.

– Бұл нысандар қалалық білім бөліміне бекітілген. Әр аулаға хоккей қораптарын келер ұрпақ саламатты өмір салтына машықтансын деп салдық. Сондықтан олардың есігі әрқашан ашық болуы тиіс, – деді ол.

Баға – бақылауда

Бағаны бақылаудан қалдырмайтын облыс басшысы «Горизонт» дүкені мен «Жәрдем» базарын аралады. Сөредегі тауардың түр-түріне тұтынушылар үшін тиімді баға көрсетілгенімен, мұндай көрініс ресми өкілдердің сапарына орай ұйымдастырылмаса игі деген күдік білдіріп, тұрақтандыру қорының өнімдерін саудалайтын облыс орталығындағы нүктелердің жұмысы жолға қойылмағанын сынға алды өңір басшысы.

– Республика бойынша картоп бағасы ең қымбат қала Өскемен болып отыр. Баға тиімді болмағандықтан тұтынушылар да жоламайды. Біз осы қордың өнімін саудалайтын тоғыз орынға бақылау жүргізгенбіз. Соның көбі бағаны тұрақтандыру шараларынан бейхабар екені анықталды. Тұрақтандыру қорының нүктелері сөз жүзінде ғана емес, іс жүзінде жұмыс істеп тұруы қажет, – деді облыс басшысы. Қала әкімінің орынбасары Оксана Желякова болса, бағаның қымбаттауы тұрақтандыру қорының өнімдері уақытында жеткізілмеуі кесірінен орын алған деген желеу айтты.

Қалалық жедел медициналық жәрдем ауруханасына кезекті рет бас сұққан аймақ басшысы ақ халатты жандардан тұрғындар тарапынан аталған медицина ошағының қызметкерлеріне неліктен көп шағым түсетінін сұрады. Әуелі сыртқы келбетінің ешбір талғамға сай келмейтінін сынға алған ол дәрігерлер қауымымен жүздесіп, жағдайларына қанықты.

– Науқастардың ауруханадағы қарым-қатынасқа қатысты арыз-шағымдары дәрігерлердің біліктілігіне, әдебіне байланысты. Ал ауруханадағы материалдық жағдай мен ғимараттың емделуге қолайлылығы осы саланың тізгінін ұстаған басшылардан талап етіледі, – деген облыс Әкіміне облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Вадим Овсянников жылды еңбекақы қарызынсыз аяқтап отырғанын баяндады. Науқастармен тілдесіп, диагностика және ота бөлмелерін аралаған өңір басшысы аса қажетті құрылғыларды орнатуға атқарушы билік тарапынан қолдау болатынына сендірді.

Тірек-қозғалыс мүшелеріне зақым келген балаларға арналған медициналық санитарлық мекемесіндегі Жаңа жыл мерекесіне қатысқан облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ мүмкіндігі шектеулі жеткіншектерге жасалған жағдайды көзімен көрді. Мұнда бір жарымнан 18 жасқа дейінгі балалар емделіп, тәрбиеленуде. Интернат типіндегі мекемедегі 135 баланың 25-і алыс аудандардан келген. Тіліне қарай орыс және қазақ топтарына бөлінгендіктен, алыстан келген емделушілер ешқандай қиындықсыз ортаға бейімделіп кететінін айтады мекеме қызметкерлері.

18 жылдық тарихы бар мекеменің тәжірибесін үйренуге еліміздің түкпір-түкпірінен мамандар келетінін айтады облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының бастығы Ольга Кузовлева. Облыс әкімдігінің қолдауымен салынған жаңа асхана, тұрмыстық бейімдеу бөлмесі және көркемдік студия осындағы тәрбиеленушілердің өмірін қызықты әрі қолайлы ете түскен. Балаларды Жаңа жыл мерекесімен құттықтаған облыс басшысы оларға бала зейінін дамытуға арналған ойыншықтар сыйлады. Мекеме мамандарының еңбегі ақталатын кездер де болатынын айтады Ольга Кузовлева. Соңғы екі жылда осындағы төрт бала науқасынан айығып, дені сау балалардың қатарына қосылыпты. Қалған тәрбиеленушілер болса, орта білімді мекемеге жақын орналасқан №19 мамандандырылған жалпы білім беретін мектеп-кешенде алуда. Өңір басшысы аталған білім ошағын да аралап, мектепті жылыту және мүмкіндігі шектеулі балаларға жасалған жағдаймен танысты.

Қорытынды көңіл көншітеді

Бұдан кейін облыс Әкімі қала активімен кездесіп, өткен жылды қорытындылады.

– Өтіп бара жатқан жылды жақсы нәтижемен аяқтап отырмыз. Соңғы кезде үдеген аяз жылу мен жол қатынасына байланысты қиындықтар туындатты. Жаңа жыл алдында өткенді саралап, аталған олқылықтарды алдағы уақытта болдырмаудың жолын талқылау үшін жиналып отырмыз, – деді аймақ басшысы.

