Отыз озық елдің ішінен ойып тұрып орын алуға тиіспіз
Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты ел халқына Жолдауында айтылған негізгі басымдықтарды қарастырып, алға қойылып отырған міндеттерді талқылау мақсатымен облыстық активтің мәжілісі болып өтті. Өздеріңізге белгілі, 14 желтоқсан күні Елбасымыз Қазақстан халқын Тәуелсіздік мерекесімен құттықтап, 2050 жылға дейінгі дамуымыздың бағыт-бағдарын анықтап берген болатын.
Облыстық актив мәжілісіне мемлекеттік органдардың жетекшілері, депутаттар, зиялы қауымның, үкіметтік емес ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Сондай-ақ, мәжіліске селекторлық режимде қалалар мен аудандар қосылып отырды.
Әр жылғы Жолдаудың өз жаңалығы бар. Дегенмен, биылғы Жолдау еліміздің 2050 жылға дейінгі дамуы үшін жаңа міндеттер қойып отыр. Мұның бәрі – ең алдымен экономиканың қуатын еселейтін міндеттер. Олар халықтың әл-ауқатын арттырып, барынша жақсы өмір сүруіне жағдай жасауды көздейді.
Мәжілісте негізгі баяндаманы облыс Әкімінің бірінші орынбасары Ермек Көшербаев жасады. Ұлт Көшбасшысының кезекті Жолдауының басты мақсаты – еліміздің 2050 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық дамуын нығайту. Ол осыдан 15 жыл бұрын қабылданған «Қазақстан-2030» Стратегиясының лайықты жалғасына айналып отыр.
Уақыт көрсетіп отырғандай, еліміз Стратегияда көрсетілген міндеттерді орындады. Бүгінде ұлттық экономикамыздың өсімі 16 есеге артып, өткен жылдың өзінде 28 триллион теңгені құрады.
– Биыл Дүниежүзілік экономикалық форумның бағалауы бойынша еліміз 51-орынға тұрақтады. Президент 2050 жылға қарай Қазақстанды әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына енгізуді тапсырып отыр. Бұл – баршаларымызға артылған зор міндет! – деді өз сөзінде Ермек Көшербаев.
Мемлекет басшысының «Қазақстан-2050» Стратегиясында көрсетілген жаңа саяси бағыт іске асырылған өзгерістердің логикалық жалғасы болып табылады және мемлекеттілігімізді дамыту мен нығайтудың жаңа міндеттерін айқындайды. 15 жыл бұрын қабылданған «Қазақстан-2030» Стратегиясы Елбасымыз айтқандай, көптеген көрсеткіштер бойынша мерзімінен бұрын орындалып отыр. Атап айтар болсақ, ұлттық қауіпсіздіктің тиімді жүйесі құрылды, кәсіби әскеріміз қалыптасып, көрші елдермен шекараларымыз бекемделді. Ішкі саяси тұрақтылық пен ұлттық бірлігіміз нығайып келеді. Соңғы он бес жылдың ішінде Қазақстанның ішкі жалпы өнімі 16 есеге, әр тұрғынға шаққанда 7 есеге өсті.
Елбасымыз сөйлеген сөзінде әлем ғаламдық өзгерістер алдында тұрғанын атап көрсетті, Азия елдерінің өркендеуіне байланысты Қазақстан көп ұзамай дүниежүзінің геоэкономикалық және геосаяси орталығына айналмақ. Осыған орай, жаңа Жолдауда қазіргі заманның ғаламдық он қауіп-қатерлеріне жан-жақты талдау жасалған. Оларға төтеп беру үшін Ұлт Көшбасшысы «Қазақстандық мемлекеттілікті, ұлт тұтастығын әрі қарай нығайтып, демократиялық үрдістерді дамыту қажет» дейді.
Жаңа Стратегияның басты мақсаты – 2050 жылға қарай әлемдегі ең озық 30 елдің қатарына ену. Соны бағыттың негізгі қозғаушы күші, Елбасымыз айтқандай, жастар болмақ. Сондықтан мемлекет міндеті – жас ұрпаққа үздік білім, лайықты жұмыс, жаңа мүмкіндіктер беру. «Қазақстан-2050» Стратегиясының жеті басым бағытына сәйкес әрбір он жылға жеке-жеке жоспарлар қабылданып отырады.
– Облысымыздың экономикалық және әлеуметтік саладағы бағындырған белестері баршаға белгілі, сол себепті жаңа Стратегияның басым бағыттарын аймақтық даму тұрғысынан қарастырмақпыз, – деді Ермек Көшербаев. – Стратегиядағы негізгі міндеттердің бірі – үдемелі индустриялды-инновациялық даму бағдарламасын кеңейте түсу. Біздің облысымыздан Индустрияландыру картасына 39 жоба енгізілген. Жаңа міндеттерге сай инновациялық өнеркәсіп орындарын ашу жұмыстарын жалғастыру қажет.
