Саясат

Президенттіке кандидаттар электоратпен жүздесті

Президенттіке кандидаттар электоратпен жүздесті

Президенттікке кандидат Әбілғазы Құсайынов Петропавл қаласында «Қызылжар су» ЖШС ұжымымен кездесу өткізді.
Әбілғазы Құсайынов экологиялық мәселелерді қамтыған өзінің сайлауалды тұғырнамасының негізгі бағыттарымен таныстырды. Жиынға қатысушыларға жаһандық экологиялық қызметтің негізгі векторлары туралы баяндап, табиғатты қорғау мәселесінде ғылымның маңызына ерекше тоқталды.
Кандидаттың айтуынша, әлемде күні бүгінге дейін экологиялық проблемаларға тиісті назар аударылмай келеді. Ал әлемде табиғат қойнауын тиімсіз пайдалану, гендік қор мен биологиялық әртүліліктің азаюы топырақтың құнарсызданып, судың ластануына, жалпы қоршаған ортаның құлдырауына алып келуде.
Сондай-ақ, кандидат техногендік апаттардың алдын алу мәселесіне жеке тоқталып өтті. Ә. Құсайынов атап өткендей, жер жүзінде адам пайда болып, оның өркениеті өскен сайын, биосфера эволюциясында жаңа антропогендік фактор іске қосылды. Адам биосфераны жеке қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін пайдалана бастады.

Президенттіке кандидаттар электоратпен жүздесті

«Алайда, қоршаған ортаны қаншалықты өзгертуге тырысқанымызбен, Жер бетіндегі тіршілік табиғаттың қатаң заңына бағынып дамиды. Сондықтан адамзат өркениеті тұрақты даму үшін осы заңдар мен қағидалардан ауытқымауы керек. Табиғатпен үйлесімді өмір сүру – адамның жер бетіндегі өмір салтының негізгі қағидасы», – деп атап өтті Әбілғазы Құсайынов.
Қазақстан Коммунистік халықтық партиясынан ұсынылған президенттікке кандидат Тұрғын Сыздықов Қостанай қаласында «Большевичка» АҚ тігін фабрикасы ұжымының өкілдерімен кездесу өткізді.
Кездесу басында Тұрғын Ысқақұлы сайлауалды тұғырнамасының негізгі аспектілерімен таныстырды.
Коммунистер үшін марксизм қоршаған өмірдің өзгеруіне, қоғамдық дамудағы жаңа құбылыстар мен деректерді жинақтап, мәнін түсінумен байланысты ұдайы дамып келе жатқан жасампаз ғылым болып табылады.
Алға қойылған мақсаттарға жету үшін марксизм-ленинизм мен Қазақстан Коммунистік халықтық партиясының бағдарламалық ұстанымдарын және оның қызметін насихаттау қажет.

Президенттіке кандидаттар электоратпен жүздесті

Бүгін мен қазіргі заманда адамгершілік құндылықтарын өзгертетін негізгі мәселелер туралы партияның атынан мәлімдеп отырмын.
Тек коммунистер ғана емес, басқа да ірі саясаткерлердің, экономистердің, ғалымдардың пайымдауынша, батыс қоғамы әділетсіз болып табылады. Коммунистік ойларды іске асыру адам мен табиғаттың үйлесуіне септігін тигізеді.
Қостанай облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы А.Әлімбаев баяндағандай: «Кандидатымыздың сайлауалды штабы үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, тиісті ақпараттық қызмет атқаруда. Штабымызда бес сенімді тұлға бар. Олар үгіт-насихат материалдарын орналастырып, халықпен кездесулер ұйымдастырумен айналысады».

Президенттікке кандидат Н.Назарбаевтың Республикалық қоғамдық штабының мүшелері Алматы қаласында ғылыми және шығармашылық зиялы қауым өкілдерімен, қала кәсіпкерлерімен кездесті.
Алматылық зиялы қауым Қазақстанның тәуелсіздік жылдары қол жеткізген жетістігін мақтан тұтады. Ғалымдар, жазушылар, әртістер мен суретшілер, режиссерлер Елбасының басшылығымен біздің ел экономикалық жетістіктерге ғана жетіп қоймай, ең басты құндылықтар – достық пен толеранттылық, бейбітшілік пен келісімді сақтап қалғандығын айтты.
Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ректоры Тілектес Есполов соңғы бес жыл ішінде Елбасы қолдауының арқасында отандық ғылым саласын қаржыландыру екі есеге артқанын айтты.
РҚШ мүшелері «Инновациялық технологиялар паркі» ЕЭА қызметкерлерімен кездесті. 2011 жылдан бастап бұл арнайы экономикалық аймаққа қатысушылар саны 150 инновациялық кәсіпорынға артқан, олар 2 мың адамды жұмыспен қамтып отыр. Өндірістік өнімнің көлемі өткен жылы 10,5 млрд теңге болса, салық төлемі – 2,4 млрд. теңгеге жетті.
«Ақпараттық технологиялар паркі» – жаңа заман ұрпағының ғылыми лабораториялар жүйесі, олар бізді дамыған үздік инновациялық елдер қатарына қосады», – дейді жас ғалымдар.
Алматыға сапары барысында РҚШ мүшелері ардагерлер ұйымдарының және патриоттық клуб өкілдерімен, сондай-ақ, қаланың бизнес-қауымдастығымен кездесті.

Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button