Ауыл шаруашылығы

Пайдаланылмаған жер телімдері қайтарылып алынады

 Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында  еліміздегі құрылыс үшін берілген, алайда пайдаланылмай жатқан жер телімдерін қайтарып алу жөнінде айтқан болатын. Өңірде бұл бағытта нендей шаруалар қолға алынып, қандай жұмыстар атқарылуда? Бұл жөнінде біз облыс бойынша жердің пайдаланылуы мен қорғалуын  бақылау басқармасының басшысы Сейсенғазы Чукаевтан сұрап білген едік.

  Сейсенғазы Жұмағалиұлының айтуынша, 2016 жылдан бастап облыста пайдаланылмай жатқан және заңнаманы бұза отырып пайдаланылып жатқан жерлерді алып қоюды қамтамасыз ету бойынша облыс әкімі Даниал Ахметов бекіткен жол картасы жұмыс істеп келеді. Бұдан бөлек, 2018 жылы ауыл шаруашылығы мақсатындағы пайдаланылмайтын жерлерді, сондай-ақ құрылысқа берілген, әлі бос жатқан жерлерді алып қою жұмыстарын жүргізудің ұқсас алгоритмі әзірленген. Бұл құжаттар мемлекеттік органдардың пайдаланылмайтын жерлерге қатысты шараларды анықтау және қабылдау бойынша нақты іс-қимылын айқындайды.

– Жол картасы және алгоритм шеңберінде басқарма жергілікті атқарушы органдармен, прокуратура органдарымен, жергілікті полиция қызметімен бірлесіп, Жер және кәсіпкерлік кодекстерінің талаптарына сәйкес пайдаланылмайтын және заңнаманы бұза отырып пайдаланылатын жерлер бойынша шараларды анықтау және қабылдау бойынша жұмыстарды тұрақты негізде жүргізуде. Бірлескен жұмыс нәтижесінде 2018 жылдан бастап, облыс бойынша құрылысқа арналған, жалпы ауданы 335,98 гектар болатын пайдаланылмайтын 632 жер учаскесі анықталды, – деді басқарма басшысы Сейсенғазы Чукаев.

Айта кетсек, жер учаскелерін мақсатты пайдалану керектігін тұрғындарға түсіндіру мақсатында тиісті басқарма халықпен көшпелі кездесулер түрінде, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдары арқылы түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді. Жердің пайдаланылуы мен қорғалуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру мәселелері бойынша халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін басқарманың және бірінші басшының ресми аккаунттарында жер заңнамасын түсіндіру бойынша ақпарат орналастырылған.

Үш жүзден астам жер учаскесі қайтарылған

Басқарма басшысынан жер учаскелерін пайдаланбаған жағдайда тұрғындар үшін оның салдары қандай болатынын сұраған едік.

Басқарма басшысы атап өткендей, Жер кодексінің 92-бабының талаптарына сәйкес, егер құрылысқа арналған жер учаскесі оны беру туралы шешім қабылданған күннен бастап үш жыл ішінде (егер жобалау-сметалық құжаттамада неғұрлым ұзақ мерзім көзделмесе) мақсаты бойынша пайдаланылмаса, онда жеке тұрғын үй құрылысы үшін Қазақстан Республикасы азаматтарының жекеменшігіндегі жер учаскесін қоспағанда, мұндай жер учаскесі осы Кодекстің 94-бабында көзделген тәртіппен мәжбүрлеп алып қоюға жатады екен.

Басқарма мамандары берген ақпаратқа сүйенсек, Жер кодексінің 94-бабына сәйкес жер ұзақ уақыт пайдаланылмаған жағдайда бұзушылықтарды бір жыл мерзім ішінде жою туралы нұсқама беріледі. Аталған қосымша нұсқама жер учаскесіне құқық ауыртпалығы ретінде «Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы»  Заңда сәйкес мемлекеттік тіркелуге жатады.

– Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 462-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілік көзделген нұсқаманы орындамағаны немесе тиісінше орындамағаны үшін әкімшілік хаттама толтырылады. Бұл субъектінің санатына қарай 5-тен 500 АЕК (13 890 – 1 389 000 теңге) мөлшерінде айыппұл салуды көздейді (әкімшілік істерді мамандандырылған аудандық және оларға теңестірілген әкімшілік соттардың судьялары қарайды). Осыдан кейін басқарма сотқа жер учаскелерін мәжбүрлеп алып қою туралы талап қояды. Бұдан бөлек, нұсқамалар Салық кодексінің 509-бабы, 4-тармағында көзделген қосымша 10 еселенген салық салу үшін мемлекеттік кірістер органдарына жіберіледі. 2015 жылдан бастап жіберілген нұсқамалардың негізінде облыстық бюджетке қосымша 55,5 млн. теңге түсті, – дейді Сейсенғазы Чукаев.

