Мемлекеттік қызмет

Менің әріптестерім – менің екінші отбасым

Жас маман Айзат Қайырбаева 2020 жылдан бастап мемлекеттік қызметте. Осы саладағы шағын тәжірибесіне қарамастан, ол өзін үздік маман ретінде көрсете білді. Қазір Айзат – медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің персоналды басқару жөніндегі бас маманы.
Айзат Қайырбаева Тарбағатай ауданы Асусай ауылында дүниеге келген. Үш әпкесінің ішінде ол ең кенжесі. Туған ауылында тоғыз сыныпты бітіріп, үздік аттестатқа қол жеткізгеннен кейін, 2010 жылы ол С. Аманжолов атындағы ШҚМУ жанындағы колледжге әлеуметтік қызметкер мамандығына грантқа түсті. Қазіргі уақытта Айзат «Дефектология» және «Құқықтану» мамандықтары бойынша екі жоғары білімге ие.

– Мен мектеп оқушысы болып жүрген кезімде анам сияқты мұғалім болуды армандайтынмын. Мен эссе, шығарма, өлең жазуды ұнататынмын… Есімде қалғаны, мен әрқашан қазақ тілін, ағылшын тілін және әдебиетті жақсы көрдім. Мен осы пәндердің бірінен мұғалім болғым келді. Бірақ мен мемлекеттік қызметке келгеніме өкінбеймін. Мемлекеттік қызмет маған көп нәрсені үйретті. Аса жауапкершілікпен мемлекетке қызмет ету – үлкен мәртебе, – дейді Айзат.

Ол сондай-ақ колледжді үздік бітіріп, бірден Глубокое ауданының О. Бөкей атындағы орта мектебіне педагог-ұйымдастырушы болып жұмысқа орналасты. 2013 жылы Өскеменге көшіп, балалардың құқықтарын қорғау Департаментінде әлеуметтік қызметкер болып жұмыс істей бастады.

– Осы сәттен бастап мен мемлекеттік қызметпен таныса бастадым, – деп еске алады Айзат Қайырбаева. – Осы Департаментте жұмыс істейтін әріптестер маған құжат айналымын, құжат жүргізу ережелерін, еңбек тәртібін үйретті…

2015 жылы балалардың құқықтарын қорғау Департаменті қайта құрылғаннан кейін, ол Шығыс Қазақстан облысы бойынша білім басқармасына жұмысқа орналасты. Онда Айзат жеті жылдан астам жұмыс істеді. Тиісінше, мол тәжірибе жинақтап және мемлекеттік қызметтің не екенін түсінді. 2021 жылы конкурс бойынша медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша Департаментіне ауысты. Бұл ведомствода персоналды басқару жөніндегі бас маман лауазымында Айзат бүгінгі күнге дейін жұмыс істейді.

– Кадр қызметкері ретінде мен еңбек заңнамасының және «Мемлекеттік қызмет туралы» заңның орындалуын, еңбек режимі мен жағдайларының сақталуын бақылаймын, мемлекеттік қызметшілердің әлеуметтік және құқықтық қорғалуын, мемлекеттік орган кадрларының кәсіби дамуы мен мониторингін қамтамасыз етемін, іс қағаздарын, оның ішінде бірыңғай автоматтандырылған деректер базасында (ақпараттық жүйеде) жүргіземін, – деп түсіндіреді Айзат Қайырбаева. – Жұмыста күніне 8 сағат болғандықтан, мен үшін ең маңызды міндеттердің бірі-корпоративтік мәдениетті қалыптастыру және еңбек ұжымында қолайлы әлеуметтік-психологиялық ахуалды қалыптастыру. Менің әріптестерім – менің екінші отбасым, сондықтан мен жұмыста жақсы көңіл-күйде болуға тырысамын.

Жұмыстан басқа, Айзаттың жеке өмірі мен хоббиі бар. Ол тұрмыста, ал оның сүйікті хоббиі – қазақ тілінде өлең жазу. Бос уақытында кітап оқиды және шығармашылықпен айналысады.
Айзат Қайырбаеваның медициналық және фармацевтикалық бақылау департаментіндегі жұмыс өтілінің аздығына қарамастан, оның еңбегі құрмет грамотасымен аталып өтті. Сондай-ақ, биылғы жылы мемлекеттік қызметшілер күні қарсаңында басшы Айзаттың ата-анасына лайықты мемлекеттік қызметші болып табылатын үлгілі бала тәрбиелегендері үшін алғыс хат табыстады.

– Халық игілігі үшін ең адал еңбектердің бірі – мемлекеттік қызмет. Мен үшін адамдарға және Отанға қызмет ету өте құнды. Мен оны бағалаймын. Менің жұмысым ертеңгі күнге сенімділік береді. Мемлекеттік қызметші атағы – үлкен құрмет, – деп атап өтті Айзат Қайырбаева.

Мемлекеттік қызметке кіруді жоспарлаған жандарға бас маман шешім қабылдауда табандылық, әрбір істе жауапкершілікті өз мойнына алуға дайын болу, тәртіптілік, еңбекқорлық және өз еліне адал қызмет етуге деген таза ниет болу керектігін айтады.

Алия Сейсенбаева

Осы айдарда

Back to top button