Республикалық айтысқа ең алғаш қатысқандардың бірі Кенжебай еді
Өзімді бәрің білесің,
Сөзімді бәрің білесің.
Кенжебай ақын мен болам
Бәріңе таныс бұл есім.
Біреуің мақтап жүресің,
Біреуің сырттан күлесің.
Не десең о де, аз емес
Өмірден алар үлесім.
Тағдырдың тартып дүресін
Өткізіп бастан келемін
Тынымсыз тірлік күресін.
Бұл – өмірден ерте озған талантты ақын Кенжебай Қайынбаевтың жан сыры. Ол 1955 жылдың 24-наурызында Күршім өзенінің оңтүстік бетіндегі Долаңқара тауының етегіндегі Күйген қамыс деген қыстауда қой баққан әке-шешенің үшінші ұлы болып дүниеге келген. Кенжетай есімді егізі бар. Ақынның ата-анасы 1957 жылы Теректібұлақ ауылына қоныс аударып, сол жерді тұрақ қылған. Алғаш білім нәрімен де сол ауылда сусындап, Қапас Әміренов есімді ұстаздың ұлағатын ұғынып, 1972 жылы мектепті біріңғай бестік бағамен бітіреді. Әсіресе, есепке келгенде алдына жан салмаған жан екен. Кенжебайдың өз жұрты да, нағашы жұрты да өлеңге жүйрік болған. Оған дәлел ағасы Танаштың айтқан естелігі: « Шешеміздің аты Күлжәміш Төлегенқызы, әкесі Мамажанұлы Төлеген – Таз атаның биі, рубасы болды. Атасы Тойбазар, одан Аңдаусыз Таз атамыздың ауылбасы, биі болған жандар. Сол аталар айтты деп шешеміз де айтып отыратын «Заң жаман, заман жаман, әкем аты Мамажан» – деп тақпақтап сөйлегендерін. Бертінге дейін шешеміздің бір бауыры Шәріпхан дейтін нағашымыз ән айтып, айтысқа да қатысып жүрді.
Ал әкеміз өте әңгімешіл адам болды. кешкі астан соң дөңгелек үстел маңына отыра қалып әңгімесін тыңдаушы едік. Ескі жырларды ерінбей айтып отыратын. «Еңлік-Кебекті» алғаш әкеміздің аузынан естідік. Батырлар жыры жинағын тауып әкеліп, бізге оқытып, тыңдайтын. Долаңқарада отырған үйде патефон болды. Сол кездегі атақты әншілердің әндері мен күйлердің барлық табағы болды. Осының барлығы Кенжебайдың бойындағы дарынының дами түсуіне, шығармашылық қабілетінің шыңдалуына өз әсерін тигізбей қоймады. Әкеміздің және бір қасиеті, ол қандай да бір әңгіме иә болмаса тарихи шежіре айтса, ешқашан жылдарын шатастырмай, рет-ретімен айтушы еді. Сол қасиет Кенжебайдың да бойынан айқын аңғарылып тұратын. Теледидардан айтыс болса, айтып жатқан кісінің не айтқанын сол күйінде жаңылмай қайталап айтып беруші еді».
Өнерде де, өмірде де жақын араласып, қатты сыйласқан достарының бірі ақын Хасен Зәкәрия Кенжебай жайындағы естелігінде ақынның айтыстағы алғашқы аяқ алысы турасында ойын былай деп баяндайды: «Республикалық айтысқа біздің арамыздан ең алғаш қатысқан Абаш пен Кенжебай еді. 1989 жылы өткен «Наурыз айтысына» барған осы екі жүйрік те көзге түсіп, бұрын «Шығыста да ақын бар ма, ол жақтың бәрі орыс емес пе?» – деп таңырқайтын оңтүстік жұртына өздерін таза мойындатып қайтты».
Кенжебайдың айтыстағы арыны мен жазба поэзиядағы жалыны қатар шапқан қазанат секілді десек қателеспейтін шығармыз. Себебі, оның айтыстағы елді шу еткізген шумақтарынан өлеңінің өткірлігін аңғару қиын емес. Енді бір сәт ақынның жазба жырларына назар салып көрелік.
