Әр ауылдық округте спорт нұсқаушысы неге жоқ?
«Дидар» газетінің редакциясында ұйымдастырылған кезекті тікелей байланысқа облыстық туризм, денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әбіл Дөңбаев келіп, оқырмандардың сауалдарына жауап берді.
Әділбек ЖҰМАҒОЖИН, Семей:
– Өскемендегі спорттағы дарынды балаларға арналған облыстық мектеп интернатында спорттың қай түрінен қандай бөлімшелер бар? Ұлым шайбалы хоккей секциясына қатысқысы келеді. Менің естуімше, мектептің интернаты жоқ екен. Таяу арада интернат салына ма?
– Өскемен қаласында Шығыс Қазақстан облыстық спорттағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернаты бар. Мектеп-интернатына конкурстық негізде алдын ала балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінде даярлықтан өткен, қандай да бір спорттық разрядтары мен жетістіктері бар жеткіншектер қабылданады. Аталған мектеп-интернатта 8-11 сынып оқушыларын негізгі білім беру бағдарламаларын оқытумен қоса, спорттың тоғыз түрінен, атап айтқанда, боксқа, еркін күреске, грек-рим күресіне, гандболға (қыздар), байдарка мен каноэда есуге, жеңіл атлетикаға, семсерлесуге, фристайлға, шайбалы хоккейге баулиды. Осы спорт түрлерінен оқушыларды іріктеу сынағы тамыз айында өткізіледі. Облыс орталығының сол жағалауында (ат спорты мектебі маңы) мектеп-интернаттың құрылысын жүргізу жоспарда тұр. Онда оқу-жаттығу корпустары, 200 орындық жатақхана болады.
Асан РАҚЫМБАЕВ, Қасым Қайсенов кенті, Ұлан ауданы:
– Жеті жастағы баланы хоккейге арналған киім-кешегімен, ойынға керек-жарағымен толық қамтамасыз ету үшін қанша қаражат жұмсалады?
– Баланы толық қамтамасыз ету үшін жалпылап айтқанда, төмендегі заттар қажет: коньки – 20 мың теңге, арнайы бас киім (шлем) – 16 мың теңге, ойыншы қорғаны – 12 мың теңге, төсқорғанышы – 11 мың теңге, шынтақжабар – 9 мың теңге, қолғаптар – 16 мың теңге, комбинезон – 6 мың теңге, мойын қорғанышы – 3,5 мың теңге, имек таяқша – 6,5 мың теңге, жейде – 6 мың теңге. Жалпы жиыны 106 мың теңге тұрады.
Зейнелхан МҰСАБАЕВ, Шемонайха ауданы:
– Биылғы облыс Әкімінің жүлдесі үшін облыстық халықтық спорт ойындары қай қалада, қашан өткізіледі? Бағдарламаға спорттың қай түрі енгізілген? Қандай өзгерістер бар? Спорттың қай түрі бойынша бас жүлдеге автокөлік тігіледі?
– Шығыс Қазақстан облысы Әкімі жүлдесі үшін Қазақстан футболының 100 жылдығына арналған XVII халықтық спорт ойындары және «Сәулетай» ІХ облыстық балалар спорт ойындары Семей қаласында 25-28 маусым аралығында өткізіледі. Бағдарламаға жеңіл атлетика, волейбол, футбол, қазақ күресі, гір спорты, қол күресі, тоғызқұмалақ, аламан бәйге – 25 шақырым, бәйге – 15 шақырым, тайжарыс – 3 шақырым, жорға жарыс, теңге алу, көкпар, аударыспақ, қыз қуу, шахмат, дойбы, үстел теннисі, президенттік көпсайыс спорт түрлері енгізілген. Жеңімпаздар облыс Әкімінің жүлделерімен, облыстық туризм, денешынықтыру және спорт басқармасынан естелік мадақтамаларымен, медальдармен марапатталады. Демеушілер көмегімен аламан бәйгенің бас жүлдесіне жеңіл көлік тігу қарастырылып жатыр.
Нұролда МӘДЕНБАЕВ, Зырян қаласы:
– Сочидегі қысқы Олимпиада ойындарына біздің облыстан қанша спортшы қатысады? Олар кімдер? Жүлделі орындарға үміткерлер бар ма?
– Сочиде өтетін 2014 жылғы XXII қысқы Олимпиадаға облыстан ұлттық құрама сапында 28 спортшы қатысып, өз өнерлерін көрсетеді. Ресми түрде лицензияларды жеңіп алған спортшылар 2014 жылдың 20 қаңтарына дейін белгілі болады. Биатлоннан өткен әлем чемпионаттарының қорытындысы бойынша он спортшы лицензияға ие болды. Фристайлдан үш лицензияны Дмитрий Рейхерд, Дарья Рыбалова, Юлия Галышева жеңіп алды. Сонымен қоса, Павел Колмаков мен Дмитрий Бармашовқа да сенім артып отырмыз. Шаңғымен жарысудан Игорь Закурдаев үш қашықтықта (жылдамдықпен құлдилау, слалом гигант, супер гигант) лицензияны иеленді. Сноубордтан Валерия Цой ғана біздің облыстан қатысады. Олимпиада медальдарын Алексей Полтораниннен күтеміз.