Облыс орталығы үшін Ұлу жылы несімен ұтымды жыл болғанын қала әкімі Серік Тәукебаев баяндады. Оның айтуынша, қаланың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерінде өсім байқалған. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 603 млрд. теңгені құраған. Қала аумағында жаңадан 90 мың шаршы метр баспана тұрғызылып, былтырғы межеден 3 мың шаршы метрге асып түскен. Қаржы игеру мен инвестиция тартуда аздаған кемшіліктердің бар екенін де жасырмады қала әкімі. Бөлінген қаржының 99,5 пайызы игерілсе, инвестиция көлемі төмендеген.

Екі аптаға созылған қатты аяз тұрғын үй-коммуналдық кешенінде қордаланған мәселелердің бетін ашқан. Атап айтқанда, дизельді отынмен жүретін автобустар тоқтап, тұрғын үйлердің аулалары қоқыстың қоршауында қалған. Осыған байланысты өз міндетін мүлтіксіз орындай алмаған бес компания әкімшілік жауапқа тартылып, «Өскемен тәртіп» мекемесінің басшысы қызметінен алынған. Сондай-ақ ол жылу үздіксіз беріліп отырғанын, оған қажетті отын қоры жетіп-артылатынын мәлімдеді.

Бұдан кейін облыс басшысы «Өскемен тәртіп», «Өскемен-водоканал» мекемелері мен жылу энергия орталықтарының, қалалық жолаушы көлігі және автомобиль жолдары, білім, денсаулық сақтау, мәдениет бөлімдерінің, қалалық ішкі істер бөлімінің басшыларын тұрғызып, есеп алды. Аталған сала басшылары табиғаттың тосын мінез көрсетуіне қарамай өз мекемелерінің тиісті режимде жұмыс атқарып жатқанын айтып бақты.

– Жаңа жылдан бастап жасы жетпістен асқан қарттар Өскеменде қоғамдық көліктердің қызметін тегін пайдалануы керек, – деген облыс басшысы жаңа жыл қарсаңында 20-40 пайызға аспандап шыға келетін азық-түлік бағасын да сынға алып, бағаны тұрақтандыру қорына бөлінген 2 млрд. теңгенің еш нәтиже бермегеніне қынжылыс білдірді. – Осы тұрақтандыру қорының нүктелері орналасқан дүкендердің көбінде аталған шара жайында ешкім ештеңе білмейді. Көкөніс сақтау орындарында өнімдер шіруге айналған. Ал баға аспандап тұр.

Облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ қаладағы азық-түлік бағасына жауапты Оксана Желяковаға бұл бағыттағы жұмысты тез арада жолға қоюды міндеттеді. Жиын соңы құттықтауларға ұласты. Қала ардагерлері Виктор Меньшиков пен Орест Соколов, Григорий Северушенковқа құрмет көрсетілсе, өскемендіктер атынан облыс басшысына Президент Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ қолынан алған жоғары марапатымен құттықтаулар, жылы лебіздер айтылды.

Есімжан Нақтыбайұлы

Осы айдарда

Саясат

Рейтингтің көш басынан көрінді

Жаңа жылдың қарсаңында «Саясат-Monitoring» тобы әкімдердің рейтингін құрған болатын. Аталмыш рейтинг республикалық және өңірлік деңгейдегі сарапшылардың, әлеуметтанушылар мен журналистердің арасында өткізілген сауалнама негізінде түзілгенін айта кетейік.

Рейтингтің көш басынан көріндіАталған рейтингтің екінші сатысына Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетовке небәрі 0,2 балл ғана есе жіберіп, облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ тұрақтады.

Рейтингті анықтау кезінде тұлғаның саяси мәртебесі мен халық арасындағы беделі, ақпараттық белсенділігінің индексі ескерілген. Айта кетерлігі, соңғы пункт бойынша аймақ басшысы барша әріптестерін басып озып, өзінің қарамағындағы қызметкерлерді БАҚ өкілдерімен тығыз әрі белсенді қарым-қатынаста жұмыс істеуге шақыруда ерекше белсенділік танытқаны аңғарылады. Аймақта сыни мақалалар бойынша жұмыс істеу механизмі дұрыс жолға қойылған. Ақпараттық жариялылық – билікке деген сенімнің нығая түсуінде маңызды факторға ие болмақ.

Облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ кезекті рет өзінің жоғары кәсібилігін, БАҚ өкілдерімен ашық жұмыс істейтіндігін, қандай жағдайда болмасын шығысқазақстандықтардың ортасынан табылатындығын дәлелдеді.

Ақпарат sayasat.org сайтына орналастырылған материалдарды пайдалана отырып, даярланды.

Шығыс-Ақпарат

Осы айдарда

Back to top button