Саясат

Парасатты адам пара алмайды

Кеше облыс орталығында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің сервистік «Antikorortalygu»ашылды.Сервистік орталықтың ашылу салтанатына Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев пен облыс әкімінің бірінші орынбасары Ерлан Аймұқашев қатысты.

Роботтандыруға әлі жетпегенімен,орталыққа келушілерді облыстық департамент басшысының бейнесінде жасалған голограмма қарсы алады.Заманауи технологияның көмегімен жасалған бейне азаматтарға осы жердегі мамандардан өздерін толғандырған сұрақтар бойынша кеңес алуға болатынын түсіндіреді. Тұтынушыларға қызмет электронды кезекпен көрсетіледі.

Департамент басшысының бірінші орынбасары Жігер Байділдин жиналғандарды төменгі қабатта орналасқан бөлмелерде көрсетілетін қызмет түрлерімен таныстырды. Бұл жерде азаматтарға заңгерлік  және «Шығыс – адалдық алаңы» жобасына қатысты, сыбайлас жемқорлықпен күрес төңірегінде кеңестер беріледі, тұтынушылар сонымен қатар басшылықтың қабылдауына жазыла алады. Осы жерде арыз-шағымдар үшін сенім жәшігі де қойылыпты.

Облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметі өңірдегі құқық қорғау қызметтерінің ішінде «Openspace» форматына көшкен алғашқы мемлекеттік орган. Ғимараттың екінші қабатында департаменттің қоғаммен байланыс орнататын превенция және парасаттылық басқармасы толықтай ашық кеңістік форматында жұмыс істейді. Басқарма басшысының бөлмесі әйнектен жасалған, бұл– ашықтықтың, жариялылықтың белгісі, деп түсіндірді департамент басшысы.

Бұдан кейін мәжіліс залында департамент пен «Шығыс – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің он бір айда атқарған жұмыстарының қорытындысы тыңдалды. «Шығыс – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі Елена Березинская-Абилова атап өткендей, адалдық алаңдары қоғам мен билік арасындағы көпір іспетті. Бір жылдың ішінде өңірдегі тұрғындардың мемлекеттік органдарға, билікке деген сенімділігі артқаны байқалады. Осы уақыт аралығында жобалық кеңсеге 12547 азамат өтінішпен келсе, олардың сегіз мыңнан астамы оңды шешілген.

–Қазақ халқында «Таяқтау оңай, тәрбиелеу қиын» деген қанатты сөз бар. Сондықтан біздің алдымызда тұрған ауқымды мақсат, зор жауапкершілік – қазақстандық қоғамның менталитетін, санасын өзгерту, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет, берік иммунитет қалыптастыру. Яғни, әрбір адам үшін парасаттылық қағидаттары: адалдық, әділдік, әдептілік және сатылмаушылық сияқты құндылықтар мінез-құлық нормасына айналуы тиіс, – деді департамент басшысы Ерлан Жолмағамбет.

Осы орайда, парасаттылық ұғымын кеңінен насихаттау мақсатында, департамент қызметкерлері бірнеше ауқымды жобаларды жүзеге асыруда. Мысалы, ағымдағы жылы жаз мезгілінде облыстағы барлық мектеп жанындағы және қала сыртындағы лагерьлерде, жоғары оқу орындарының студенттеріне арналған лагерьде «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жазғы мектеп» немесе «Жазғы парасаттылық мектебі» өткізілді. Өскелең жас ұрпақты адалдыққа дәріптейтін «Адалдық сағаттары» ұйымдастырылған.

–Өткен жылдан бері республика көлемінде жүзден аса сервистік орталық ашылды. Басты мақсатымыз – ашықтық пен жариялылық. Бірінші кезекте мемлекеттік қызметшілердің білімі мен мәдениетін көтеруге назар аударуымыз керек. «Қиянат жасама», « біреудің ала жібін аттама», «кісі ақысын жеме» деген сөздерді бала кезімізден естіп өсеміз. Парасаттылық осы тәрбиеден басталады. Парасатты адам пара алмайды. «Егер әлемді өзгерткің келсе, өзіңнен баста» деген сөз бар, – деп қорытындылады жиынды  агенттіктің төрағасы Алик Шпекбаев.

Бұдан кейін агенттік төрағасы департаменттің бір топ қызметшілеріне қызметтік пәтердің кілтін тапсырды. Сонымен қатар қоғамда сыбайласжемқорлыққа қарсы күресті насихаттап жүрген қоғам белсенділері мен журналистерге Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің грамотасы мен Алғыс хаттарын тапсырды.

Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button