Оқушылар ұялы телефонға неге үйір?
Оқушыларға ұялы телефон ұстаудың қаншалықты қажет екендігі бүгінгі таңда қоғамда екіұдай пікір қалыптастырып отыр. Кейбір ұстаздар қарсылық танытып жатыр. Себебі, сабақ үлгеріміне кері әсерін тигізеді дейді. Бүгінгі телефондар көбіне айфон, андроид болып келетіндіктен, ватсап арқылы бірімен-бірі егесіп, тіпті, жоғарғы сынып оқушылары арасында айғай-шу, жанжал шығып жатады.
Жақында ғана мемлекеттік шенеуніктерге қызмет барысында сенсорлы ұялы телефон пайдалануға тыйым салынғанын барлығымыз білеміз. Содан соң, бұл шектеу жол полициясы қызметкерлеріне де қойылды.
Ұялы телефон қазіргі таңда әрбір адамның күнделікті өмірде қолданып жүрген үйреншікті затына айналған. Байланыс құралының бұл түрінің дамып кеткені соншалықты, бұл заманда ұялы телефонсыз адамды көзге елестету қиын. Жұмыста, сабақта, серуендеп жүрсе де адам үшін қажетті дүние болып тұр. Баланың бойында ұялы телефонға, планшетке, компьютерге деген құмарлық мектеп жасына дейін қалыптасып қояды екен.
– Өзім өмір бақи ұстаз болып еңбек еттім, – деді қарт педагог, қаладағы «Достық» үйі ардагерлер алқасы төрағасының орынбасары Кеңес Райымбеков, – балабақшадағы балада ұялы телефон жүреді. Бұрындары «аттың құлағында ойнайды», «алыстан алты жасар бала келсе, алпыстағы шал келіп сәлем береді», «он үште отау иесі» деп қазақ балаларын естияр болуға тәрбиелеуші еді. Бүгінде сол ұғым «ұялы телефонмен керемет ойнайды, қаріп танымаса да, ютубке кіріп алады, интернетті шарлап кетеді» деген мақтанышқа ауысып барады.
– Сенсорлы телефондарға тесіліп отыру балалардың көзіне өте зиян, – дейді көз дәрігері Жанар Қадамбекова, – күніне он бес минут қана ойнатыңыздар. Балабақша, мектеп жасындағы балалардың мүмкіндігінше көз гигиенасын сақтаңыздар. Яғни, ұялы телефондармен, компьютермен ойнауға белгілі бір уақытқа дейін шектеу қойыңыз. Тек көз саулығы ғана емес, құлақтың да амандығы қажет. Кеңес үкіметі тұсында байланыстың басты құралдары – дауысы көрші үйге естілетін қарапайым телефон, телеграмма немесе хат жазу еді. Техника дамығалы, бұл қызметтің бәрін бір ғана ұялы телефон атқаратын болды. Қазір алақандай ғана осы құралды еңбектеген баладан, еңкейген кәріге дейін ұстайды. Бар шаруа бір тетікті басумен шешіледі. Бірақ ұялы телефонның зияны да бар екендігін ескерген жөн. Мұны ең алдымен кәдімгі тарақандар сезген. Өкінішке орай, адамдар селт етер емес. Кейбіреулер телефонды есін білмейтін жас балаларға ойыншық орнына беріп қояды. Мұның ағат екендігін ата-аналардың білуі керек. Ұялы телефон балалардың денсаулығына кері әсер етеді екен. Есте сақтау қабілеті нашарлайды. Танымдық қабілеті төмендейді. Бойды сүлесоқтық пен бойкүйездік билейді. Балалардың көбісі ашушаң, шаршауық болып, жүйкесі тез сыр береді. Тіпті, жүйкесі жұқарып, депрессиялық синдромға ұрынуы да жиілейтін көрінеді.
Адамдар пойызда, лифт ішінде телефонмен сөйлесіп жатады. Ең зияны да осы екен. Ұялы телефонның антеннасы мұндай жағдайда жоғары деңгейде радиация бөледі. Бұл айналып келгенде адамның дене бөліктерін қыздырып, денсаулығына кері әсер беретін көрінеді. Әсіресе, жастар күндіз-түні ұялы телефонға жабысып, қолдарынан бір тастамайды. Түнімен музыка тыңдайды, бір-біріне хабар жібереді. Әйтеуір тыным жоқ. Зарядтайтын қондырғы жарты метр жерде болса, онда жоғары кернеулі электр сымының астында ұйықтағанмен бірдей екен. Тіпті мұның соңы мида қатерлі ісіктің пайда болуына әкеледі. Ғалымдар бұл күндері осындай сұмдық жайттарды да анықтап отыр.
