Парасаттылық мектебі
Президент жанындағы Мемлекеттік басқару Академиясы еліміздің барлық өңірлерінде «Парасаттылық мектебі» курстарын өткізуді бастады.
– Біздің бүгінгі мақсатымыз – жастардың бойында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мінез-құлықты қалыптастыру, сондай-ақ коррупцияға қарсылық көрсете алатын жастар легін дайындау. Осы мақсатта Академияның аймақтардағы филиалдары мен орталығында студенттер арасында, соның ішінде екінші және үшінші курс студенттерімен жұмыс істеу басталды. Парасаттылық мектебі жастардың шығармашылығымен қатар, өз ойын анық жеткізе алуға, яғни эмоциялық нығаюына септігін тигізеді. Кешеден бері курс тыңдаушылары сыбайлас жемқорлықтың мемлекетке тигізер зияны жайлы теориялық білім ғана алып қойған жоқ, сонымен қатар түрлі практикалық кейстарды шешіп жатыр. Осы себепті бұл мектептің студент жастарға берері мол, – деді Академияның облыс бойынша филиалы директорының міндетін атқарушы Айжан Масенова.
Аталмыш шараның Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігімен бірлесе отырып қолға алынғанын хабарлаған ол бұл шара бірінші рет қолға алынып жатқанын айтты. Дегенмен бұл алдағы жылдары да қолға алынып жыл сайын өтетін дәстүрлі шараға айналмақ көрінеді.
– Мектеп жұмысын студенттер жазғы каникулға шыққан кезге арнайы орайластырып отырмыз. Біз облыс орталығындағы үш университетке хат жолдаған болатынбыз. Нәтижесінде «Парасаттылық мектебіне» қатысуға 60-қа жуық студент ниет білдірді. Алайда үш жүз сөзден тұратын эссе жазу іріктемесінен тек 18 студент қана өтті. Курстар барысында оларға мемлекеттік қызметшілердің этикасы, өзін-өзі ұстауы бағытындағы дәрістер оқылады. Курс қорытындысы бойынша тыңдаушыларға Академия үлгісіндегі сертификаттар табысталады, – деп қосты Айжан Матанқызы.
Азамат Темірбеков