Талант иесі өзінің өлкесін, ауылдастарын қаншалықты жақсы көргенін оның «Теректібұлақ» дейтін өлеңінен байқаймыз. «Шығыста жатқан қазақтың шағын ауылы, Шежіре мен аңызға толы бауыры» деп басталатын туындының негізгі мәні мен мағынасы – сол топырақтың аңызға айналуына үлкен үлес қосқан біртуар тұлғаларын тұнық жырмен, әсерлі шумақпен әспеттеу. Олардың жасаған ерен ерліктері мен қайталанбас қайраткерлік бейнелері бүгінгі жастар үшін мақтануға тұрарлық маңызды дүние. Шағын ауылдан шыққан ел азаматтарының ерекше еңбектерін тарқата келе, «Ғалым да шыққан, дарын да шыққан ауылда, алға сүйрейтін азаматтар әлі бар шығар» деп ойын үмітке толы үнмен қорытындылайды.
Ақын болсын, басшы болсын басқа болсын әрқайсының көкірегінде «әке», «шеше» дейтін асыл сөздің алар орны айрықша. Олардың үмітін қайткенде ақтаймын деген сауал санасында сайрап жатқаны сөзсіз.
«Мақтаса ұлың сені мақтасыншы,
борышын алдыңдағы ақтасыншы.
Қарыздармын көргенде самайдағы,
күмістей жалтыраған ақ шашыңды» деп келетін Кенжебай ақынның өлеңі сол үмітті ақтауға тырысатын перзенттің пәк пейілін байқатса керекті.
«Асығыспен алыс жолда шаршаған,
Мейірімді ақ жүзіңді аңсаған.
Кездерімде бара қалсам, сағынып,
Құшағыңа ала берші, алшы анам!» – деп жырлайды ақын.
Ақынның жүрегі «қылдан нәзік, қылыштан өткір» деп, баға беріп жатады біздің қазақ. Десе дегендей. Өйткені, ақын адам жүректің адамы, сезімнің адамы. Үнемі арпалысқан ойдың ортасында жүреді. Кейде бала сияқты еркелеп, кейде дана сияқты кемеңгер кейіпте болады. Тек соның бәрін түсінетін адамдар айналасында аздау болып жатады. Кенжебайдың өнерін өрге сүйреп, жанын жақсы түсінетін жолдастарының көп болғанын ақынның «Достарыма» деген шығармасынан байқауға болады.
Адам жаны алуан қарасаңдар
Жаманың бар, жақсың бар, тамашаң бар.
Туыстықтан артық боп кетер кейде
Жолдастықты биік қып санасаңдар – деп тебіренеді. Ал Кенжебай жайындағы толымды пікір мен толғаулы жырды Хасен Зәкәрия ағамыздың «Төртінші мүшел» кітабынан қиналмай табасыз. Хасен ағамыздың «Көңіл шері» деп аталатын қазанаттың қазасына арналған өкінішке толы өлеңінде оқып көрелік.
Тілеуіңді басқадан көп тілеген,
Асқарымның бірі едің көк тіреген.
Бір-ақ сәтте көңілді қайғы басты
Хабар келіп «өмірден өтті» деген.
Көп ойландым бұл сәтті бейнелерде,
Талғамыңа жазғаным сай келер ме?
Көз алдымнан кезеңдер өте берді
Қатар шапқан алуан бәйгелерде, – деп келмеске кеткен кездерді сағынышпен емірене еске алады. Бұл да достықтың ізгі ілтипатын білдірсе керек. Қуаныш пен қайғысы қатар жүретін өмір өткелінде жаныңды түсінер жандардың бірге жүргені көңілге үлкен медеу.
Ақынның сырға толы «Сыр», «Кел ,көктем», «Сезім күйін шертемін», «Өзім туралы ойлар», «Отызбен сырласу» сияқты шымыр дүниелері өлең өлкесінде өзіндік орнын белгілейтін белді туындылар десек артық айтқандық болмас, сірә.
Кенжебай ақынмен кеңінен араласып, замандас болған дос-жарандары оның ең бірінші адамгершілігін, ақ көңілділігін айтып жүреді. «Аузын ашса жүрегі көрінетін» ақ жарқын азаматтардың қатарынан екенін қалыс қалдырмайды. «Ақынның өлеңі – ақынның мінезі, ақынның мінезі – ақынның өлеңі» болу керек. Сонда ғана шығармашылық шырай болады. Ал Кенжебай осыны тең ұстай білді. Сондықтан да оның өлеңдерінен ақиқаттың, адалдықтың ажары алыстан аңғарылып тұратын. Ортамыздан кеткеніне он бес жылдай уақыт болса да, оның болмысы бөлек бейнесі біздің көз алдымыздан жоғалған емес.
Айдарбек Ғазизов