Әуелде салмағы бір жарым келі тартыпты
Ұялы телефон қазіргі заманда адамның ажырамас көмекшісіне айналды. Бүгінгі таңда пішін-тұрпатына қарай ұялы телефондар: моноблокты, жайылмалы, сырмалы сенсорлық телефон деп бөлінеді екен. Жай ұялы телефонда қонырау шалу – қабылдау, СМС болады. Ал смартфондардың фото – бейнекамера, интернет, ММС, блютуз сияқты функциялары бар. Уақыт өткен сайын олар көбейе түсуде. Смартфон құрылымы жағынан компьютерге ұқсас болып келеді. Оның ішіндегі функциялары бағдарлама түрінде жасалған. Мұнымен қатар өзге бағдарламаларды қосуға болады. Смартфон жай ұялы телефонға қарағанда күрделі, функциялары кеңейтілетін құрылғы. Сырмалы сенсорлық ұялы телефонның бейнекамерасы мен бейнебет арқылы бірін-бірі көріп сөйлесуге болады.
Уикипедияның ашық мәліметіне сүйенсек, 1875 жылдың 2 маусымында Бостон университетінің шешендік өнер мектебінің профессоры Грехем Белл ең алғаш рет байланыстырушы сымдардың көмегімен өз көмекшісінің даусын естиді. Өнертапқыш шотландтықтың бұл жаңалығы тарих бетінде телефон деген атпен қалды. Бір қызығы, өнертапқыштың есімі ағылшын тілінен аударғанда, «қоңырау» деген мағына береді.
Арада бір ғасырға жуық уақыт өткенде, ең алғашқы ұялы телефондар пайда болды. Иллинойс технологиялық институтының түлегі Мартин Купердің өнертапқыштық бұл жаңалығын қазір әлем халқының жартысына жуығы күнделікті қолданып отыр. Осылайша, ұялы телефонмен жасалған алғашқы нағыз байланыстың тарихын 1973 жылдың 3 сәуірінен бастаймыз. Ұялы байланыс компаниясының қызметкері Мартин Купердің зерттеулер бөлімінің басшысы Белл Лабзға Нью-Йорк көшелерінде серуендеп жүріп соққан қоңырауы ұялы телефонмен алғашқы байланыс орнату болып саналады. Купердің өзі таратқыштан сигнал жіберу хаттамасының негізгі құрастырушысы еді. Ал ол қолданған телефонның салмағы, яғни, ең алғашқы ұялы телефон 1,15 килограмм тартқан.
Сол уақыттары Нью-Йорк әлемдегі ұялы байланыстың базалық станциялары орнатылған әлемдегі жалғыз нүкте болды, төрт жылдан соң Чикагода 2000 абоненттік тәжірибелік ұялы желі құрылды. Ал 1979 жылы бұл өнертапқыштық жаңалыққа Күншығыс елі зор қызығушылық білдіріп, 88 базалық станциядан тұратын алғашқы ұялы байланыстың қызметін бастады.
Қазір әлемде ұялы телефондардың қолданыс аясы өзінің байланыс орнату шегінен асып кетті. Телефондар өмірдің барлық саласында қолданылуда.
Ватсап және агент
Бірден айту керек, мұны адамдар әу баста ел игілігі, байланыстың тиімділігі үшін ойлап тапқандығы рас.
– Мектепте жоғарғы сыныптың оқушылары үнемі сенсорлы ұялы телефон ұстайды,-дейді 10-сынып оқушысы Сәуле Бектемісова, – телефондағы еліктіргіш нәрсе – ватсап пен агент. Топтық және жеке сөйлесулердің көптігі соншалық, оқушы сабақ жүріп жатқан кезде де одан бас алмай қалады. Телефонның және бір еліктіргіш тұсы – ұялы агент. Мұның шырмауынан шығу – қиынның қиыны. Себебі агенттен дүние жүзінің барлық адамымен танысуға болады. Сыныпта 26 оқушы болса, оның тең жартысы сабақтың үстінде агентте отырады. Сондағы бар жазатындары – бір-бірімен танысу, топқа кіру немесе қайта шығу. Мұғалім 45 минут бойы жаңа тақырыпты түсіндіріп жанталасып жатқанда, оқушы бала партаның астына жасырған ұялы телефон арқылы агентте отырады. Оқушының ата-анасы мұғалім не директор болса, тіпті керемет. Мұғалімдер өз балаларын естері шығып, қорғаштай жөнеледі.
