Саясат

Әр ауылда Ассамблеяның өкілі бар

Әр ауылда Ассамблеяның өкілі бар


Осынау айтулы мерекеге орай өңірде ұлтаралық достық пен ынтымақтастықты нығайту мақсатында атқарылып жатқан шаруалар жөнінде толығырақ білмек мақсатта Шығыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Асқар Нұрғазиевпен сұхбаттасқан едік.

Шығыс Қазақстан халқының мәдени мұрасы зерттеледі

– Асқар Қисаұлы, Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдағы рөлі және оның жұртшылықпен өзара әрекеттестігі жайында айтып берсеңіз.

– Қазақстан халқы Ассамблеясы 1995 жылы Қазақстан Республикасының Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Президент жанындағы консультативтік-кеңесші орган ретінде құрылған. Қазіргі таңда ҚХА қоғамның саяси жүйесінің бір бөлігі, кеңесші орган болып табылады. Қазақстан халқы көп этникалық қоғам жағдайында екенін ескерсек, біздің елімізде 130 ұлттың, ал Шығыс Қазақстанда 105 ұлттың өкілі тұратындығын атап өткен орынды. Ассамблеяның басты мақсаты – еліміздегі қоғамдық келісімді, жалпыұлттық бірлікті сақтау және нығайту.

Қазіргі кезде Ассамблеяныңнақты ұйымдастырылған құрылымы бар. Аймақтық Ассамблеялар да жұмыс істейді. Осыған орай Шығыс Қазақстан облысының Ассамблеясына өңірдің барлық қалалары мен аудандарынан 290-нан астам өкіл кіреді, онда 16 ұлт көрініс тапқан.Жергілікті жерлердегі Ассамблеяның негізгі тірегі – Достық үйлері, этномәдени бірлестіктер, қоғамдық келісім кеңесі, отбасындағы толеранттық тәрбие бойынша аналар кеңесі. Осы аталған құрылымдық бөлімшелер арқылы Ассамблея халықпен тығыз байланысты жүзеге асырады.

– Өңірде тұратын халықтардың тілін, дәстүрін және мәдениетін дамыту мен сақтау бағытында қандай жұмыстар атқарылуда?

– Мемлекет олардың тілін, салт-дәстүрін, мәдениетін дамытуда барлық жағдайды жасап келеді. 1992 жылы Өскеменде еліміз бойынша бірінші болып халықтар Достық үйі ашылғаны баршамызға белгілі. Сол уақытта ол небәрі тоғыз этномәдени бірлестікті ғана біріктірді. Қазіргі кезде облыста 13 Достық үйі тұрақты жұмыс істеп тұрса, олардың базасында 123 этномәдени бірлестіктің жұмысы жолға қойылған.

Облыста бірнеше жыл қатарынан «Шығыс Қазақстандағы халықтардың мәдениеті мен тілдерін дамыту мектебі» жұмыс істеп келеді. Оның базасында мемлекеттік тіл мен ағылшын тілі, сонымен бірге тоғыз этностың тілі оқытылады. Олардың қатарында неміс, татар, белорус, шешен, армян, әзербайжан, украин, иврит, корей тілдері бар.Бұдан бөлек, Семей, Курчатов, Алтай, Шемонайха қалаларындағы Достық үйлерінің жанында жексенбілік тіл мектептері жұмыс істейді.

Облыс әкімі, Шығыс Қазақстан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы Даниал Ахметовтің бастамасымен 2018-2019 жылдары «Рухани жаңғыру» облыстық бағдарламасының «Шығыс Қазақстан халықтарының мәдени мұрасы» жобасының аясында қазақ, орыс және татар фольклорын зерттеуге 50 млн. теңге қаржы бөлінді. Мемлекет этномәдени бірлестіктерге этникалық мерекелерді өткізуге, ұлттық костюмдерді тігуге, көрмелер, семинарлар, шеберлік-сыныптар, ғылыми-тәжірибелік конференциялар өткізуге әрқашанқолдау білдіріп келеді.

– Қазақстан халқы Ассамблеясының жаңа қоғамдық институттары – қоғамдық келісім кеңесі мен отбасындағы толеранттық тәрбие бойынша аналар кеңесінің мақсаты қандай?

