Әдебиетшілер әзілі

Пьесаң отқа қайдан жансын, көлкіген су болса

Пьесаң отқа қайдан жансын, көлкіген су болса

Пьесаң отқа қайдан жансын, көлкіген су болса

Жасамыс бір драматург Халық артисі Серке Қожамқұловқа (1896-1979) барып, жаңадан жазылған пьесасын оқып береді. Серағаң пьеса нашар жазылғанын бетіне айтып, драматургті шығарып салады.
Тауы шағылып, үміті үзілген драматург үйіне келеді де, қолжазбаны жанып жатқан отқа тастай салады. Түбі жақсылап түптелген, мұқабасы қапталған бума қағаз бықсып жана қоймайды. Қолжазбаның жанбай жатқанын байқаған драматург мұны жақсылық ырымға жорып, от ішінен суырып алады да, күлін қағып сақтап қояды.
Келесі күндердің бірінде тағы да Серағаңа жолығып, «сіз жаратпаған пьеса отқа жанбай қойды, соған қарағанда ол жаман шығарма болмағаны ғой» дегенді айтады.
Сонда Серағаң:
-Пьесаң отқа қайдан жансын, жылан қарағы жоқ, көлкіген су болса! – деп тағы да турасын айтып салыпты.

***
Ертеректе Министрлер Кеңесінің кеңейтілген бір жиналысында Қаржы министрі Өтешқали Атанбаев баяндама жасапты. Үзіліс кезінде министр өзі бұрыннан жақсы танитын, бір-бірімен әңгімелесіп-сөйлесіп жүретін Мұхтар Әуезовке жолығып, ізетпен сәлемдеседі де:
-Иә, Мұқа, қалай болды? Менің баяндамам жұртқа ұнады ма? — деп сұрайды.
Сонда Мұқаң кеңк-кеңк күліпті де:
-Пәлі, Өтеке-ау, жұрт сенен ақыл сұрайды дейсің бе! Уағымен ақшаңды бepiп тұрсаң болғаны да! –деп жауап беріпті.

***
Талантты ғалым, әйгілі әдебиет сыншысы Баламер Сахариев (1929-1979) бір жазушы досының тойына қатысып, ертеңінде басы ауырып көшеде келе жатады. Ерте көктемнің жылымық күндерінің бірі екен. Бұрылып кафелердің біріне кірейін десе қалтасында көк тиыны жоқ. Сөйтіп салы суға кетіп, жүдеп келе жатқанда қарсы алдынан ақын Мұзафар Әлімбаев кездесе кетеді. Қуанып кеткен Баламер:
-Ауылымның қонғаны КИЗ-де деймін,
Бip өзіңнен басқаны іздемеймін, – деп өлеңдете жөнеледі. Мұзағаң Баламердің сөзін шапшаң бөліп:
-Бұл күнде қалтамыздың түбі тесік,
Айналып біp соғарсың күзге дейін! – деп бұрылып жүріп кетіпті.

***
Әдеби жылды қорытындылаған бір жиналыста ақын Сырбай Мәуленов (1922-1993) баяндама жасайды. Баяндамадан соң біраз жарыссөз болып, соңын ала мінбеге академик Мұхаметжан Қаратаев (1910-1995) шығады. Ол өз сөзінде Сырбайдың баяндамасына біраз сын ескерпелер айтады.
Жиналыстан шыққан соң Мұқаң Сырбайдың қасына келіп:
-Сен ренжіме! – дейді арқасынан қағып. – Балдыз болған соң сені әдейі батыра сынадым.
Сонда Сырбай:
-Мұқа, бұл балдыздар мен жезделердің жиналысы емес қой! — деген екен.

Құлағыңды жұлып aп, ләңгі етсем дeп eдiм

Төл әдебиетіміздің тамаша сыншысы, эстет-ғалым Зейнолла Серікқалиев (1938-2004) өзінен жасы біршама кіші, қызара бөртіп алған бір ақынмен сөз таластырып қалыпты. Ақын жігіт көкірек қағып, еліре сөйлеп, өлең жазу сыншылардың қолынан келмейтінін айтып өңмеңдей түседі. Мақтаншақтың сөзіне күйіп кеткен Зекең:
-Бас сүйегіңді саудыратып, каска етсем дeп eдiм,
Бет теріңді сыпырып aп, маска етсем дeп eдiм,
Кеңірдегіңді суырып aп, шләнгі етсем дeп eдiм,
Құлағыңды жұлып aп, ләңгі етсем дeп eдiм, – деп Махамбетше жырлай жөнеліпті.

***
Композитор Латиф Хамиди (1906-1983) мен ақын Мұзафар Әлімбаев әңгіме-әзілдері жарасып, ағалы-інілердей болып кеткен кісілер екен. Бірде Мұзафар Алматының көшесінде аяғын санап басып, ақырын жылжып келе жатқан композитор ағасына қарсы жолығып қалады.
-Латеке, денсаулығыңыз қалай? – деп жадырай сәлем береді.
Жетпістің бесінен асқан әзілкеш композитор сәл ойланып тұрыпты да:
-Кешеге қарағанда бүгін нашарлау, ал ертеңге қарағанда бүгін құдайға шүкір! – деп жауап беріпті.

