Отар басы ойсырап тұр
Қой басының азаюы тоқтар емес. Өткен бір жылдың ішінде облыс бойынша Шопан ата түлігі 72 мың басқа кеміген. Осы жағымсыз тенденцияның себебіне үңіліп көрмекпіз.
«Мал өсірсең қой өсір, пайдасы оның көл-көсір» деген мақалдан қадір қашқалы қашан! Отарының санына жете алмай-ақ өмірден өткен Баспайлардың өмірі бүгін ертегі сияқты. Арыға бармай-ақ, осыдан 30-40 жыл бұрын қазақ жерінде 40 млн. бастан артық қой мыңғырып жүрді дегенге сенудің өзі қиын. Жоспарлы экономикаға тәуелді етіп құрылған мал шаруашылығы нарықтық реформаны өте ауыр қабылдағаны белгілі. Бәрінен де қой шаруашылығы қатты зардап шекті. Еті мен жүніне сұраныс болмаған соң, қойшының ақ таяғы адыра қалды. Жер-жерде кеңшарлар тарап, бір қой бір шиша араққа сатылғанын көріп өстік. Статистика мәліметтеріне сенсек, 1990-2001 жылдар аралығында елдегі қой басы 3,6 есеге азайған екен.
Бірақ қолында не қомақты қаражат, не ауқымды жайылым, не жөнді техникасы жоқ ауыл халқы үшін қой бағудан тиімді кәсіп те жоқ еді. Өйткені, қой шошқа мен қояннан кейін ең өсімтал үй жануары саналады. Ал жемшөп мәселесінде ең күй талғамайтын түлік. Жазда жайылым, қыста жылы қора мен шөп болса жетіп жатыр. Осы қасиеттерінің арқасында шаңырағы ортасына түскен ауылдар үшін қорадағы санаулы қой «қосымша банктің» қызметін атқарып келді. Қой басының құлдырауын сәл де болса тежеп тұрған буын – осы жеке қолда мал ұстайтын ағайын. Алайда, қазір ауылдар қартайып барады. Себебі, жастардың туған өлкеге оралғысы жоқ. Айранын ұрттап, қойын құрттап, мал соңында жүргеннен де, қалада жат үйді жалдап күнелту мәндірек бүгінгі түсінік бойынша. Даму жолымыз урбанизацияға байланысты болғандықтан, бұл тенденцияның кері бағытқа бұрылуы екіталай. Демек, ауылдағы халықтың қартаюымен бірге қолдағы қой саны да кеми бермек. Мұндай жағдайда бар үміт малды табыс көзіне айналдырған шаруа қожалықтары мен кооперативтерге ауады. Алайда, өңірдегі малшаруашылық құрылымдардың көбі жылқы мен сиырға бағытталған. Өйткені, бұл салалардың қайтарымы жақсы, өніміне сұраныс бар. Ал қой жайында бұлай деу қиын. Сол себепті де облыстағы 1 673 963 бас қойдың 90 пайызы жеке қолда.
ЕТІ ДЕ АРЗАНДАП КЕТТІ
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметіне қарағанда, 2016 жылдың басында аймағымызда 1 746 522 бас қой болған. Биыл бұл көрсеткіш 4,2 пайызға кеміді деген сөз. Ең қынжылтатыны, қой басының кемуі аталмыш шаруашылыққа аса қолайлы саналатын оңтүстік аудандарға тән болып отыр. Атап айтар болсақ, Семейге іргелес қойлы ауылдарда Шопан ата түлігінің саны 20 мыңға, Абай ауданында 31 мыңға, Тарбағатай ауданында 18 мыңға, Жарма ауданында 15 мыңға, Катонқарағай ауданында 10 мыңға, Аягөз ауданында бес мыңға азайған. Малды аудандардың ішінде тек Күршімде ғана ауыз толтырып айтарлықтай өсім бар. Бір жылдың ішінде бұл ауданда қой басы 19 мың басқа немесе 14,9 пайызға көбейген.
-Қой басының азаюына бірнеше себеп қатар әсер етуде. Ет пен теріге, жүнге деген сұраныс аз. Ауыл маңында жайылымның аздығы да қойын көбейткісі келгендерге кедергі келтіріп отыр. Ал ірі шаруа қожалықтарында шопан тапшы. Кадр тапшылығының кедергісі біз ойлағаннан да елеулі, – дейді басқарма басшысының міндетін атқарушы Ринат Молдаханов.
