Құқық

Пандемия полиция жұмысын өзгертті

 Күнделікті тыныс-тіршілікті күрделі өзгерістерге ұшыратқан коронавирустық пандемия қоғамның қай саласына болмасын өз шарттарын орнатқаны белгілі. Адамдар еркін жүрісті тыйып, белгілі бір тәртіпке бағынып, талаптарды сақтауға көшті. Десек те, өзгерістер барлығына дерлік оң әсер етті деуге келмес. Жұмыссыздық өсіп, адамдарға түсетін психологиялық салмақ та ауырлады. Бұл өз кезегінде түрлі деңгейдегі қылмыс көрсеткішінің өсуіне септігін тигізді. Мұны құқық қорғау саласының қызметкерлері де жоққа шығармайды.

Жұртқа жақындай түсуі қажет

Әлемді жайлаған коронавирустық пандемия осыған дейін бұлжымай сақталып келген көптеген дәстүрлі қатынастарды күл-талқан етіп, біз ойламаған нәтижелерге әкеп тірегені рас. Мұндай өзгерістерді қазіргі таңда қоғамның қай саласы болмасын басынан өткеруде. Олардың қатарында заман талабына орай, бүгін біз тілге тиек ететін  құқық қорғау саласы да бар. Нақтырақ айтсақ, реформалық өзгерістерге тап келген учаскелік полиция инспекторларының «COVID-19» пандемиясы кезіндегі жұмыстарына кеңінен шолу жасауды ұйғардық.

Жалпы, бүгінгі таңда құқық қорғау саласының қай бағытына болмасын талап күннен күнге күшейіп келе жатқаны рас. Бұл әсіресе, осындай қиын-қыстау кезеңде анық байқалуда. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев  биылғы  Жолдауында бұл мәселеге ерекше мән беріп, аталмыш саланың заман талабына сай икемді болуы қажет екенін айтқан болатын.

– Барлық озық елдерде полиция институты сервистік модель негізінде дамып келеді. Біз де мұндай үлгіге көшетінімізді мәлімдедік. Бірақ жұмыс барысында аз ғана нәтижеге қол жеткізілді, – деген  Мемлекет басшысы  «Жұртқа жақын полиция» қағидаты бойынша жергілікті полиция қызметінің мейлінше тұтас реформасын жасау қажеттігінің пісіп-жетілгенін атап өтті. Осыған орай, халықпен тікелей қарым-қатынасқа түсіп, әкімшілік құқық бұзушылықтарды реттеуге атсалысатын учаскелік инспектордың рөліне баса мән берілетінін айтты.

«Учаскелік инспектордың мәртебесін заңнама арқылы арттырып, оның өнімді жұмыс істеуіне мол мүмкіндік берген жөн. Ол азаматтар алдында танымал, қол­жетімді әрі беделді болуға, солардың құ­қықтарын қорғауға тиіс. Құқық қорғау органдары қызмет­керлерін жұртпен ашық әңгіме жүргізуге үйретудің маңызы зор. Бұл бағыт кадр­ларды даярлау және іріктеу жүйесінде басымдыққа айналуы қажет», – деп ел билігіне осындай тапсырма міндеттеген Президент пандемия кезінде бұл іске бірден кірісу керектігін меңзеді.

Қызмет ауқымы қомақты

Жалпы, учаскелік инпектордың құзыретіне не жатады? Қарапайым полиция қызметкері мен учаскелік инспектордың айырмашылығы қандай? «Қазақстан Республикасының iшкi iстер органдары туралы» Заңына сәйкес, полицияның құзырына адамның және азаматтың өмірін, денсаулығын, құқықтары мен бостандықтарын құқыққа қарсы қолсұғушылықтан қорғау, оқиға туралы өтініштерді немесе хабарламаларды қабылдау, тіркеу және қарау, көмек көрсету, құқық бұзушылықтың алдын алу шараларын жүзеге асыру, патрульдеу, құқық бұзушыларды іздеу және құрықтау кіреді. Бұдан бөлек полиция қызметкерлері көшіп-қонушылар мен соттылығы аяқталмаған адамдармен жұмыс істейді. Осыншама ауқымды жұмыстарды атқаратын полицейлердің қызметінің жіктелетіні де белгілі. Осы себепті полицияның бейінді бөлімдері мен құрамдары бар. Ал аталмыш екі бағытты біріктірген учаскелік инспекторлар әмбебап полицейлер болып табылады.

Учаскелік полицейлердің жұмыстары  Ішкі істер министрлігінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы  «Учаскелік полиция пунктінің жұмысын ұйымдастыруға жауапты учаскелік полиция инспекторларының, учаскелік полиция инспекторлары мен олардың көмекшілерінің қызметін ұйымдастыру қағидаларын бекіту туралы» №1095 бұйрығымен реттеледі. Аталмыш полиция қызметкерлері тікелей халықпен жұмыс істейтіндіктен тұрғындар көбінесе түрлі мәселелерін айтып оларға келеді.

Бұйрыққа сай қалалық елді мекендердегі әр учаскелік инспектордың қадағалауына үш мың адамнан берілсе, ауылдық жерлердегі мұндай қызметкерге тиесілі тұрғындар саны 2500 адам. Осыдан-ақ учаскелік инспекторға артылған жүктің қаншалықты ауыр екенін аңғаруға болады. Кей кездері қызметкер жетіспеушілігі салдарынан олардың жұмыстары еселеніп кететін көрінеді.

