Саясат

Партиялық жобалар іске асырылып жатыр

 Партиялық жобалар іске асырылып жатыр


Аймағымыздың даму қарқыны қандай? Қазіргі уақытта алға қойылып отырған басты міндеттер не? Осы және басқа да мәселелер «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының саяси кеңесі бюросының отырысында айтылды.

Бюро отырысына партия өкілдері, мемлекеттік органдар басшылары және аудан, қала әкімдері мен олардың орынбасарлары қатысты.

Облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова өңірде әлеуметтік сала бойынша іске асырылып жатқан бірқатар партиялық жобаларды атап өтті. Облыс әкімі орынбасарының айтуынша, бүгінгі таңда өңірдегі 655 мектептің барлығы дерлік білім берудің жаңа мазмұнына көшіп, бірыңғай электронды журналдар мен күнделік жүргізу жүйесіне қосылған, сондай-ақ білім ордалары кеңжолақты интернет желісімен қамтамасыз етілген. Бүгінгі таңда мектептердің компьютерлермен қамтылу деңгейі алты оқушыға бір компьютерді құрайды. Бұл жалпыреспубликалық көрсеткіштен екі есеге көп.

Сонымен қатар Шығыс Қазақстан тағы бір партиялық жоба –ІТ-сыныптар ашу бойынша да көш бастап тұр. Атап айтсақ, республика бойынша осындай 1000 сынып ашу жоспарланса, оның 655-ін біздің өңір қазірдің өзінде ашып қойды. Аталмыш бағыт бойынша арнайы оқыту бағдарламасы әзірленіп, екі жыл ішінде курстық дайындықтан 1125 педагог өткізілді. ІТ-сыныптар ашудың нәтижесі жақында өткен World Skills чемпионатында көрініс тауып, балалар робот техникасы, 3D-модельдеу, бағдарламалау бойынша жарысқа түсті. Іріктеу турларынан төрт мыңнан аса бала өтті. Бұдан бөлек, Жастар жылы аясында ІТ-хакатон шарасы өтіп, онда бірқатар қызықты жобалар ұсынылды. Қорытындысы 500 қатысушының басын қосқан «Жастар-тайм» фестивалінде шығарылып, төрт сала бойынша 95 стартап-жоба ұсынылды. Жалпы, аталмыш көрмені төрт мыңнан астам көрермен тамашалады. Барлық жобалар «Nur Otan» партиясының бастамасымен ұйымдастырылды.

– Облыста «Бақытты отбасы» партиялық жобасы бағыты бойынша аз қамтылған және көпбалалы отбасыларды қолдаудың кешенді шаралары іске асырылып жатыр, – деді Әсем Нүсіпова. – Бұл салаға облыстық бюджеттен бағытталған қаражат көлемі 1,7 млрд. теңгені құрады. Аталмыш бағдарламаға білім, денсаулық сақтау,тұрғын үй, кәсіпкерлік салаларындағы қолдау шаралары кіреді. Бүгінгі таңда отбасыларға 3,5 млрд. теңге көлемінде атаулы әлеуметтік көмек көрсетілді. Жыл соңына дейін 25625 отбасыны қамтуды жоспарлап отырмыз. Бұл, шамамен, 107600 адамға жалпы сомасы 11 млрд. теңге мөлшерінде көмек көрсетіледі деген сөз. Тұрғын үй кезегінде тұрған отбасылардың 426-сы қазірдің өзінде баспанамен қамтылды. Олардың 320-сы ауылды жерде тұратындар. Көпбалалы отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі «Nur Otan» партиясы мен қоғам өкілдерінің бақылауымен іске асырылады.

Тағы бір айта кетерлік жайт, жалпы оқу қаражаты есебінен аз қамтылған отбасылардың балаларын қолдауға 500 млн. теңгеден астам қаражат бөлінді. Бұл дегеніміз – оқу жылының басынан бастап балаларды ыстық тамақпен, мектеп формасымен қамтамасыз ету. Мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар (3518 бала) мектепке дейінгі балалар мекемесіне төлейтін төлемақының өтеуі есебінде көмек алады. Өңір колледждерінде балалардың қажетті мамандықтарды алуы мақсатында мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс орындарына қаржы бағытталды. Аз қамтылған отбасылардың балалары тегін ыстық тамақпен қамтылып, шәкіртақы алып отыратын болады.

Әсем Нүсіпованың айтуынша, төрт және одан көп баласы бар отбасыларды медициналық көмекпен қамту мақсатында өңірдің медициналық мекемелері көлемді акция өткізіп, 11 мыңнан астам көпбалалы отбасылар қамтылды. Аналар мен балаларға ем қабылдау түрлері көрсетілді. Бұл бағдарламаның тегін медициналық көмектің кепілді көлемі аясындағы бюджеті 1 млрд. теңгені құрады.

«Қазагро» қаржы институты арқылы ауылды жерлерде тұратын көпбалалы отбасыларға 85,6 млрд. теңге көлемінде несиелер берілді. «Еңбек» бағдарламасы аясында жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін 100 АЕК мөлшеріндегі гранттар бөлінді.

– «Спорттық алаңдар» партиялық жобасы аясында 2018 жылы жеке кәсіпкерлерді жұмылдыру нәтижесінде алты спорттық нысан салынды, – деп қосты Әсем Нүсіпова. – Биыл жергілікті бюджет есебінен 26 спорттық нысан салу көзделіп отыр.
Саяси кеңес бюросының отырысында түрлі нысандардың ерекше қажеттіліктері бар адамдарға қолжетімді болуы үшін паспортталуы, сондай-ақ халықтың барлық санаттарына білім алу орталықтары болып саналатын кітапханаларды дамыту жайы сөз етілді. Кітапханаларда алты мыңнан астам адам компьютерлік сауаттылыққа оқытылып, мемлекеттік порталдарды қолдануға үйретілген.

Жиында аймақтарды дамытудың 2016-2020 жылдарға арналған бағдарламаларын орындауда өткен жылы экономикалық даму қарқынын бәсеңдетіп жіберген Бесқарағай, Бородулиха және Шемонайха аудандарының әкімдері мен әкім орынбасарлары, облыс әкімі аппаратының басшысы Жасұлан Сәрсебаев баяндады.

– Бұл мәселе бізде осыған дейін де қаралған болатын, – деді «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Әнуарбек Мұхтарханов. – Мәселе бақылауда тұратын болады. Тоғыз айдың қорытындысы бойынша оны қайтара қараймыз.

Азамат Темірбеков

Осы айдарда

Back to top button