Сараптамалық деректер бойынша, елімізде қойдың 75 пайызы ауылдардың маңында, үш шақырым радиуста бағылады екен. Жайылымның тарлығы әрі жыл сайын тозып келе жатқандығы – саланың дамуына үлкен тежеу. Шопан қауымының ендігі үміті Жайылым туралы жаңа заңда. Аталмыш құжат негізінде елді мекендерде мал ұстаудың ережесі бекітілетін болады. Жайылымға тиесілі жерлерді меншік иесіне қарамастан, елдің игілігіне қайтару тетіктері де жаңа заңда көрініс табуы тиіс.
Қой етіне деген сұраныстың сиқын көру үшін базарға бас сұқсаңыз жетіп жатыр. Қала тұрғындары үшін қаракесектен асқан ет жоқ. Неғұрлым аз ақша жұмсап, қаракесекті соғұрлым мол алу үшін тұтынушылар сүйегі көп қой етінен сиырдың қоң еті тиімді деп санайды. Сондықтан оның бағасы сиыр етінен 200-300 теңгеге, жылқы етінен 400-500 теңгеге арзан. Өңірдегі ет комбинаттары да негізінен сиыр етін алуға құлықты. Қытайдың «Eurazia Agro Holding» және «Rifa Holding Group» атты трансұлттық компаниялары Аягөз ауданында қолға алған жобаларға үлкен үміт артылып отыр. Бұл жобалар сәтті іске асса, Қытайға жылына 50 мың бас қойдың етін эскпорттауға мүмкіндік туады.
Жүннің орнын синтетика басты
Облысты қойып, еліміз бойынша тері өңдеу ісі тұралап тұр. Сән әлеміндегі тенденцияларға үкім айтып отырған АҚШ, Жапония, Еуроодақ елдерімен терезе теңестіру үшін бізге бұл салада ұзақ әрі ұтымды еңбектену қажет. Оның үстіне аталмыш елдердің тері өңдеу компанияларына дайын шикізатты Аустралия, Иран, Жаңа Зеландия, Қытай, Үндістан мемлекеттері артығымен жеткізіп отыр. Соның ішінде Қытай өзімен көршілес Ресей және Моңғолия елдерінен тері қабылдап, оны Еуропа елдеріне тазалап өткізіп-ақ пайда көруде.
Ал қой жүніне деген сұраныс әлем бойынша азайған. Соңғы 20 жылда әлемдегі жүн өңдеу өнеркәсібі 33,3 пайызға қысқарған екен. Өйткені, мақталы мата мен синтетикалық талшықтар қой жүнінен жасалған матадан әлдеқайда арзанға түседі. Соңғы 2-3 жылда мұнай бағасының құлдырауы да жүннің өтімділігін тежей түскен. Себебі, синтетикалық талшықтың барлығы мұнайдан өңделеді. Дегенмен, Шопан ата түлігінің жүнін өндірістен мүлдем шығарып тастаған ешкім жоқ. Әлемде қой жүнін ең көп импорттайтын елдердің көшін тағы да Қытай бастап тұр. Одан кейінгі орындарға АҚШ пен Жапония орналасқан. Аңдасақ, жүн индустриясының негізгі нарығы іргемізге тиіп жатыр. Оған екі арадағы сауда қатынасының жаңа деңгейге шығып келе жатқанын қосыңыз. Біздің облыстың өзінде оңтүстіктегі көршімізге ауылшаруашылық өнімдерін еркін өткізу үшін бірыңғай зертханалық орталық құрылып, ұсынылатын тауарлар тізбесі әзірленуде. Сол тізімге қой жүні мен терісі енсе, Шопан атаның ізін жалғаушылардың үміті оянары сөзсіз. Қытай етті әрі ең көп экспорттайтын, әрі ең көп импорттайтын ел ретінде танылған. Сондықтан екі арадағы дәліз қой етінің саудасын да қыздыруы тиіс. Ол үшін қой етінен өңделген өнімдер де жоғарыда айтқан тізбеге енуі шарт.