Бұдан басқа, Жер кодексінің 94-бабына сәйкес пайдаланбаған жер учаскесін мәжбүрлеп алып қойған меншік иелері (жерді пайдаланушылар) арнайы «Жер учаскелері мәжбүрлеп алып қойылған тұлғалардың» тізіліміне енгізіледі, содан соң олар 3 жыл ішінде жер учаскесін ала алмайды.

Жер учаскелері мәжбүрлеп алып қойылған тұлғалардың тізімін қалыптастыруды және жүргізуді жерді пайдалану мен қорғауды бақылау жөніндегі уәкілетті орган, аудандық (қалалардағы аудандардан басқа) атқарушы орган, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органы ұсынатын ақпараттың негізінде орталық уәкілетті орган жүзеге асырады. Қазіргі таңда басқарма жолдаған ақпараттың негізінде облыс бойынша 259 меншік иелері (жер пайдаланушылар) тізімде тұр.

Басқарма өкілдері берген ақпараттарды алға тартсақ, қазіргі таңда   облыста 2018-2019 жылдары анықталған, пайдаланылмайтын жер учаскелерінен басқарманың талабымен жалпы ауданы 61,15 га болатын 323 жер учаскесі қайтарылып алынып, жалпы ауданы 17,45 га 29 учаскені алып қою бойынша талап-арыздар сот органдарының қарауында жатыр.

Ең көп бос жатқан жер – Өскеменде

  • Болашақта бұл жерлер бойынша қандай шаралар қабылданбақ?

– Өтеусіз негізде берілген алып қойылған жер учаскелері оларды одан әрі беру үшін арнайы жер қорына есепке алынады. Егер мәжбүрлеп алып қойылған жер учаскесі мемлекеттен сатып алынған жағдайда, онда Жер кодексінің 94-бабының 3-тармағына сәйкес мұндай учаске азаматтық іс жүргізу заңнамасында және Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы заңнамада белгіленген тәртіппен сауда-саттықта (конкурстарда, аукциондарда) сатылады. Жер учаскесін мәжбүрлеп алып қою жөніндегі шығыстар шегерілген соң және міндеттемелер бойынша талаптар мөлшерінде кепіл ұстаушыға төленгеннен кейін түскен сома жер учаскесінің бұрынғы меншік иесіне немесе жер пайдаланушыға төленеді. Бір жыл ішінде кемінде үш сауда-саттық (конкурстар, аукциондар) өткізілгеннен кейін мұндай жер учаскесін немесе оған жер пайдалану құқығын өткізу мүмкін болмаған кезде жер учаскесі сот шешімі бойынша арнайы жер қорына (мемлекетке) есепке алынады.

 – Қала-аудандары бойынша ақпарат бере аласыз ба?

– Құрылысқа арналған пайдаланылмайтын жер учаскелерін анықтауды басқарма жергілікті атқарушы, прокуратура органдары немесе заңды және  жеке тұлғалардың өтініштерінің негізінде тексеру барысында анықтайды.

Осындай тексеру нәтижесінде Алтай ауданында – 83,0 га алаңдағы 80 учаске, Глубокое ауданында – 27,51 га алаңдағы 33 учаске, Үржар ауданында – 8,52 га алаңдағы 14 учаске және Өскемен қаласында – 181,54 га алаңдағы 449 учаске, Семейде – 25,93 га алаңдағы 30 учаске, Риддерде – 2,06 га алаңдағы 13 учаске анықталды.

Басқарма басшысы  атап көрсеткендей, ең көп пайдаланылмайтын жер учаскелері Өскемен қаласында тіркелген екен, ауданы 181,54 га болатын 449 учаске. Одан соң Алтай ауданындағы Бұқтырма су қоймасының жағалауындағы ауданы 83,0 гектарды құрайтын 80 учаске.

Ал басқарма арқылы осы уақытқа дейін сот тәртібімен нұсқамаларды орындамағаны, жер учаскелерін пайдаланбағаны үшін Өскемен қаласында   ауданы 49,09 га болатын 303 учаске, сондай-ақ Глубокое ауданында ауданы 1,93 га болатын 12 учаске мәжбүрлеп алынған. Сондықтан аймақтағы жер иелері өз учаскелерін уақыт оздырмай мақсатына сай пайдаланып, іске жаратқандары абзал.

Дәурен Аллабергенұлы

Осы айдарда

Back to top button