Өскеменнен жер алуға мыңдаған өтініш түсті
Азамат Темірбеков
Өткен жылы Өскеменнің маңайынан жер учаскесін алуға 15 мыңнан астам адам өтініш берген. Бұл туралы облыстық жер қатынастары басқармасы хабарлады.
Құзырлы органның берген ақпаратына сүйенсек, бүгінде жер қатынастары саласында көрсетілетін мемлекеттік қызметтер халық арасында жоғары сұранысқа ие. Статистикалық деректерге сәйкес, аудан, қалалардағы жер қатынастары бөлімдері былтыр 40 мыңнан астам осындай қызмет көрсеткен екен.
– Қолданыстағы тұрғын үйді, гаражды немесе саяжайды орналастыру үшін жер учаскесіне иелікті ресімдеу, жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту, жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер алуға кезекке тұруды www.egov.kz веб-порталы арқылы Жылжымайтын мүлік бөлімінде электронды түрде өтініш беру арқылы жүзеге асыруға болады, – дейді облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Надежда Михейлис.
Оның айтуынша, электронды форматта жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгертуге рұқсат беру жер учаскелерін қалыптастыру жобаларын бекіту, сауда-саттықты өткізуді талап етпейтін мемлекеттік меншіктегі жер учаскелеріне құқық алу, іздестіру жұмыстары үшін жер учаскесін пайдалануға рұқсат беру, бүлінген жерлерді қалпына келтіру жобасын келісу және беру, жер учаскесін алуға кезекке қою сияқты қызметтерді алуға болады. Ал елді мекен шегінде нысан салу үшін жер учаскесін беру, жер учаскесінің бөлінетіндігі мен бөлінбейтіндігін айқындау, жер учаскесін жекеменшікке сату, ауыл шаруашылығы алқаптарын бір түрден екінші түрге ауыстыруға түпкілікті шешім беру сияқты қызметтерді жер учаскесінің орналасқан жері бойынша жергілікті атқарушы орган қағаз түрінде көрсетеді.
– Халықтың сұранысына ие қызметтердің бірі – Жер учаскесін алуға кезекке қою. Тек өткен жылы ғана Өскемен қаласында жеке тұрғын үй құрылысын жүргізу мақсатында жер учаскесін алу үшін арнайы есепке 15 мыңнан астам өтініш берілді, – деп қосты басқарма басшысы.