Саясат

Партияның басым бағыттары бағамдалды

Кеше облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ төрағалығымен селекторлық режимде «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалы саяси кеңесінің бюро мәжілісі өтті.

Партияның басым бағыттары бағамдалдыПартияның облыстық филиалының төрағасы Бердібек САПАРБАЕВ Президент Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ Қазақстан халқына кезекті Жолдауының мән-маңызына тоқталды.

– «Қазақстан – 2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты кезекті Жолдаудың басты мақсаты – еліміздің 2050 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық дамуын нығайту болып табылады. Ол осыдан 15 жыл бұрын қабылданған «Қазақстан – 2030» стратегиясының лайықты жалғасына айналып отыр. Уақыт көрсетіп отырғандай, еліміз Стратегияда көрсетілген міндеттерді орындады. Бүгінде ұлттық экономикамыздың өсімі 16 есеге артып, өткен жылдың өзінде 28 трлн. теңгені құрады. Білім беру, денсаулық сақтау, елдің әл-ауқатын жақсарту сынды базалық салалар үнемі өсуде. Денсаулық сақтау саласын қаржыландыру 2011 жылы 631 млрд. теңгені құрады. Соның нәтижесінде соңғы бес жылда бала туу көрсеткіші 1,5 пайызға артып, ана өлімі 3 есеге кеміді. 2012 жылы Дүниежүзілік экономикалық форумның бағалауы бойынша еліміз 51 орынға тұрақтады. Президент 2050 жылға қарай Қазақстанның әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына кіруін міндеттеп отыр. Бұл – баршамызға артылған зор міндет, – деді ол.

Елбасы Жолдауда атап көрсеткен жаңа дәуірдің сын-қатерлеріне де тоқталған аймақ басшысы бұл тұрғыда Қазақстан мемлекеттілігі мен демократияны, ұлт бірлігін нығайта түсу басты мақсат ретінде қойылып отырғанын жеткізді.

Бұл маңызды құжатта Парламенттің өкілеттігін нығайтуға, ұлттық құқықтық жүйені жаңғыртуға, сот билігінің беделін арттыруға баса мән берілгені де айтылды.

Қуатты экономика мен бәсекеге қабілетті адами әлеует бұрынғысынша мемлекеттің дамуына ықпал етер ауқымды жобаларды жүзеге асыру ісінде негізгі базис болып қала бермек. Президенттің елді одан әрі индустрияландыру, «жасыл экономиканы», ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлікті дамыту, білім беру және денсаулық сақтау салаларының сапасын арттыру ісіне басымдық беріп отырғанын айрықша атаған өңір басшысы Астанада өтетін «EXPO – 2017» көрмесінің маңызын атап өтті.

Жаңа бағдардың негізгі қозғаушы күші жастар болғандықтан, оларға жаңа мүмкіндіктер ашып, сапалы біліммен, лайықты еңбекпен қамтамасыз ету қажет.

Жеті бағдардың жеке жоспары жасалады

Әр он жыл сайын стратегияның жеті бағытын жүзеге асырудың жеке жоспары қабылданып отыратынын айтқан облыс Әкімі стратегияда көрсетілген бағдарлы міндеттерді облыста жүзеге асыру жолдарын атап көрсетті. Жаңа бағыттың экономикалық саясаты табыстылық, бәсекеге қабілеттілік, қайтарымдылық принциптеріне негізделуі тиіс. Ал үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жалғастырып қана қоймай, аясын кеңейту стратегияның ең басты бағыты болып отыр.

Облыстың инвестициялар қоржынында 39 жоба қарастырылған. Ал Жолдауда ауыл шаруашылығын жаңғырту жөнінде айтылған міндеттерді орындау мақсатында 2015 жылға дейін 11 инвестициялық жоба жүзеге аспақ. Кәсіпкерлікті қолдау ісі де облыс көлемінде өзектілігін жоғалтпақ емес. Өйткені, мемлекет пен жеке кәсіпкерлік серіктестігінің жаңа үлгісі күн тәртібіне қойылып отыр. Облыс халқының 25 пайызы шағын және орта бизнеске тартылған. Ал өңір бюджетінің 19 пайызы аталған саланың еншісінде.

Алдағы уақытта әлеуметтік қолдау тек оған мұқтаж топтарға көрсетілуі тиістігі баса айтылғанын еске салған облыс басшысы өңірде денсаулық сақтау саласында негізгі басымдық медициналық қызмет түрлерінің сапасы мен қолжетімділігі, алдын алу, ерте диагностика мен аурулар түрінің барынша кең спектрін диагностикалау және емдеу, «смарт-медицина», қашықтан профилактика және емдеу, «электрондық медицина» қызметтерін енгізу, балалардың денсаулығын қамтамасыз етуге жаңа тәсілдер қарастыру мәселелеріне берілетінін жеткізді. Аймақта әлеуметтік сипаттағы аурулардың санын азайту бойынша жүйелі жұмыстар атқарылуда. Ана мен бала өлімі, туберкулез бен онкологиялық аурулардың саны қысқармай отырғаны да жасырын емес. Ал саламатты өмір салтын қалыптастыруда бұқаралық-спорттық және денешынықтыру-сауықтыру шаралары көптеп өткізіле бермек.

– Мемлекеттік тілді үйренуге жағдай жасау, оны оқыту әдістемесі бойынша Шығыс Қазақстан алдыңғы қатарда тұрғанымен, қазақ тілінде сөйлеушілердің саны артпай отыр. Сондықтан тіл мәселесі БАҚ арқылы кеңінен насихатталып, тіл үйренуге ниеттілерді ынталандырудың тәсілдерін жетілдіре түсу қажет. Ал шалғайдағы қазақ тілді елді мекендерде Президенттің «Үш тұғырлы тілге» қатысты саясаты ескерусіз қалуына жол берілмеуі тиіс, – деді аймақ басшысы.