Сәуле айтқандай, олар тәуліктің 12-13 сағатын осы ұялы телефонда клип көру, әлеуметтік желілерді шарлау, музыка тыңдаумен өткізеді. Түні бойы ұйқы көрмеген бала сабаққа шаршап-шалдығып келеді. Содан соң сабақты қалай тыңдасын? Қалғып-шұлғып отырады. Ұйқысы қанық деген оқушының өзі бір-біріне хат жазып, бір сыныпта отырса да, жағдай сұрасып есі кетіп жатады. Біздіңше, мектеп оқушыларына ұялы телефонның қарапайым түрін ғана ұстауға рұқсат ету қажет.
– Кейде оқушылар сабақ үстінде, тақтаға шыққанда телефондарына үңіліп, жауап іздеп жатады,-дейді семейлік Альмира Үкітаева, – мектепте сабақ бермесем де, соны байқап жүрмін. Мұны мұғалім көріп тұрса да, ештеңе дей алмайды. Оқушының қолындағы телефонды тартып алуға хақы жоқ. Оқушы бейнежазбаға түсіріп алып, интернетке сала салуы мүмкін.
– Бір баланы көрдім, үйіне келгенде алдымен планшет ойнады, сосын оның қуаты таусылып қалған соң, ұялы телефонға жармасты, оның қуат көзі біткен соң, компьютерге отырды, – дейді кітапханашы Рәш Нұртілеуова,-осындай балалар кітап-журнал оқып, газет қараса ғой. Тіпті, қазір теледидар да қарамайтын болды. Қыз балалар тоқыма тоқып, іс тіксе, ұлдардың спорттың әр түрімен тегін айналысуға мектепте мүмкіндік жасаса жақсы болар еді. Күн ұзын ноутбук, компьютер, телефонда отыратын баладан ертең қандай отанқорғаушы шығады? Ондай қыздан қандай дені сау бала тумақ? Би сыныптарын көбейтсе, мектептегі сурет және еңбек сыныптарына көңіл бөлінсе дейміз. Әйтпесе, балалардың барлығы информатик немесе математик болмайды ғой. Денешынықтыру сабағына да дұрыс қараған жөн.
«Мен ұялы телефонды сабақ уақытында сөндіріп қоямын. Себебі кездейсоқ қоңырау түсуі мүмкін. Ондайда мұғалім ескерту жасайды»,- дейді оқу озаты, №16 мектептің 8-сынып оқушысы Берік Самалбаев. Ал Айгүл Бекетованың айтуынша, ұялы телефонының фотоаппараты және бейнекамерасы бар екен. Әдемі сәттерді суретке түсіріп, бейнекамераға жазады. Тек сабақтан тыс сәттерде. «Телефонмен достарыма смс, ммс жіберемін. Ұялы телефонмен кейде интернетке кіремін. @ mail-ды жазып, өз «әлеміме» де кіремін. Сосын электронды поштамды тексеремін. Ұялы телефонның қызметі қымбат. Сондықтан мен ұзақ сөйлеспеймін. Жақында телефоныма агент пен ватсап орнаттым. Ал агент аркылы сөйлескен арзан. Телефон арқылы достарымды кез келген жерден тауып алуға болады»,- дейді Жайдары Асхатқызы.
Бәрін айт та, бірін айт, ұялы телефонды ұзақ пайдалануға болмайтындығы ақиқат. Алдымен, ол уақытыңды алады, шаршатады. Алтын уақыттың қалай өткенін байқамай қаласың. Бірақ, шынын айту керек, қазір ұялы телефонсыз іс тындыра алмайтын заманда өмір сүріп жатырмыз. Бәріміз соған тәуелдіміз. 1991-1997 жылдары бұл ғажап техниканы тек қана дәулетті адамдардан көретін халық қазір телефонды жастанып жататын жағдайға жеткен. Тіпті бесіктен белі енді ғана шығып, тәй-тәйлап жүргендердің қолдарында да бір-бір телефон.
Бүгінде екінің бірінің қолында, жамбасында, қалтасында, сөмкесінде, кеудесінде жүрген осы «сотканың» адамға қаншалықты пайдалы, немесе зиян екендігін әркім ойлана бермейді, білсе де назар аудармайды. Ұялы телефоннан бөлінетін электромагнитті толқындар адам денсаулығына айтарлықтай зиян келтіреді. Халықаралық Денсаулық сақтау ұйымы осылай деп отыр. Ғалымдар жүргізілген зерттеулердің нәтижесінде телефонмен көп сөйлесетін жандарда ашушаңдық мінезді анықтаған. Ұялы телефоннан бөлінетін электромагниттік толқындардың қатерлі ісіктің пайда болуына әкеп соқтыратынын дәлелдеген. Сөз соңында айтарымыз, баланың қайда және не істеп жүргенін біліп отыру үшін ұялы телефон беру керек те шығар. Бірақ, оның залалын да естен шығармағанымыз абзал.
Раушан Нұғманбекова
Семей