Құмарғазы НҰРМҰХАНОВ, Зырян ауданы:
– Биыл облыстық ардагерлер спартакиадасын өткізу жоспарда бар ма? Бар болса, спорттың қай түрінен, қай айда, қай жерде өткізіледі?
– Үстел теннисінен ардагерлер арасында облыс чемпионаты Өскеменде өткізілді. Енді осы қалада 16-17 тамыз күндері ардагерлер спартакиадасын, 22-23 желтоқсанда шахматтан ардагерлер арасында чемпионат ұйымдастырамыз.
Мәлік ЖАПАРОВ, Өскемен:
– Біздің облыс тұрғындары арасында қанша адам спортпен шұғылданады. Ол барлық тұрғындардың қанша пайызын құрайды?
– Облысымызда бұқара халықтың белсенді түрде денешынықтырумен, спортпен айналысуы үшін тиянақты жұмыстар жүргізіліп жатыр. Облыс тұрғындары арасында 300 мыңға жуық адам денешынықтырумен, спортпен шұғылданады, бұл жалпы халықтың 21,2 пайызын құрайды.
Базар СЕРІКБАЕВ, Аягөз қаласы:
– Биыл Аягөз қаласындағы стадионды күрделі жөндеуден өткізу үшін қаражат бөліне ме?
– Аягөз қаласындағы стадионды күрделі жөндеуден өткізу жұмыстары республикалық «Жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында жоспарланған.
Асылбек ӘБУОВ, Семей:
– Семейде хоккей корты бар Мұз сарайы салынады дегенге көп уақыт болды. Осы сарай қашан салынады?
– Семей қаласындағы хоккей корты бар Мұз сарайының құрылысын 2014-2015 жылдары жүргізу жоспары қарастырылып жатыр.
Лида ВАСИЛЬЕВА, Семей:
– Көркем гимнастика, мәнерлеп сырғанау сияқты спорт түрлеріне қандай қолдау көрсетіп жатырсыздар?
– Көркем гимнастика бүгінде Өскемен мен Семейде дамыған. Осы қалалардағы жаттығушылар саны 363 адамды құрайды. Спортшылар арасында еліміздің ұлттық құрама командасының мүшелері де бар. Сондай-ақ, біздің облыстан Қазақстан Республикасы чемпионаттарының жеңімпаздары және кубок иегерлері атанғандар да бар. Биыл облыстың көркем гимнастикадан құрама командасы VI жазғы оқушылар мен колледж студенттері арасында өткен республикалық спартакиадада жалпыкомандалық есепте бірінші орынды жеңіп алды. Қазіргі уақытта біздің спортшылар ІІІ республикалық жастар ойындарына дайындалып жатыр. Ал мәнерлеп сырғанаудан бүгінгі күні облыста маман және спорттың осы түрін дамытатын қажетті инфрақұрылым тапшылығы мәселесі туындап отыр.
Әлібек ЗӘКӘРИЯНОВ, Көкпекті ауданы:
– Көкпекті ауылында футбол алаңы мен жеңіл атлетикалық жүгіру жолы бар орталық стадион салынатыны туралы айтылып жатыр. Сол стадион қашан салынады? Көкпекті ауданындағы ауылдық округтерде спорт жөніндегі нұсқаушы штаты бола ма?
– Көкпекті ауылындағы орталық стадионның жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеп жатыр. Заң талаптарына сәйкес сараптамадан өткен соң 2014 жылы құрылыс жұмыстары басталатын болады. Бірқатар аудандардағы ауыл округтерінде спорт бойынша нұсқаушы-әдіскер штаты қарастырылмаған. Штат бірлігін бөлу мәселесі аудан әкімдіктерінің құзырына кіреді. Айта кететін бір жайт, Бородулиха, Глубокое, Зырян, Зайсан, Күршім аудандарының ауылдық окургтерінде спорт бойынша нұсқаушы-әдіскер штаты бірлігі мәселесі аудандық әкімдіктер тарапынан оңды шешілген. Бұл өңірлерде ауыл спортын дамытуда айтарлықтай өзгерістер байқалуда. Басқарма тарапынан бүгінгі күні Көкпекті және басқа да аудандардың ауылдық округтерінде спорт жөнінде нұсқаушы-әдіскер бірліктерін ашу мәселесі бойынша жергілікті әкімдіктермен бірлескен жұмыстар жүргізілуде. Олардың атқаратын міндеттері, жауапкершіліктері мен құқықтары бойынша әдістемелік нұсқаулықтар әзірленген.
Ораз ҚАЛҚАБАЕВ, Бесқарағай ауданы:
– Бесқарағай ауданының орталығында спорт модулі салына ма, қашан? Сондай-ақ, шағын футбол алаңдары аудандағы ауылдарының бәрінде салынса деген тілегіміз бар. Оған мүмкіншілік қалай?
