Референдум - 2022

Қоғам мүддесін көздейді

Конституциялық референдум өткізуге аз уақыт қалды. Ел тарихындағы елеулі оқиғаға бейжай қарамай, белсенді қатысу – әрбір азаматтың борышы. Себебі, бұл – бүгінгі еліміздің ғана емес, болашақтың тағдырына тікелей әсер ететін маңызды сәт.

Мемлекет басшысының бүкілхалықтық референдумды өткізуге қатысты бастамасын қолдау мақсатында облыста қоғамдық штаб құрылған болатын. Оның құрамына үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, ғалымдар, журналистер мен блогерлер, ардагерлер мен жастар қауымдастығы, этномәдени орталықтардың жетекшілері енген. Сол штаб өкілдері бүгінде өңірдің түкпір-түкпірінде референдум өткізуге байланысты түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Мұндағы мақсат – референдумның маңызы мен мәнін бүкіл бұқара халыққа барынша сауатты түрде жеткізу, халықты кеңінен ақпараттандыру.

Қасым-Жомарт Тоқаев сайлауалды бағдарламасында негізгі үш мәселені көтерген болатын. Бірінші – халықтың әл-ауқатын көтеру, екінші – әділеттілік орнату, үшінші – мемлекетімізді дамыту. Қазіргі күні болып жатқан барлық реформаны сайлауалды бағдарламаның қисынды жалғасы деп қарастыру керек. Президент ұсынған конституциялық реформа елдің әлеуметтік-экономикалық және саяси дамудың жаңа сатысына, жаңа кезеңіне аяқ басқалы тұрғанын көрсетеді.

– Біз ұсынылған өзгерістердің бағытын толық қолдаймыз және әрбір азаматтың еліміздің Конституциясына өзгерістер енгізу қажеттігі туралы пікір білдіруге құқығы бар екеніне нық сенімдіміз. Түзетулерді бүкілхалықтық дауыс беруге шығару – биліктің азаматтарға бағытталғанын растайтын дұрыс қадам, – дейді штаб төрағасы, облыстық Азаматтық альянстың басшысы Олег Чернышов.

Оның пікірінше, дауыс беру нәтижесі халықтың ерік-жігері мен ел болашағын түсінуінің айқын дәлелі болмақ.

– Біз күшімізді біріктіріп, дайындыққа көмектесіп жатырмыз. Түзетулердің мәнін және олардың ел дамуына қалай әсер ететінін түсіндіру үшін халықтың түрлі топтарымен белсенді жұмыс жүргізіп келеміз, – деп жалғастырды штаб жетекшісі.

Қоғам белсендісі түзетулер елге есеп беретін Үкіметті, ықпалды Парламентті, шын мәнінде халықтық мәслихаттарды құруға септесетінін атап өтті. Облыстық штаб өкілдері конституциялық реформа саяси еркіндік пен бәсекелес демократиялық ортаны дамыту үшін қажет жағдайлар жасайтынына кәміл сенімді.

Референдумға ұсынылған түзетулерді қабылдау еліміздің саяси жүйесін түбегейлі өзгертпек.

– Президент қазіргі қолданыстағы Конституцияның үштен біріне түзетулер енгізуді ұсынып отыр. Олардың бәрі халық билігін күшейтуге бағытталған. Бүгінде баршамыздың елдегі саяси жүйенің өзгеруіне ықпал етуге, демократиялық жаңа Қазақстанды құруға мүмкіндігіміз бар. Осы мүмкіндікті бүкілхалықтық референдумға қатысып, пайдалануға міндеттіміз, – деді Олег Чернышов бізге берген сұхбатында.

Штаб мүшесі, әлеуметтанушы Элеонора Столярованың пайымынша, түзетулерді қабылдау үшін, әлбетте, бүкіл халықтың пікірін білу қажет. Референдум қорытындысы мемлекеттің дамып, өркендеуіне мүмкіндік береді, қоғамдық бастамаларға жол ашады.

– Ұсынылып отырған өзгерістер мен толықтырулар бүкілхалықтық референдумға шығарылып отыр, – дейді сарапшы. – Конституциялық реформа азаматтар сұранысынан туындаған және бүкіл қоғамның мүддесін көздейді. Сондықтан әркімнің дауысы маңызды.

Прокуратура органдары облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы, штабтың белді мүшесі Ғазиз Найзабаев азаматтардың құқығын қорғау, қоғамды демократияландыру бағытындағы түзетулердің заңдық аспектілерін айрықша атап отыр.

– Конституциялық соттың құрылып, адам құқығы жөніндегі уәкілдердің тәуелсіз болуы, еліміздің өлім жазасынан бас тартуы – үлкен жетістік, – деген ол әрбір азамат жаңа Қазақстанның қалыптасуына өз үлесін қосып, 5 маусымда дұрыс таңдау жасауы тиіс екенін айтады.

Штаб өкілдері реформалар қазіргі саяси модельді түбегейлі өзгертеді деген ортақ пікір білдіріп, барлық шығысқазақстандықтарды белсенді азаматтық ұстаным танытуға, республикалық референдумға біркісідей қатысуға шақырып отыр.

Ержан Әбіш

 

 

 

Осы айдарда

Back to top button