Қарапайым полиция қызметкері мен учаскелік инспектор жұмысының жиі қайталанатынын байқау қиын емес. Жалпы, «102» нөміріне қоңырау шалу мен учаскелік инспекторға хабарласудың арасында еш айырмашылық  жоқ. Ақпарат ішкі байланыс каналдары арқылы тарап, оқиға орнына жедел-тергеу тобымен қатар учаскелік инспектор да келеді.

Бүгінгі күні учаскелік полицейлердің жұмысы үстемеленбесе, азайған емес. Жұрттың басым көпшілігі карантинде болғанымен жасалатын түрлі заңбұзушылықтар саны да азайған жоқ. Тек оның сипаты өзгерді. Мұны Өскемен қаласындағы Ертіс полиция бөлімінің учаскелік инспекторы, полиция майоры Еділ Асанов та растап отыр.

– Біздің негізгі жұмысымыз өзімізге қарасты аумақтарда түрлі деңгейдегі қылмыстарды болдырмас үшін алдын ала профилактикалық жұмыстар жүргізу болып табылатыны барлығына мәлім, – дейді ол. – Сондай-ақ арнайы тізімде тұрған адамдарды бақылап, қайтара қылмыс жасамауын да қадағалау біздің мойнымызда. Жалпы, учаскелік полиция қызметкерінің жұмысы тек профилактикалық шаралармен ғана шектеліп қоймай, сонымен қатар азаматтарға әртүрлі көмек түрлерін көрсетіп жатады Пандемия кезінде жұмысымыз еселене түсті. Яғни, карантиндік шектеу шараларына қатысты тексеру, ескерту шараларын жүргізуді қолға алдық.

Қазіргі уақытта Еділдің қарауындағы Кожедуб, Қабанбай көшелері мен жағажай ауданының бір бөліктерінде 3741 адам тұрып жатыр. Учаскелік инспектор күнделікті аталмыш аудандарды аралап, жағдайы төмен және қолайсыз отбасыларды, сондай-ақ бұрын сотты болып, арнайы тізімге ілінген адамдарды бір шолып, олардың жағдайларын бақылап отырады.

Отбасылық жанжалдар көбейді

– Карантиндік шектеулер адамдардың психологиясына да едәуір әсер етті, – дейді Еділ Асанов. – Үйде қамалып, я болмаса жұмысынан айырылған адамдар тұрмыстық жанжалдарға, одан қалды ұрлыққа баруды жиілетті. Осыған дейін жан-жақта жұмыста жүрген ерлі-зайыптылар бір-бірін кешкісін, дастархан басында ғана көретін. Қазір  барлық мүшелері төрт қабырғаға қамалып отырған отбасылар бар. Балалары да сабақты онлайн оқуда. Оған қоса, түрлі ойын-сауық мекемелерінің жұмыстары тоқтап тұр. Ара-тұра көңіл көтеріп, демалатын жерлер жоқтың қасы. Бұлардың барлығы адамдардың психологиясын өзгертіп, өзгеше күйзеліс вакуумын туындатты.

Нәтижесінде тұрмыстық жанжалдар көбейіп, әкімшілік тұрғыда жасалатын қылмыстар саны өскен. Отбасы мүшелері бір-бірімен, көршімен-көрші жаға жыртысқан жағдайлар жиілеп кеткен. Осымен бірге, оқиға орнына бірінші кезекте жетуі тиіс учаскелік инспектордың шақыртулары да көбейген.

– Карантин талаптарын адамдардың барлығы дерлік  сақтайды деп айтуға келмейді. Көпшілік мұндай сақтықтың бірінші кезекте өзінің және жақын туыстарының денсаулығы үшін қажет екенін түсіне бермейді. Қоғамдық орындарда маска кимейді, жеке гигиеналық талаптарды сақтамайды. Осының салдарынан оларға біріншіден, вирус қауіп төндірсе, екіншіден, заңнамалық санкция қолданылу қаупі төнеді, – дейді Еділ Асанов.

Бас мемлекеттік санитарлық дәрігер қаулысының  талаптарын орындамағандарға бірден айыппұл салуға асықпай, бірінші кезекте ескерту жасалатынын айтқан учаскелік инспектор  адамдар ескертулерді тыңдамаған жағдайда ғана іс құжаттары жиналып, әкімшілік шара қолдану үшін құқық қорғау органдарына жолданатынын алға тартты.

Өскемен қалалық полиция басқармасының хабарлауынша, бүгінгі күні қаладағы 23 учаскелік полиция пунктінде барлығы 122 учаскелік полиция инспекторы қызмет ететін көрінеді. Көлік құралдарымен және арнайы құрылғылармен толықтай қамтамасыз етілген әмбебап полицейлер жыл басынан бері 400-ге жуық қылмыстың алдын алып, қоғам тыныштығының сақталуына атсалысқан. Осылайша, қылмыстың алдын алу көрсеткішін өткен жылғы деңгеймен салыстырғанда 13 пайызға арттырған.

Азамат Темірбеков

Осы айдарда

Back to top button