Отанды сүю – жүректен…
Атырауда «Менің Қазақстаным» атты ел патриоттарының Жалпыұлттық VI форумы өтіп, ол биыл Мемлекеттік рәміздер күні мерекесімен тұспа-тұс келді. Бұл форумға Шығыс Қазақстан облысының делегациясы да қатысты.
Қазақстан патриоттарының VI форумында Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед Президент Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ кең байтақ еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған отаншыл жастарға жолдаған құттықтауын жеткізді.
Онда «Мемлекеттік рәміздеріміз – Ту, Елтаңба және Әнұран – Тәуелсіздігімізді әйгілейтін, барша қазақстандықтардың бірлігін танытатын қасиетті де, маңызы зор бейне-нышандар. Шынайы патриотизм мен Отанға деген сүйіспеншілік оның мемлекеттік рәміздерін қастерлеуден басталады. Ежелгі заманнан бері Отанына адал ұлдардың айбынды ерліктері, атамекенге деген шексіз ықыласы кейінгі ұрпаққа елі мен жерін сүюдің жарқын үлгісін көрсетіп берді. Форум жастар бастамасына серпін беріп, ұлы мұраттарға ұмтылған Қазақстан қоғамын біріктірер айтулы оқиға ретінде өтеді деп сенемін» делінген.
Бұдан соң шараның ең басты оқиғасы – «Жыл патриоттарын» марапаттау салтанаты басталды. Ел патриоттары бес номинация бойынша марапатталды. Олардың арасында спортшылар, дәрігерлер, жас ғалымдар, ұстаздар мен дәрігерлер, құтқарушылар және ішкі істер органдарының қызметкерлері бар.
«Әлем таныған Қазақстан!» номинациясы бойынша «Жыл патриоты» атанғандардың ішінде мәнерлеп сырғанаудан Әлем чемпионатының күміс жүлдегері Денис Тен де болды.
«Асқақ азаматтық». Бұл номинация бойынша сын сағатта нағыз азаматқа тән іс жасаған бүгінгінің қаһармандары марапатталды. Олардың арасында Шығыс Қазақстан облысынан келген криминалдық полицияның жедел уәкілі Ерлан Рүстемов, анасының жүрегін мұқтаж адамға беріп, өзгенің өмірін сақтауға септігін тигізген Игорь Воротников, қостанайлық полицей Ерік Қоянбаев та болды. Шығысқазақстандық Ерлан Рустемов 82 жастағы ананы өрттен құтқарған.
– Мен Отан алдындағы парызымды орындадым. Бүгінгі форум жастарға өршіл рух сыйлады, – дейді ол.
«Жан жүрегім Қазақстан!». Шынайы патриотизмнің асқақ шыңынан көрінгендерді Халық Қаһарманы, Мәжіліс депутаты Бақытжан Ертаев марапаттады. Атаулы сыйлықты иеленгендердің арасында шығысқазақстандық екі дүркін Азия чемпионы Шалқар Жоламанов та бар.
«Өрге қанат қаққан Қазақстан!» номинациясы бойынша арнаулы сыйлық иеленгендердің арасында шахматтан төрт дүркін Әлем чемпионы Бибісара Асаубаева, зымыран жанармайының жаңа түрін ойлап тапқан атыраулық оқушы Гауһар Заиденова да болды.
Ең кішкентай номинант Бибісара Асаубаева бүгінде бар болғаны тоғыз жаста. Шахматпен 4 жастан бастап айналысып келе жатқан ол бұл ойын түріне атасының үйреткенін айтады. Ал «Ұлттық мәдениет, дәстүрді дамытудағы үлесі үшін» сыйлығын белгілі продюсер Қыдырәлі Болманов алды.
Бүгінгінің батырларын марапаттаған салтанатты шарада Қазақстанның эстрада жұлдыздары Маржан Арапбаева, Айгүл Үлкенбаева, Ерболат Құдайберген, «Алашұлы» және «Кеш УОU» топтары өнер көрсетті.
«Еліне, жеріне шынайы беріліп, қиын сәтте Отан үшін отқа түсуге даяр отаншыл адамды патриот деп атаймыз. Міне, бүгін еліміздің түкпір-түкпірінен осындай отаншыл адамдар марапатталды. Мұндай форумның өткізілуінің өзі әсіресе, жастар үшін үлкен тәрбие. Отаншылдық рух болған жерде ғана мемлекет биік белестерден көрінеді» дейді форум делегаты, Шығыс Қазақстан облысының ішкі саясат басқармасы бастығының орынбасары Серік Жеңісов.
Иә, Отанды сүю – жүректен. Елбасы айтпақшы, «Қазақстанды жүрегінде мәңгіге сақтаған адам ғана нағыз патриот». Көк туымыз мәңгіге желбіреп, Әнұранымыз асқақтай бергей!