Қайнардағы әлеуметтік нысандар жөнделеді
Облыс әкімі Даниал Ахметов жұмыс сапарымен бұрынғы Абыралы ауданының орталығы Қайнар ауылында болды. Барлық әлеуметтік маңызды нысандарын аралап, жағдайымен танысты.
Өңірімізде жаңа жобаның қолға алынғаны белгілі. Қазіргі кезде облысымыздағы барлық бұрынғы аудан орталықтарын дамытуға бағытталған кешенді жоспар әзірленуде.
Өкінішке қарай, бүгінгі таңда Қайнар тұрғындары мемлекеттік органдардан қарапайым анықтама алу үшін Семейге барады. Себебі, ауылда 26 қызметтің тек 16 түрі көрсетіледі. Сондықтан аймақ басшысы қала әкімі Нұрымбет Сақтағановқа мәселені шешіп, тез арада ұсыныс енгізуді тапсырды.
– Ауылдағы мектепке, Мәдениет үйіне бірқатар жөндеу жүргізу қажет. Тиісті қаражатты бөлеміз. Мәселен, мектептегі спортзалдың терезесі мен еденін толық ауыстырып, ғимараттың шатыры мен қасбетін жаңарту қажет, – деді облыс әкімі.
Директордың айтуынша, маман тапшылығы жоқ, биыл интернет желісі тартылып, ІТ, робот техникасы сыныптары толық жұмыс істеп тұр. Алайда, білім сапасына қатысты сұрақтар бар. Бүгінде облыс бойынша ҰБТ балы орта есеппен 85-ті құраса, мұнда – 75. Өте төмен. Білім басқармасы мәселені бақылауға алуы тиіс.
Қараөлең ауылдық округінің 2500 тұрғынына қызмет ететін аурухананың күтімі мен қызмет сапасына тағылар сын көп. Дәрі сақталатын қарапайым жиһаздың есігі сынып жатыр, өкініштісі, мейірбикелер оны жасырып әлек. Науқастар жататын бөлмелерде су жоқ, есіктерінің тұтқасы түсіп, әрең ашылып, жабылады.
– Жөндеу жұмыстарын жүргізіп, қажетті құрал-жабдықтарды алуға бюджеттен қаражат бөлеміз. Ультра-дыбыстық зерттеу құрылғысы ескірген екен, тез арада жаңасын алып беру тапсырылды. Денсаулық сақтау басқармасы сондай-ақ перзентхана ашу үшін жұмысты бастауы қажет.
Сонымен қатар Қайнарға дәрігерлерді тарту мақсатында мамандарға арналған баспана саламыз. Ауыл көшелерін толық жөндеуден өткіземіз. Ал Семей – Қайнар тасжолы келер жылы толық жөнделіп бітеді, – деді Даниал Ахметов.
Мәдениет үйінде орналасқан кітапхана қызметкерлерінің айтуынша, ғимарат іші салқын. Аурухана мен мектеп іші де салқын. Ал ауыл әкімдігі болса, резервте тұрған қазандықты іске қосуға асығар емес. Көмір мен қаржы тапшы емес. Тек сапалы жұмыс атқаруға ынта жоқ. Бұл мәселе де биыл шешімін табады.
DIDAR ақпарат