Жауап береміз

Қарыздар салымшының зейнетақы жинағынан өндірілмейді

Бүгінгі таңда зейнетақыға қатысты елді толғандырған сауалдар көп. Соған орай, оқырмандар жолдаған бірқатар сауалдарға тиісті сала өкілдерінің нақты жауап беруін өтінген едік. Төмендегі сауалдарға «БЖЗҚ» Шығыс Қазақстан облыстық филиалының директоры Марат Сейітқалиев жауап берген еді. 

Бірнеше жыл бұрын мен БЖЗҚ-ның ресми сайтындағы жеке кабинетке тіркелдім. Бірақ біраз уақыттан кейін паролін ұмытып қалдым. Енді маған жеке кабинетке кіріп, үзінді көшірмені онлайн режимде қалай алуға болады?

Сахан Ахмеров

Өскемен. 

– Жеке зейнетақы шотынан үзінді көшірмені Сіз ұялы қосымшадан, БЖЗҚ және электрондық үкімет сайттарынан көре аласыз. Ол үшін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамынан алуға болатын электрондық цифрлық қолтаңбаның өзекті кілтін пайдалануға болады. Бұдан бөлек, БЖЗҚ автоматтандырылған ақпараттық жүйесінде тіркелген жекелеген деректемелерді (электрондық мекенжай, ұялы байланыстың абоненттік құрылғысының телефон нөмірі) сіз ЭЦҚ-ны пайдалана отырып немесе БЖЗҚ кеңселерінің біріне жүгіну арқылы өзектендіре аласыз. 

– Жақында 63 жасқа толып, зейнеткерлікке шықтым. Бірақ жұмысымды одан әрі жалғастыра бергім келеді. Енді менің жалақымнан міндетті зейнетақы жарналары ұстала бере ме?

Ақан Қалиев

Зайсан ауданы.

– Жоқ, аударылмайды. «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 24-бабы, 2-тармағының ережелеріне сәйкес зейнеткерлік жасқа толған адамдар БЖЗҚ-ға міндетті зейнетақы жарналарын және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын төлеуден босатылады.

– Қазіргі індет кезіндегі материалдық жағдайымның ауырлығына байланысты биыл мерзімі өткен және төленбеген екі несием бар. Айтыңызшы, бұл қарызды менің зейнетақы жинақтарымнан өндіріп ала ма?

Раушан Салауат

Ұлан ауданы. 

– Жоқ, өндіріп алу мүмкін емес. Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңының 50-бабы, 3-тармағына сәйкес салымшының (алушының) борыштары бойынша міндетті зейнетақы жарналарына, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарына, өсімпұлдарға, зейнетақы активтеріне және зейнетақы жинақтарына тыйым салуға немесе олардан өндіріп алуға жол берілмейді.

 Бұдан басқа, Қазақстан Республикасының «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Заңының 98-бабы, 14-тармағына сәйкес өндіріп алу салымшының қарыздарына үшін зейнетақы жинақтарына қатысты қолданылмайды. 

– Ағам қайтыс болғаннан бері бір айдан артық уақыт өтті. Біз оның отбасы үшін зейнетақы жинақтарын алуға қандай құжаттар қажет екенін және нақты қандай қаражат ала алатынымызды білсек деп едік.

Тілеген Зиятхан

Глубокое ауданы. 

– «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 50-бабы, 5-тармағына сәйкес алушы, сондай-ақ БЖЗҚ-да зейнетақы жинақтары бар және Заңның 11-бабының 1-3-тармақтарына сәйкес зейнеткерлік жасқа толмаған адам қайтыс болған жағдайда, оның отбасына не жерлеуді жүзеге асырған адамға БЖЗҚ республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген айлық есептік көрсеткіштің 52,4 еселенген мөлшері шегінде, бірақ жеке зейнетақы шотындағы (бұдан әрі – ЖЗШ) қаражаттан аспайтын мөлшердегі жерлеуге арналған біржолғы төлем төлейді.

Егер жерлеуге арналған біржолғы төлем жүзеге асырылғаннан кейін алушының ЖЗШ-дағы зейнетақы жинақтарының қалдығы тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген ең төменгі зейнетақы мөлшерінен аспайтын соманы құраған жағдайда, бұл қалдық жерлеуге арналған төлем ретінде төленеді.

Бұған қоса, Заңның ережелерінде БЖЗҚ-да зейнетақы жинақтары бар адам қайтыс болған жағдайда, олар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен мұраға қалдырылатыны айқындалған.

Заңның 34-бабы, 9-тармағының 2) тармақшасына сәйкес БЖЗҚ алушыларға зейнетақы төлемдерін Үкімет белгілеген тәртіппен жүзеге асыруға міндетті. Аталған тәртіп, сондай-ақ қажетті құжаттар тізбесі  Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 2 қазандағы №1042 Қаулысымен бекітілген Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылған зейнетақы жинақтарынан зейнетақы төлемдерін жүзеге асыру қағидаларында айқындалған.

Төлем түріне, оларды БЖЗҚ-ға беру тәсіліне (өзі келгенде/пошта байланысы құралдары/үшінші тұлға арқылы жүгінген кезде) байланысты қажетті құжаттардың өзекті тізбесі, оларды ресімдеуге қойылатын талаптар, сондай-ақ, өтініш бланкілері және төлем валютасының түріне қарай оларды толтыру және сенімхат үлгілері www.enpf.kz мекенжайы бойынша БЖЗҚ-ның веб-сайтында орналасқан.

– Коронавирус індетіне байланысты  жұмыс берушім біраз уақыт жалақы төлемеді. Егер мен ресми түрде жалданып жұмыс істейтін болсам, алдыңғы айлар үшін міндетті зейнетақы жарналарын өз бетімше аудара аламын ба? 

Саят Құспанов

Риддер. 

– Қазақстан Республикасының қолданыстағы зейнетақы заңнамасына сәйкес міндетті зейнетақы жарналарын салымшылар салымшы агентінің (жұмыс берушінің) аударуы арқылы төлейді. Бұл ретте «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамына аудару арқылы өз пайдасына міндетті зейнетақы жарналарын мына жеке тұлғалар ғана төлей алады:

– жеке кәсіпкерлер;

– жеке нотариустар;

– жеке сот орындаушылары;

– адвокаттар;

– кәсіби медиаторлар;

– азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша табыс алатын жеке тұлғалар;

– бірыңғай жиынтық төлем төлеушілер.

Осылайша, егер сіз жоғарыда аталған тұлғалар санатына жатпасаңыз, онда МЗЖ есебінен қалыптастырылған жеке зейнетақы шотын өз бетіңізше толықтыру мүмкін емес.

Әзірлеген – Дәурен Аллабергенұлы

        

 

Осы айдарда

Back to top button