Осы ретте облыс Әкімінің бірінші орынбасары жаңа кәсіпорындардың тұралауына, толық қуатында жұмыс істемеуіне жол беруге болмайтынын қатаң ескертті. Сондықтан қалалар мен аудандардың әкімдері әрбір жобаны жан-жақты зерделеп, шикізат қорының жеткілікті болуын, даму мүмкіндіктерін, ықтимал тәуекелдерді қаперден шығармауы тиіс.
Шағын және орта бизнесті өркендету жолында кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасына, қалалар мен аудандар әкімдеріне «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасын тиімді іске асыру, тұрақты жұмыс орындарын ашу тапсырылды.
Сонымен қатар, облыс Әкімінің бірінші орынбасары Ермек Көшербаев стратегиялық құжаттың басым бағыттары бойынша жергілікті атқарушы органдарға «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасын іске асыруды жеделдету, облыстағы төрт шағын шаһар мен 50 тірек ауылды дамытуға бөлінген бюджет қаржысын тиімді игеру, денсаулық сақтау саласындағы кадр жетімсіздігін жоюдың, ауылдық жерлерге медицина мамандарын тартудың тегершіктерін әзірлеу, спорттық нысандарды құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету, оларды барша тұрғындар үшін қолжетімді ету, Өскемен мен Семей қалаларында спорттық шеберлік мектептерін, Риддер қаласында шаңғы-роллер трассасын салу мүмкіндігін қарастыру, жекеменшік балабақшаларды ашу мәселесін бақылауға алу, техникалық және кәсіби мамандарды сапалы дайындауға қажет жағдай жасау, дін саласындағы заңнамалардың орындалуын қадағалау сынды бірқатар қадау-қадау міндеттерді тапсырды.
– Бұл жаңа даму стратегиясын іске асыру бағытында атқарылар міндеттерге жасалған қысқаша шолу ғана. 16 желтоқсанда Үкімет отырысында Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру бойынша жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының жобасы қарастырылып, мақұлданды. Осындай жоспар облысымызда да әзірленіп, бекітілетін болады. Сондай-ақ, Стратегия аясында Қазақстанның отыз дамыған елдің қатарына ену тұжырымдамасы жасалады. Мемлекеттік құжатта белгіленген барша міндеттерді жүзеге асырудың тегершіктері әзірленіп, заңнамалық негізі құрылады. Шығыс Қазақстан – еліміздегі озық облыстардың бірі. Біз Елбасының идеяларын іске асыру үшін қолдан келгеннің бәрін де жасауға және мемлекетіміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлесімізді қосуға тиіспіз, – деп қорытындылады баяндамасын Ермек Көшербаев.
Облыстық ана мен бала орталығының директоры, гендерлік саясат жөніндегі облыстық комиссияның мүшесі Рая Рахимова бұл жолғы Жолдауды да ақ желеңді абзал жандардың ерекше үмітпен талқылап жатқандарын жеткізді. Ол еліміздің еңсесін тіктеп қана қоймай, ядролық қарудан бас тарту арқылы әлемдік тұрақтылыққа үлес қосқан Елбасының әлемде етек алып отырған демографиялық теңсіздікпен күресудің жолдарын нұсқап бергеніне тоқталды. Еліміздегі туу санының мардымсыз болып отыруы нәзік жандылардың әлеуметтік қорғалмауынан болып отыр. Тек соңғы жылдары көптеп ашылған балабақшалардың арқасында, әлеуметтік қолдаудың күшейтілуінің нәтижесінде туу мөлшері арта бастаған. Бүгінгі демократияға негізделген некелік-отбасылық қарым-қатынастар, ата-ананың тек біреуінің ғана тәрбиесінде өсіп жатқан балалардың көбеюі, некеге дейінгі байланыстардың кең таралуы сынды кері әсерлерден ана мен баланы қорғау шараларын қолға алу болашақтағы басты бағдарлардың бірі болмақ.
– Елбасы болашақтың кілті ананың қолында екенін ескертті. Сондықтан бірінші кезекте қыздарымыздың тәрбиесіне көңіл бөлуіміз керек. Бүгінгі ашық-шашық киіну немесе тұтастай бүркемеленіп алу қазақ қызына жат қылық. Мәселен, облысымызда жасанды түсік саны азаймай отыр. Президенттің қоғамдағы әлеуметтік қорғансыз таппен жұмысты жандандыру, оларға қолдау көрсету жөніндегі нұсқаулары осы келеңсіздіктің жолын кесер бірден-бір жол, – дейді ана мен бала орталығының басшысы. Ана мен баланың тұрмыстық жәбір мен озбырлықтан қорғансыз қалып, толық жанұялар жыл санап азайып отырғанын еске салған Рая Рахимова Ұлт Көшбасшысының отбасылық құндылықтардың маңызын арттыру, ондағы әкенің рөлін нығайту жөніндегі тапсырмаларын орындау үшін әуелі облыс әкімдігімен бірге осы бағыттағы іс-шаралар жоспарын дайындау қажет деген ой айтты.
