Партия қатарына белсенді жұмысшыларды көптеп тартқан жөн
Кеше облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ төрағалығымен «Нұр Отан» партиясының облыстық фи-лиалы саяси кеңес бюросының мәжілісі өтті.
Жиында партияның қызметін жетілдіру, жұмысы сылбыр жергілікті филиалдардың қызметіне талдау жасау, халықты әлеуметтік қамсыздандыру бойынша атқарылған жұмыстар сынды бес мәселе қаралды. Әуелі облыстық филиал төр-ағасының бірінші орынбасары Түсіпхан Түсіпбеков өткен бюрода қабылданған қаулының орындалу барысын баяндады. Осыған дейін партияның орталық аппараты облыстық филиалдың жұмысын жан-жақты тексеріп, бірқатар кемшіліктер анықтаған. Сол кемшіліктерді жою жолында филиал бас-шылығы жұмыстарына бірқатар өзгерістер енгізбек. Облыстық филиал тарапынан аудандарда жүргізілген тексерулер кейбір филиалдарда жарнаның толық жиналмағанын анықтаған. Осы және өзге де қаржылық мәселелерді ретке келтіру үшін филиалдардың бухгалтерлік қызметін орталықтандыру қолға алынып отыр.
– Бақылауды нығайтып, басшылық тарапынан талап күшейгелі бері, партия өкілдері ай сайын жарналарды тұрақты әрі кешіктірмей төлей бастады. Оның дәлелі ретінде соңғы бір айда төленуі тиіс жарнаны 123 пайызға асырып орындағанымызды айтуға болады, – деді филиал төрағасының бірінші орынбасары. Алайда, облыстық филиалдың жарна қарызы артып отыр. Т.Түсіпбеков партияға мүше студенттер мен зейнеткерлер, мүгедек жандар, декреттегі аналар жарна төлеуден босатылуы да көрсеткіштердің солғын тартуына әсер етіп отырғанын жеткізді.
Облыстық филиал төрағасы, аймақ басшысы Бердібек САПАРБАЕВ партия құрамына шағын және орта бизнес өкілдерін, жұмысшылар мен шаруаларды тарту керектігін ескертті.
– Жасыратыны жоқ, біздегі партия мүшелерінің негізгі бөлігін бюджеттік мекеме қызметкерлері құрайды. Олар онсыз да партияның бағытымен жұмыс істеуде. Сондықтан кәсіпорындар мен шаруа қожалықтарының жұмысшыларын, кәсіпкерлерді қатарға тартып, олардың ішінен көшбасшыларын іріктеп алуымыз керек. Ол көшбасшылар партияластарын соңынан ерте білуі қажет. Облыс бойынша 270 мың адам шағын және орта бизнес саласында еңбек етеді. Соның тек төрт мыңы ғана «Нұр Отанның» қатарында екен. Бұл көңіл көншірлік көрсеткіш емес, – деді аймақ басшысы.
Партия өкілдері мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асу барысын, жемқорлықпен күрес шараларының әділдігін де барынша назарда ұстап отыр. Ал «Нұр Отан» қабырғасынан әділдік іздеп келушілердің қатары артпаса, сиремеген. Жыл бойында келіп түскен 517 жүгінімнің 315-і партиядан сайланған депутаттарға тапсырылса, қалған жүгінімдерге ауызша жауап берілген. Партияның қоғамдық қабылдауына жыл басынан бері 110 адам келген. Соның ішінде алты адам қомақты көлемде материалдық көмек көрсету жөнінде өтініш білдірген. Бұл алты өтініш те сирек кездесетін ауруларды емдету бойынша жасалғандықтан, жан-жақты зерделеніп, бесеуіне «Парыз» қорының есебінен оң шешім шығарылды.
Филиалдың «Шығыс үні» газеті өз жұмысын ресми сайт ретінде жалғастырып отыр. Т.Түсіпбеков осы аталған шаралардан бөлек, жергілікті филиалдардың материалдық-техникалық базасын нығайту, әр филиалға көлік бөлу мәсе-лесін толық шешкенде ғана партия жұмысы жетілетінін айтты.
Қызметі тиімсіз деп танылған, тексерулер кезінде барлық талаптар бойынша кемшіліктер анықталған Абай және Күршім ауандарындағы филиал өкілдерінің де есебі тыңдалды. Абай ауданының әкімі, жергілікті филиал төрағасы Тұрсынғазы Мүсәпірбеков кемшіліктер үш ай бойында аудандық филиал төрағасы орынбасарының орны бос тұруы себепті орын алғанын, жаңа тағайындалған орынбасарымен бірге кеткен кемшіліктердің орнын толтыру үшін қызу жұмысқа кіріскендерін айтты. Ал Күршім аудандық филиалы төрағасының орынбасары саяси кеңес бюросының шешімімен қызметінен босатылды.
Облыстық мәслихаттағы партияның депутаттық фракциясының жетекшісі Нұржан Түсіпова бірінші жартыжылдықта фракцияның атқарған жұмыстары жөнінде ақпар берді. Оның айтуынша, облыстық мәслихаттағы 41 депутат «Нұр Отан» партиясы атынан бес айдың ішінде 232 кездесу өткізіп, 308 адамды қабылдаған. Өңір басшысы депутаттардың сайланар алдында берген уәдесін орындауына қадағалау орнату керектігін баса айтты. Сондай-ақ белсенді жастарды мәслихат депутаттарының көмекшісі ретінде пайдалану тәжірибесін жетілдіре түсу керектігі де ескертілді. Партияның азаматтарды әлеуметтік қамтамасыз ету бойынша тәлімгері Сергей Солдатов облыстағы тұрмысы төмен отбасылар мен жетімдердің, әскери қызметкерлердің әлеуметтік қамсыздандырылуына жасаған талдаумен таныстырды. Жиын соңында облыстық филиал төрағасы, аймақ басшысы Бердібек САПАРБАЕВ жұмысы сылбыр аудандық филиалдарға нақты тапсырмалар беріп, бірінші орынбасары Т.Түсіпбековке мүшелік жарнаны жинауды жүйеге келтіріп, қарызды тез арада қайтаруды тапсырды. Жыл аяғына дейін партияның барлық мүше-лері партиялық билеттерін жаңалайтын болады.