Азық-түлік бағасын тұрақтандыру мақсатында әкімдік тарапынан бірқатар жұмыс атқарылуда. Былтыр инфляцияны тежеу, яғни азық-түлік, дәрі-дәрмек, жанар-жағармай бағасын тұрақтандыру, тарифтерді бекіту туралы ауданның тұрақты штаб отырысы 41 рет өткен.
Оларға өңірдегі ірі дүкендер мен наубайхана иелері шақыртылып, азықтың 19 түріне үстеме бағаны 10 пайыздан асырмау туралы түсіндіріліпті. Бұл жұмыстар биыл да қарқынды жалғасып отыр.
– Былтыр әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын өсірмеу мақсатында 297 меморандум жасалды, – дейді аудандық ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімінің сектор меңгерушісі Назым Байпейісова. – Атап айтқанда, негізгі азық-түліктің үстеме бағасын 10 пайыздан асырмау туралы 267 дүкен, 20 наубайхана, 1 диірмен, 2 сүт қабылдау орталығы, 2 май тарту цехы, 5 көтерме сауда кәсібі иелерімен меморандум жасалынды.
Өңірде ірі 20 наубайхана жұмыс істеуде. Бірінші сұрыпты нанның наубайханалардан босатылу бағасы – 75-85 теңге, бөлшек саудадағы бағасы – 75-90 теңге. Сонымен қатар әлеуметтік бұрыштарда аз қамтылған отбасыларға нан 72-75 теңгеден босатылады.
«Көмек қолынды бер!» акциясы, яғни бір нан алсаң, бір нанды мұқтаж адамдарға тегін беру іс-шарасы көптен бері жалғасуда. Аудан орталығындағы «Гүлназ» дүкенінде, Мақаншыдағы бірнеше дүкенде мұқтаж адамдарға күніне бір бөлкеден тегін нан тізім бойынша таратылады. Өңірдегі 78 азық-түлік дүкенінде әлеуметтік бұрыштар ашылып, аз қамтылған 159 отбасы бекітілді. Сонымен қатар, аудан әкімінің тапсырмасына орай, көтерме тасымалдаушы кәсіпкерлермен келісім жүргізіліп, шалғайдағы елді мекендерге төмен бағамен азық-түлік жеткізу керуені ұйымдастырылып келеді. Біраз жылдан бері әр жексенбіде аудан орталығы – Үржар ауылында, әр сенбіде Мақаншы, Таскескен елді мекендерінде өңірдегі ауылдық округтердің қатысуымен ауыл шаруашылығы жәрменкелері өткізілуде. Өткен жылы 156 жәрменке өтіп, ауыл шаруашылығы өнімдері 10-15 пайыз төмен бағамен саудаланды.
Сонымен қатар жыл басында аудан орталығынан «Petro-reteil» серіктестігінің жанармай құю стансасы іске қосылып, жанармай бағасы біраз төмендеді.
Үржар ауданы.