Қазақстан дамуының жаңа стратегиясынан туындаған міндеттерді орындауға қажетті бағыттарды осылай сипаттап өткен облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ «Нұр Отанның» облыстық филиалы тарапынан ақпараттық-насихат жұмыстарын жоспарлап, ел арасына түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін арнайы сапарлар кестесі жасалу керектігін түсіндірді.

– Алға қойған межені өз биігінен түсірмей ұстап, Елбасының «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты бағдарламалық мақаласында айтылған міндеттерді орындауда алған қарқынды үдете түсу қажет, – деген облыс басшысы әрбір нұротандық Елбасының ойларын жүзеге асыру жұмыстарына тікелей тартылып, тындырылып жатқан істермен айқын таныс болуы шарт екенін ескертті. Ал бастауыш партия ұйымдары халық пен партия арасындағы байланыстың көпіріне айналуы керек. Ол үшін «Нұр Отан» ХДП фракциясының облыстық мәслихат деңгейіндегі депутаттарының Жолдауды түсіндіру жұмыстарын белсендірудің, құжатта көрсетілген міндеттерді жүзеге асыруға қатысты барлық іс-шараларды талқылау үшін жастармен, қарапайым халықпен кездесулер, жиындар өткізудің маңызы зор болмақ. Бұл жерде үйреншікті дөңгелек үстелдер мен конференциялар өткізумен шектелуді қою қажеттігі де ескертілді.

– Бүгінде бағдарламалардың жүзеге асуын партиялық қоғамдық қадағалаудың рөлі артып отыр. Сондықтан әлеуметтік маңызға ие нысандардағы партиялық қадағалау бекеттерінің жұмысын белсендіру керек, – деді Бердібек САПАРБАЕВ.

Бастауыш ұйымның беделін арттыру қажет

Партия филиалдарының жыл бойында атқарған шаруалары туралы Көкпекті және Бородулиха аудандарының есебі де тыңдалды. Облыстық филиал төрағасының бірінші орынбасары Түсіпхан Түсіпбеков жыл бойында атқарылған шаруалар жөнінде есеп берді. 2011 жылмен салыстырғанда партия мүшелерінің саны 2,3 пайызға артып, 543 бастауыш партия ұйымы мен 20 аумақтық филиалға біріктірілген. Дей тұрғанмен Көкпекті, Бесқарағай, Күршім, Абай, Глубокое аудандары мен Семей және Курчатов қалаларында партияға мүшелікке қабылдау нәтижелері мардымсыз көрінеді. Көкпекті ауданы мен Семей қаласында, Зайсан және Бородулиха аудандарында партияның құрамында жұмыссыздар да көптеп кездесетіні мәлім болған. Бұл олқылықтың орнын толтыру үшін нұротандықтар жергілікті жұмыспен қамту бөлімдерімен тізе қоса отырып, «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы арқылы жұмыссыздарды кәсіптендіру ісіне өз септіктерін тигізген. Бұл істе Катонқарағай ауданы өзгелерге үлгі болып отыр.

Партия филиалының материалдық-техникалық базасы мардымсыз жарақталғаны да айтылмай қалмады. Жергілікті партия бөлімшелерінің бөтен ғимаратты жалға алып, өзгеге кіріптар болудан құтылар кез жеткенін айтады Т.Түсіпбеков. Партия үшін «Шығыс үні» деп аталатын партия сайты мен газеттің ашылуы елеулі оқиға болса керек. Партия филиалының жаршысына айналар аталмыш газетке жазылу жайы мен кездесіп отырған көлденең кедергілерге тоқталды ол.

Өңір басшысы Бердібек САПАРБАЕВ партия мүшелерінің санымен қатар сапасына мән беру керектігін еске салып, әрбір партия бөлімшесінде, бастауыш партия ұйымында өз көшбасшысы болу қажет деген нұсқау берді.

– Партия жұмысы нақты шаруаға, әрекетке бағытталуы керек. Облыстық филиал тарапынан елдің жағдайы мен бұқаралық ақпарат құралдарында берілетін сын материалдарға сергек қарап, тиісінше әрекет ету қажет. Ал үздік бөлімшелер мен бастауыш ұйымдарды материалдық ынталандыру жайындағы ұсыныс орынды, мұны жолға қою керек, – деп жиынды қорытындылаған ол өңірде қалыптасып отырған ауа райы жағдайына байланысты барлық аудан, қала әкімдерімен байланысқа шығып, тиісті тапсырмалар берді. Ауа райының қайта мінез көрсетуіне байланысты облыстың түкпір-түкпірінде жарық ажыратылып, бірнеше бағыттағы жолдар жабылған.

Мәселен, Катонқарағай ауданында бірнеше ауыл жарықсыз қалса, Риддер қаласы 26 желтоқсаннан бері облыс орталығына қатынай алмай қалған. Жедел әрекеттің арқасында Катонқарағайдағы жарықсыз қалған ауылдардың бәрі электр көзіне қосылса, Риддер – Өскемен бағытындағы жол көп күттірмей қайта ашылатыны мәлім болды.

Барлық аудан, қала әкімдерімен қатар төтенше жағдай қызметінің өкілдеріне сақтық шараларын күшейту жөнінде нұсқау берген аймақ басшысы БАҚ өкілдерін жылумен қамтамасыз ету, төтенше жағдайдың салдары жөнінде мәлімет тарату барысында объективті болуға шақырды.

Есімжан Нақтыбайұлы

Осы айдарда

Back to top button