Саясат

Партияның жетістігі – Елбасының ерен еңбегі

Бұл жөнінде облыстық әкімдікте өткен Тұңғыш Президент  Нұрсұлтан Назарбаевтың таяудағы «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам – «Nur Otan» партиясының 7 серпіні» атты партия жұмысын жүйелі жаңғыртуға арналған тапсырмасын іске асыру барысы талқыланған «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының партиялық актив отырысында жан-жақты айтылды.

Партияның облыстық филиалының актив мәжілісінде сөз алған облыс әкімі Даниал Ахметов Тұңғыш Президент – Елбасы, «Nur Otan» партиясының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың партияның аймақтық және аумақтық филиалдары өкілдерімен кездесуінің қорытындыларына тоқталды.

Өңір басшысы бірінші кезекте бүгінгі актив отырысында қаралатын мәселелердің барлығы да партияның алдағы қызметі үшін өте өзекті екендігін айта келе, партияның бүгінге дейін жеткен жетістіктерінің барлығы да сөзсіз Елбасының ерен еңбегінің арқасында мүмкін болғандығын нақты мысалдармен келтірді.

Шекарамызды  шегендеп алдық

– Әрине, бұл жөнінде тоқтаусыз ұзақ айтуға болады. Мен өзім тікелей куә болған бір-екі жайтқа ғана тоқталғым келеді. Қазақстан тәуелсіздік жылдарында өз шекарасын бейбіт түрде толық шегендеп алды. Тіпті, алып Қытайдың басшысы да Елбасыны қатты құрметтеуінің арқасында бұл мәселе ың-шыңсыз бітті. Ал көптеген дамыған мемлекеттер күні бүгінге дейін шекара мәселесін шеше алмай жүр. Ресей мен Түркия арасы салқын тартқан тұста тағы да Тұңғыш Президент ара ағайындық жасап, екі ел басшыларын ортақ мәмілеге келтірді. Елімізде биыл бейбіт түрде билік ауысты. Елбасы өз орнын Қасым-Жомарт Тоқаевқа нық сеніммен тапсырды. Мұндай жағдай әлем тарихында бұған дейін жеті рет қана тіркелген екен. Нұрсұлтан Әбішұлының бұл кемеңгерлік қадамы әлем тарихында сегізінші оқиға болып тіркелді. Сондықтан Елбасы төрағалық ететін «Nur Otan» партиясының жұмысын жаңа деңгейге шығару басты міндетіміз. Елбасыдай ұлы замандасымызбен бірге қызметтес болу біз үшін шексіз бақыт, шексіз  мүмкіндік, –деді Даниал Ахметов.

Партияның облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Олег Чугунков филиал жұмысын жандандыру жайына тоқталды. Оның айтуынша, қазір бастауыш партия ұйымдарының жұмысын күшейтуге мән берілуде. Сайлауда берілген уәделердің орындалуы да тікелей солардың қызметіне қатысты болмақ. Көп ретте тұрғындардың өзекті мәселелерін шешуде және мемлекеттік бағдарламаларды іске асыруда жаңашыл идеялар солардан шығып жатады. Үш айда аймақтық және аумақтық деңгейде Саяси кеңестің тоғыз, Саяси кеңес  бюросының 24 мәжілісі өткізіліп, мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру мәселелері бойынша жергілікті атқарушы органдар басшыларының есебі тыңдалған. 96 мәселе қаралып, 154 ұсыныс берілген.

Сонымен бірге Даниал Ахметовтің тапсырмасы бойынша партияның шаруасына қатысу белсенділігі төмендеген 7,2 мың адам партия қатарынан шығарылған. Елбасы өзінің баяндамасында атап көрсеткендей, қазіргі уақытта партия түрлі әлеуметтік топтардың сұранысына нақты жауап бере алуы тиіс. Партия қатарына жастар, аға буын өкілдері, тұрғындардың әлеуметтік  жағынан аз қамтылған бөлігі, көпбалалы аналар, ерекше қажеттіліктегі жандар, жұмыссыздар кіруде. Сондықтан осы бағытқа баса назар аударылуда.

Бұдан бөлек депутаттық фракцияның жұмысын жандандыру аясында барлық аумақтық филиалдарға, қалалар мен аудандар әкімдеріне есеп жүргізілген. Ақпараттық-идеологиялық саясатты ұйымдастыру үшін үш Жастар ресурстық орталығының базасында SMM-бөлімдер құрылған. Қалған аудандарда бұл шаруа келер жылдың басында іске асырылады.

Алты партиялық жоба іске асырылып жатыр

Актив жиынында айтылғандай, ағымдағы жылдың қыркүйегінен бастап партияның орталық аппаратында 24 партиялық жоба қолға алынған, қазір алты жоба іске асырылуда. Мәселен, «Ардагерлерді ардақтайық» бағдарламасы аясында 171 ҰОС ардагерінің әлеуметтік картасы жаңартылған. Жалғыз тұратын және ерекше күтімге мұқтаж тыл ардагерлерінің тізімі алынып, олардың тұрмыс жағдайлары тексерілген. Олардың әр біріне «Жас Отан» еріктілері бекітілген. Ал «Бақытты отбасы» жобасы бойынша өңірде аз қамтылған және көпбалалы отбасыларды қолдаудың кешенді бағдарламасы әзірленген. Оның орындалуы партияның бақылауында. Аталған санаттағы барлық балалар балабақшаға тегін барып жүр бүгінде.

«Еңбек» бағдарламасы бойынша жаңа бизнес-идеяларға 130 млн. теңгенің 47 несиесі берілген. Ал «Бастау-Бизнес» аясында 447 адам оқытылса, оның 452-сі шағын несие түріндегі қолдауға ие болған.

Жол құрылысы, инфрақұрылымды, коммуникацияларды дамытуға, таза ауызсумен, газбен қамтуға арналған «Құтты мекен» бағдарламасы бойынша 124 нысан жабдықталуда. Бұдан бөлек «Халыққа көмек» жобасының шеңберінде бір терезе қағидатымен жұмыс істейтін қоғамдық қабылдауларға үш мыңнан астам адам жүгінген. Азаматтардың мәселесін тиімді әрі шұғыл шешу мақсатында мемлекеттік органдардың бірінші басшыларымен қабылдаулар жүргізілуде.

Сапалы кадрлық резерв

Партияның облыстық филиалының төрағасы өз кезегінде партияның кадрлық резервін жаңарту және таңдау жүргізу, партия қатарына қоғамдық қозғалыстардың көшбасшыларынан таңдалған сапалы партиялық тізім құру жөнінде нақты тапсырмалар жүктеді. Сондай-ақ бастауыш партия ұйымдарының басшылары да партияның жұмысын жандандыру арқылы халықтың сенімін арттыруы тиіс.

Жиында сонымен қатар Бесқарағай ауданында жүзеге асқан қанатқақты жоба – «Партиялық кадрлық резервтің» қорытындысы тыңдалып, партия жұмысын жүйелі қайта жаңғырту шеңберінде бастауыш партия ұйымдарының жұмысын барынша жандандыру жайы  айтылды.

Сондай-ақ барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының және облыстық мәслихаттағы депутаттық фракцияның қызметін ширату жайы да кеңінен талқыланып, бұған қатысты облыстық мәслихаттың депутаты Ольга Рыпакова мен облыстық мәслихаттың хатшысы Владимир Головатюк нақты ақпарат берді.

Дәурен Аллабергенұлы

Осы айдарда

Back to top button