Жалпы, қой етіне деген сұраныс сиырдан әлдеқайда төмен болғанымен, қозы еті көп елдерде жеңсік ас саналады. Бір жасқа толмаған қозының еті ересек қой етінен 2-4 есеге қымбат. Осыны жақсы білетін Аустралия мен Жаңа Зеландия Еуропа елдері мен АҚШ-қа, Сауд Арабиясына жыл сайын тонналап қозы етін экспорттап келеді. Осындай жағдайлар жинала келіп, қой шаруашылығының болашағы ет өңдеуде деген түсінік қалыптастырып отыр. Сондықтан аталмыш саладағы көшбасшы елдер бүгінде қойдың етті нәсілдеріне ден қойып, жүні сапалы нәсілдер екінші сатыға түскен. Ал бізде қой тұқымын сұрыптауды қойып, басын аман сақтап қалу мұң болып тұр.
Қой шаруашылығын қолдау күшейеді
Бірақ қойлы ауылдарға ата кәсіптен күдер үзуге әсте болмас. Себебі, биыл агроөнеркәсіпті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған жаңа бағдарламасы жүзеге аса бастайды. Аталмыш құжат жобасында қой шаруашылығына субсидияның бірнеше түрін төлеу қарастырылған.
-Қой тұқымын түрлендіру бағытында бірінші және екінші деңгейдегі асыл тұқымды қойдың бір басына бұрын 1500 теңге төленсе, биыл ол 2500 теңге болмақ. Сатып алынған асыл тұқымды тұсақтың әр басына сегіз мың теңге, қошқарға 20000 теңге төленуі мүмкін. Тек биылдан бастап асыл тұқымды емес, тауарлы қойдың әр басына 1500 теңге субидия берілмек. Сондай-ақ, биязы жүннің әр келісіне 150 теңге, қылшық жүннің бір келісіне 100 теңге төлеу қарастырылған. Аталмыш ереже наурыз айына дейін бекітілуі тиіс, – дейді Ринат Молдаханов.
Қой шаруашылығы шығыны өзге түліктерден аз болғанымен, бейнеті мол кәсіп екені айқын. Жастардың қой бағудан қашатыны да содан. Бір ғана сақман науқанының өзі кез келген адамды діңкелетіп жібереді. Ғаламтордан шопан отбасы керек деген жарнаманы жиі кездестіруге болады. Алайда, сол жұмыс берушілердің төлейтін еңбекақысы мардымсыз. Шопанның жеке басына 20-50 мың теңге, жанұясына 100 мың теңге ұсынады. Ондай ақшаға қой бағуға кез келген адам келіспесі анық. Шопанның әлеуметтік жағынан қорғалуы дейтін, бір өзі бір атанға жүк болатын мәселе тағы бар. Маман тапшылығынан Аустралия, Ұлыбритания, Иран, Жаңа Зеландия елдері де өткен. Олар бұл мәселені өлшеусіз еңбекті талап ететін процестердің барлығын механикаландыру арқылы шешіп отыр. Бізде кенже қалғанымен Франция, Италия, Англия, Португалия, Испания елдерінде қой сүтінен ірімшіктің түр-түрі өндіріледі. Бүгінде бүкіл әлем болып қой сүтінің сиыр сүтінен құнарлы екенін мойындап отыр. Сондықтан Швеция сияқты елдер қойды көгендеп саууға арналған жылжымалы станоктардың түр-түрін шығаруда. Автоматты қырықтықтардың қолданысқа енгеніне де біраз уақыт болды. Мұндай құрылғыларды сатып алуға ауласында 30-40 қойы бар шаруаның қалтасы көтермейтіні түсінікті. Ал кооперативке бірігу арқылы ортақ несие алып, қалаған станок пен қырықтықты сатып алуға болады. Бүгінде мемлекет 20-дан астам мүшесі бар кооперативтерге 50 млн. теңгеге дейін инвестициялық несие беруді жолға қойды. Бұған қоса кооперативке біріккен шопандар үшін екпе жұмыстары мен тоғыту сияқты ветеринарлық шараларды бірлесіп өткізу әрі тиімді, әрі оңтайлы болатыны сөзсіз.
Қорыта келгенде, қой шаруашылығының келешегі кооперативтендіру шараларымен тікелей байланысты. Мемлекеттің саланы ынталандыруға бөлетін субсидиясы да қойлы ауылдар үшін айтарлықтай демеу болмақ.
Есімжан Нақтыбайұлы