***
Елуден асқаннан кейін жазушы Шерхан Мұртаза мұрт қояды. Онсыз да суық мінезді, турашыл Шерағаңа қою қап-қара мұрты ерекше жарасып, айбынын асыра түседі. Мұны көрген қаламгер бір құрдасы әзілдеген болып:
-Ой-хой, Шер-аға, мұртыңыз мұрт-ақ екен!—деп өзінше қолпаш сөз айтыпты.
Сонда Шерағаң құрдасының жып-жылтыр көсе бетіне бажырая қарапты да:
-Осы қатын бет еркектердің жұрттың мұртын да көре алмайтыны-ай! – деп бұрылып кетіпті.

***
Соғыс жылдары болса керек. Көктем айының бірінде, жер дегдіп, көк шыққан мезгілде Мұхтар Әуезов (1897-1961) Ұзынағаш жақтағы қарт Жамбылға сәлем беруге арнайы сапарлап барады. Даңқы асқан жазушы інісін көрген Жамбыл ақын да созалаңдап орнынан тұрып:
-Уәликүмәссәләм Мұхтарым,
Оң қолымды ұстаған.
Жиі-жиі сенімен,
Кездесуге құштармын.
Мен кәрімін, сен жассың,
Қолымды артық қыспағын.
Құтты болсын, қарағым
Баспадан әлгі шыққаның!
Сабасындай биенің
Өзіңді өзің ұстағын.
Еңбегің «Абай» жазғаның –
Өрлеп көкке ұшқаның, – деп, құшағын жайып, қуана амандасыпты.

***
Көкірегі сара, жүрегі даңғыл, буырқанған Жамбыл жырауға қара сөзден гөрі өлеңмен сөйлеген, өлеңмен жауап берген әлдеқайда оңайға түскен секілді. Ұлы ақынның Рақымжан Досымбаев деген жеке дәрігері болыпты. Сол Рақымжан Жәкеңнің денсаулығын қарап, тексеруден өткізіп жатып:
-Иә, Жәке, қалайсыз? – деп сұрапты.
Сонда Жамбыл дәрігеріне бұрылып:
-Бұл өмірде тоймайды адам жасқа,
Бақыт үшін бола ма жасамасқа…
Қарағым, жасарта бер Жамбылыңды,
Өлтірме шамаң келсе даңғылыңды,
Өмірге тым асығыс ерте туып,
Өткіздім бейнетпенен сан жылымды.
Өткенге өкінемін, амалым жоқ,
Өлімге менің қарсы табарым жоқ.
Өзің біл, шамаң келсе – шара қолдан,
Жай жатқан жан емеспін талабым жоқ,
Бір күні зорлық қылып әкетпесе,
Өзім тілеп өлімге барарым жоқ! – деп жауап берген екен.

***
Жүз жасаған Жамбыл ақынның Қанымжан деген соңғы әйелі Самсы ауылынан екен. Бірде құдалар жағы қарт ақынды сый-сыйапатымен арнайы шақырып, қонақ етіпті. Дастарқан басында небір өлеңдер оқылып, құйқылжытып әндер шырқалады. Ар-арасында құда-жекжаттың әзіл-қалжыңы жарасқан базынасы да айтылып жатады. Сондай мезеттің бірінде шай құйып отырған өжеттеу келіншектің бірі:
-Шай ала отырыңыз, кәрі күйеу! – деп Жамбылға әзіл тастаған болады.
Сонда Жамбыл әлгі келіншекке жалт бұрылып, кідірместен:
-Балдыз деймін, ендеше балдыз деймін,
Су жағалай бітеді жалбыз деймін.
Жасым келді тоқсанның сегізіне,
Жездең қалай жатады жалғыз деймін? – деп жырлай жөнеліпті.

***
Алматыдағы Көкбазардың маңайында ақын Мұзафар Әлімбаев композитор Әбілахат Еспаевқа (1925-1975) кездесіп қалады.
-Әй, Әбілахат! – дейді Мұзағаң. – Сен тарихта қалатын болдың!
-Аузыңызға май… Қалайша қалмақпын? – деп сұрайды композитор.
-Кеше бір поэма бітіріп едім. Соған сені кейіпкер ретінде енгізіп жібердім.
-Мұзаға! –дейді сонда Әбілахат езу тартып. – Алдымен сол поэмаңыз тарихта қала ма? Әңгімені содан бастасақ қайтеді?

Жобаның жүргізушісі – жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Әлібек Асқаров

(Cоңы. Басы газетіміздің былтырғы №133-154 және биылғы №8 сандарында жарияланды)

Осы айдарда

Back to top button