– Қазақстан футболының 100 жылдығы аясында Бесқарағай ауылында футбол алаңы бар кең ауқымды спорт алаңын салу, Қарабас және Канонерка ауылдарында жасанды жабынды төселген футбол алаңдарын салу жоспарланған. Бұл мақсаттарға 81 млн. теңге көлемінде республикалық және облыстық бюджет есебінен қаржы бөлу қарастырылған. Сондай-ақ, Жаңа Николаевка, Глуховка, Долон ауылдарында да демеушілер қаржысы және облыстық бюджет есебінен 4,5 млн. теңге көлемінде шағын футбол алаңдарын іске қосу жоспарда бар.
Төлеген БАТТАЛОВ, Аягөз ауданы:
– Біздің аудан бұқаралық спортты дамытуға жақсы үлес қосып келеді, алайда, ауылдық мектептердегі спортзалдарында спорт құрал-жабдықтары мүлде жоқ, мұны қалай шешуге болады? Сондай-ақ, республикалық маңызы бар «Қозы-Көрпеш – Баян сұлу» мазарына туризм үшін қандай жағдай жасалуда?
– Аягөз ауданы бұқаралық спортты дамытуда жетекші аудандардың бірі болып саналатыны белгілі. Ал ауылдық мектептерге спорттық жабдықтар сатып алу біздің басқарманың құзырына кірмейді. Бірақ төрт жыл қатарынан облыста жүзеге асып келе жатқан игі шараның бірі – «Туған жерге – тағзым» акциясы аясында ауданнан шыққан белді кәсіпкерлерді, жомарт азаматтарды осы мәселені шешуге тарту жұмыстарын жүргізу ұсынылады. Аягөз ауданында орналасқан республикалық маңызы бар «Қозы-Көрпеш – Баян сұлу» мазары қазіргі уақытта облыс мәдени-танымдық туризмінің негізгі нысандарының бірі болып отыр. Облыстық статистика департаментінің мәліметтеріне сәйкес өткен жылы Аягөз ауданы 29903 туристке қызмет көрсеткен. Бұл – облыс бойынша Өскемен, Семей қалалары, Үржар ауданынан кейінгі төртінші көрсеткіш. Сонымен қатар, қазір бұл нысан әзірлену үстіндегі облыс туризмі кластерлік дамыту бағдарламасы шеберлік жоспарының қосымша кластерінде қарастырылған.
Сәбит МАЙЛЫБАЕВ, Абай ауданы:
– Абай ауданында туризмді дамытуға байланысты істен гөрі сөз көп. Осыған байланысты не айтқан болар едіңіз?
– Ұлы Абайдың туып өскен жері отандық туристердің ғана емес, сондай-ақ, шетелдік азаматтардың да көп келетін орны болып табылады. Туристер санын одан әрі арттыру мақсатында қазіргі уақытта Абай ауданында Семей – Қарауыл жол бөлігінің жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, Абай ауданында орналасқан тарихи-мәдени ескерткіштер Шығыс Қазақстан облысының туризмін кластерлік дамыту бағдарламасының шеберлік жоспарының қосымша кластеріне енгізілді. Ең негізгі мәселе, Қарауыл ауылы инфрақұрылымының нашарлығы. Бұл жерде тек бір қонақ үй бар.
Абзал АЙТУАРОВ, Теректі ауылы, Күршім ауданы:
– Теректі ауылындағы құжаттары жасалып, өткізіліп қойған спорт модулінің құрылысы қашан басталады? Бұл жоба 2014 жылдың жоспарына енгізілді ме?
– Теректі ауылындағы спорт модулінің құрылысын шекаралық аумақтарды дамытудың 2014-2016 жылдарға арналған бағдарламасы аясында 2015 жылы жүзеге асыру жоспарлануда. Жобаның жоспарланған құны – 222, 558 млн. теңге.
Ербол МАРАТОВ, Үржар ауданы:
– Қалалы жерде теңге алу, аударыспақ, қыз қуу, жорға жарысы секілді ұлттық спортымыз неге дамымаған?
– Спорттың бұл түрлері дамып келеді. Ел чемпионатында теңге алудан, аударыспақтан, қыз қуудан жеңімпаздарымыз баршылық. Республикалық ат жарыстарында да жетістіктер бар. Облыс орталығындағы ипподромды біздің басқарма иелігіне алғаннан кейін жөндеп, ат спортының манежін саламыз. Соның жоғары жағынан 200-дей ат ұстайтын қоралар салуға жер телімі бөлінеді. Атшабардың инфрақұрылымы жасалады. Аттардың барлығы бір жерде тұратын болса, жарыстар өткізуге де тиімді болады.
Сәрсенхан ҚАБДОЛДАНОВ, Үржар ауданы:
– Облыс Әкімінің жүлдесі үшін аймақтық жарыстарда кейбір аудандар өз командаларына басқа аудандардың көкпаршыларын әкеліп қосады. Бұған қашан тосқауыл қойылады?
– Ереже бойынша 2013 жылға дейін жергілікті тіркеуде тұрған спортшы тек сол ауданның атынан халықтық спорт ойындарына қатысуларына рұқсат берілген.
Әлімжан Қадылбекұлы