Бұдан кейін облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Геннадий Бердюгин сөз алды. Ардагерлер жыл сайынғы Қазақстан Республикасы Президентінің Жолдауын асқан ықыласпен қабылдайтынын айтқан ардагер бұл жолғы Жолдау ондаған жылдарды қамтыған, терең талдауға құрылған, елдің ертеңін анықтайтын маңызды құжат екенін мәлімдеді.
Елбасының «Қазақстан-2050» стратегиялық бағдарламасын ұсынуы елдің стратегиялық келешегін данышпандықпен саралай білуінің арқасында туындаған сәтті шешім екенін атап өткен Геннадий Бердюгин бұл құжатта келе жатқан әлемдік дағдарыс пен XXI ғасырдың 10 ғаламдық сын-қатерінің алдын алу жолдары көрсетілгенін тілге тиек етті.
Еліміздің халықаралық қауымдастықтағы беделінің артуы ардагерлердің мақтаныш сезімін туғызып отыр. Ардагерлерді әсіресе, мемлекеттің зейнеткерлерді, еңбекке жарамсыз жандар мен қамқорлықсыз балаларды әлеметтік қолдауды өз мойнына мықтап алатыны жөніндегі мәлімдемесі қуантқан. Бүгінде Қазақстандағы ең төменгі зейнетақы мөлшері ТМД және Балтық жағалауы елдерінің қай-қайсысынан да жоғары. Осы үшін де ардагерлер қауымы Елбасының бұл бағыттағы ұстанымдарын толықтай қуаттайды. Ел Президентінің аға буынға жүгіне айтқан ұрпақ тәрбиесіне қатысты сөздерін асқан жауапкершілікпен қабылдаған облыстың ардагерлер активі жастар арасында қазақстандық отансүйгіштік ұғымын насихаттауды жүйелі жолға қойып отыр. Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы барлық ардагерлер Елбасының аға буынға қарата айтқан міндеттерді жүзеге асыру үшін бар күштерін салатынын жеткізді.
Жолдаудың ғылым және білім беру саласын дамытуға байланысты тұстарына С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың бірінші проректоры Бауыржан Ердембеков тоқталды. Күнкөріс саясатын артта қалдырып, терең болашаққа жоспар құрып отырған Қазақ елі үшін бұл жолғы Жолдау уақыт талабынан туған көреген құжат екенін айтқан ғалым ел таңдаған дербес білім беру жүйесі бүгін нәтиже бере бастағанын атап өтті.
Елбасының тілге қатысты ұстанымымен ғалымдар да келісетінін айтады Б.Ердембеков. Ал 2025 жылдан бастап латын әліпбиіне көшу туралы ұсыныс толғағы жеткен түйіннің шешімі деп біледі білім саласының өкілдері.
Бородулиха ауданының Абай атындағы орта мекбебінің ұстазы Виктория Парасюкова Елбасы Жолдауына қатысты жылы пікірін бастан-аяқ мемлекеттік тілде жеткізді. Тәуелсіз елде туып, тәуелсіз құндылықтарды бойға сіңіре өскен ұрпақ ретінде сөз алған Виктория «Қазақстан-2050» стратегиялық бағдарламасы жарқын болашақтың жоспары деген ой айтты. Жас ұстаз барлық ұлт өкілдері мемлекеттік тілдің төңірегіне топтасып, оны құрметтеуге дайын екенін ісімен дәлелдеп берді.
Қазақстанның Азаматтық альянсының облыстық филиал төрағасы Олег Чернышов Жолдауда көрсетілген жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін дамытудың міндеттерін жүзеге асыру туралы ой қозғады. Жергілікті өзін-өзі басқару жүйесінің қызметіндегі тиімділікті арттыруға қажетті ұсыныстарын алға тартқан облыстық мәслихат депутаты аталмыш ұйымдардың қызметі халық үшін ашық әрі жариялы болуы қажеттігін атап көрсетті.
«Зияткер жастар лигасы» жастар бірлестігінің көшбасшысы Серік Жүнісов облыс жастарының атынан Жолдауға көзқарасын білдірді. Облыс жастары Елбасы Жолдауында айтылған ұлтаралық келісімді басты құндылық ретінде қарастыру, жастар арасындағы діни алауыздықтан сақ болу жөніндегі нұсқауларды ықыласпен қабылдап, ел еркіндігін нығайтудағы ұлттық интеллигенцияның рөліне қатысты айтқан ұстанымды өздеріне артылған міндет ретінде бағалағанын айтады Серік Жүнісов.
Мәжілісті қорытындылай келе Ермек Көшербаев Жолдауды халыққа түсіндіру және оны жүзеге асырудың іс-шаралар жоспарын дайындау ісінде бұрын қалыптасқан соқпақтан бас тартып, Жолдауды мазмұндауға үйір болмай, ондағы міндеттерді орындаудың нақты жолдарын анықтауға зер салу керектігін ескертті.
Есімжан Нақтыбайұлы