– Олардың басты мақсаттары – халықпен барынша тығыз байланысты қамтамасыз ету, адамдарды толғандыратын өзекті мәселелерге жылдам әрекет жасау. Сонымен қатар, әрине, этносаралық салада тартысты жағдайларға жол бермеу. Біздің облыста 284 қоғамдық келісім кеңесі құрылған, кеңестер облыстық, қалалық, аудандық, ауылдық округтік деңгейде. Бір сөзбен айтқанда, бүгінгі таңда әрбір ауылда Қазақстан халқы Ассамблеясының өз өкілі бар.
Барлық деңгейдегі қоғамдық келісім кеңестерінің мақсатты жұмыстарын қамтамасыз ету үшін «Шығыс Қазақстан– дау-жанжалсыз аумақ» жобасы іске асырылуда. Сәйкесінше, барлық деңгейдегі аналар кеңесі «Отбасы – мемлекет негізі» бірыңғай жобасының аясында жұмыс істеп келеді.
Ағымдағы жылдың алғашқы тоқсанында қоғамдық келісім кеңестерімен 408 іс-шара өткізіліп, азаматтардың 74 өтініші өз шешімін тапты. Ал аналар кеңесімен 17 мың адамды қамтыған 265іс-шара өткізілді. Қазіргі кезде олар көпбалалы отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек көрсетудегі ақпараттық жұмыстарға белсенді қатысуда. 2018 жылдың қорытындысында ШҚО ҚХА байқауының жеңімпаздары болып Глубокое ауданының қоғамдық келісім кеңесі мен Катонқарағай ауданының аналар кеңесі танылды.

– Асқар Қисаұлы, медиация, қайырымдылық көмегін ұйымдастыру секілді жұмыстың жаңа бағыттарында ШҚО ҚХА қандай шаруалардықолға алды?
– 2016 жылы облыстық Ассамблея облыстық сотпен, әділет департаментімен, адвокаттар алқасымен, ішкі істер департаментімен, білім, денсаулық сақтау басқармаларымен,«Шаңырак», «Альтернатива» медиация орталықтарымен медиация институтын дамыту жөніндегі меморандумға қол қойды. Соңғы уақыттарда бұл бағытта белгіленген нақты шаруалар атқарылды. Аймақта 87 медиация кабинеті жұмыс істейді, «Қоғамдық келісім» КММ базасында облыстық сотпен бірлескен «Дауларды сотқа дейінгі реттеу кабинеті» ашылды. Облыстық Достық үйінің базасында виртуальды медиация кабинеті жұмыс істеп тұр. Қоғамдық медиаторлар реестріне 144 адам кіргізілген. Облыстық Ассамблея өкілдерінің медиативтік қызметі жандана түсті. Тек облыстық Достық үйіндегі медиация кабинетіне ғана ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында 60 өтініш түсті, олардың бәрі медиативтік келісім барысында шешімін тапты.
Облыстық Ассамблея өз өкілеттігі шегінде Достық үйлерінің, этномәдени бірлестіктердің қайырымдылық қызметін ұйымдастырады. Бұл қызметті ШҚО ҚХА-ныңмеценаттар клубы үйлестіреді. 2019 жылдың ерекшелігі сол, әр ай сайын ҚХА желісі бойынша тақырыптық акциялар өткізіледі. Мәселен, алғашқы тоқсанда «Сарқыт», «Сыбаға», «Шашу» акциялары өткізіліп, қайырымдылық көмегінің барысында 240 отбасыға барлығы 7млн.885 мың теңгенің көмегі көрсетілді.

Жастар лигасы құрылды

– Шығыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының ғылыми-сараптау тобы қызметінің тиімділігі қандай?

– Ғылыми-сараптау тобы Ассамблеяның қызметін ғылыми тұрғыда сүйемелдеуді қамтамасыз етеді. Оның құрамында Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінің және С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің ҚХА кафедрасының оқытушылары, ғалымдары бар. Қазақстандағы этносаралық жағдайдың тұрақтылығына қарамастан, ол динамикалық процестерге бейімделген. Оларды зерттеу, тәжірибелік ұсынымдарды жасау – ШҚО ҚХА ғылыми-сараптау тобы қызметінің негізгі міндеті. Топ арқылы көптеген ғылыми және қоғамдық маңызды шаралар жүргізіледі. Олардың ішіндегі айрықша маңыздылары ретінде жыл сайын өтетін «Қазақстандағы және іргелес аумақтардағы этно-демократиялық процестер» ғылыми-практикалық конференциясын атауға болады. 2018 жылы оның жұмысына Ресейден, Канададан, Қытайдан, Чехиядан, Эстониядан, Грузиядан, Беларусь республикасынан, өзге де елдерден ғалымдар келіп қатысты.

«Қазақстандық-ресейлік шекара маңында тұратын қазақстандық жастар арасындағы оқу миграциясы» зерттеуі де өзекті тақырып болды. Студент жастар арасында «Жастар арасында мәдениетаралық толеранттық кеңістікті қалыптастыру және диалогты дамыту» жобасы жүзеге асырылуда. Облыстық Ассамблеяның ғылыми-сараптау тобы Ресей Федерациясы Алтай мемлекеттік университетінің «Қазақстандық жол және Н.Ә.Назарбаев» кафедрасымен бейбітшіліктің, жасампаздық пен толеранттылықтың қазақстандық моделін зерттеу бойынша тығыз байланыста.
Сонымен бірге ШҚО ҚХА ғылыми-сараптау тобының ғалымдары әлеуметтік зерттеулерге, этносаралық жағдайларды мониторингілеуге қатысады. Биылғы алғашқы тоқсанда жүргізілген әлеуметтік зерттеулердің нәтижесі бойынша сұралғандардың 91,1 пайызы облыста этносаралық жағдай тұрақты, қолайлы деп жауап берген. Ал респонденттердің 92,5 пайызы қоғамдағы келісім мен бейбітшілікті нығайтуға бағытталған мемлекеттік саясатты қолдайтындықтарын жеткізген.

– Ал жастарды ШҚО ҚХА қызметіне тарту бағытында нендей шаруалар атқарылуда?

– Жасыратыны жоқ, көптеген этномәдени бірлестіктердің құрамында негізінен орта жастың және аға буынның өкілдері жүр. Сондықтан да соңғы үш жылдың көлемінде Ассамблея жұмысына жастарды тарту бойынша белсенді жұмыс жүргізілді. 2016 жылы ШҚО ҚХА жастар лигасы құрылды. Барлық Достық үйлерінің жанында Ассамблеяның жастар клубы жұмыс істейді. Этномәдени бірлестіктерде өз жандарынан жастар секцияларын ашу ісі қарқын алды. 2018 жылы сәуір айында Ассамблеяның жастар қозғалысының «Жаңғыру жолы» облыстық штабы құрылды, оның әр қала мен ауданда өкілдігі бар. ҚХА жастар қозғалысының белсенділері осыған дейін көптеген қызықтыжобаларды іске асырды. Олардың қатарында Ресей Федерациясының шекаралас аймақтарындағы жастар ұйымдарымен ынтымақтастық, облыстық жастар этнофестивалі, флешмобтар бар. Сондай-ақ «Ұлы Дала Елі» тарихи-экологиялық экспедициясының аясында Шығыс Қазақстанның киелі жерлеріне саяхат жасалып, жастар Семейдің мұражайларында,«Қозы Көрпеш-Баян сұлу» ескерткішінде, ұлы Абайдың отаны«Жидебай-Бөріліде», «Берел қорғандары» археологиялық кешенінде және өзге де тарихи орындарда болып қайтты. Бұл жұмыстар биыл, Жастар жылында да жалғасын тапты. Жекелеген Достық үйлерінде «Айбын» әскери-патриоттық клубтарының құрылуы жаңа бастама болды.
–Металлургтер мәдениет сарайының ғимаратына көшкен соң, облыстық Достық үйінің жұмысында өзгерістер болған шығар?

– Әрине, облыс әкімі Даниал Ахметовтің шешімімен жеті мың шаршы метрге жуық жалпы ауданы бар Металлургтер мәдениет үйі ғимаратының облыстық Достық үйіне берілуі еліміздегі тұңғыш Халықтар достығы үйінің 25 жылдығында этномәдени бірлестіктер үшін ерекше тамаша тарту болғаны сөзсіз. Бұл Достық үйінің жұмысына өз әсерін тигізді. Оны нақты фактілермен айтуға болады. Мысалы, 2016 жылы Достық үйінде құрамында 206 адамы бар 18 шығармашылық ұжым жұмыс істесе, қазіргі уақытта Достық үйінде 604 адамды біріктірген 25 шығармашылық және хореографикалық ұжымдар өз қызметін жүргізуде. Қолайлы кабинеттерде 22 этномәдени бірлестік орналасқан. Облыстық Достық үйінің ғимараты толық жүктемеде жұмыс істеуде.

– Облыстық Ассамблеяның алдағы жоспары туралы айтсаңыз.

– Шығыс Қазақстан облысының Қазақстан халқы Ассамблеясы Тұңғыш Президент– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың айқындап берген бағытынан таймастан, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту бойынша жұмыстарды жалғастыра береді. Облыс әкімі Даниал Ахметовтің тапсырмасына сәйкес биыл Абай, Аягөз, Күршім, Көкпекті, Үржар, Тарбағатай, Зайсан аудандарында аудандық қоғамдық келісім орталықтары ашылмақ.Этномәдени бірлестіктердің сапалы құрамын нығайту жұмыстарын жалғастырып, Шығыс Қазақстанда бейбітшілік пен келісім берік салтанат құруы үшін барлық мүмкіндікті, күш-жігерді жұмсайтын боламыз. Реті келіп тұрғанда, барлық шығысқазақстандықтарды Қазақстан халқының бірлігі күнімен құттықтаймын! Әр отбасыға бейбіт өмір, амандық тілеймін!
Дәурен Аллабергенұлы

Осы айдарда

Back to top button