Мемлекеттік қызмет

Маман тапшылығы азайып келеді

Айна Ескенқызы

 Бұдан былай кадр тапшылығы бар аудандар мен ауылдарда мемлекеттік қызметтің төменгі лауазымдарына жоғары оқуды грантпен үздік тәмамдаған түлектер байқаусыз қабылданады. Бұл жайында   Мемлекеттік қызмет істері агенттігі ШҚО бойынша департаментінің басшысы Нұрлан Еркебаев өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді.

Облыстағы мемлекеттік қызметшілердің 70 пайызға жуығы – әйелдер, ер-азаматтардың үлесі 30 пайыздан сәл асады.

  • Мониторинг деректері бойынша, жұмыс істейтін мемлекеттік қызметшілердің 33 пайызы – ерлер, 67 пайызы – әйелдер. 17 пайызы – 29 жасқа дейінгі жастар. Зейнеткерлер мен зейнеткерлік жасына жақындаған қызметшілер үш пайызды құрайды. Қызметкерлердің 91 пайызы – жоғары білімді. Бес адам – мемлекеттік басқару академиясының түлегі, бір қызметші – «Болашақ» бағдарламасымен оқып келген жас, – деп атап өтті Нұрлан Еркебаев.

Оның айтуынша, қазір өңірде 3614 жұмыс істейтін шенеунік бар. Қызметкерлердің орташа жасы – 40 жас, ал  орташа жұмыс өтілі – 11 жыл 8 ай.

Меритократия принципін сақтау деңгейі бойынша, өткен жылы 1373 бос лауазымға конкурс жарияланып, оған 1298 үміткер қатысқан. 726 адам бос лауазымдарға тағайындалды. Ішкі конкурстарға түскен 216 қызметшінің 70 пайызы басқа лауазымдарға жоғарылатылған.

  • Ел Президенті мемлекеттік қызметке кіру және одан шығу талаптарын жеңілдетуге тапсырма бергені белгілі. Соған орай өткен жылдың соңында салалық заңнамаларға бірқатар толықтырулар мен өзгерістер енгізілді. Енді кадр тапшылығы бар аудандар мен ауылдарға мемлекеттік қызметтің төменгі лауазымдарына жоғары оқуды мемлекеттік  грантпен үздік тәмамдаған түлектер байқаусыз қабылданады. Сондай-ақ «Б» корпусының лауазымына үміткерлерді конкурстық іріктеусіз, агенттіктің келісімімен тікелей тағайындау мүмкіндігі беріліп отыр, – деп жалғастырды департамент басшысы.

Брифингте мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлау және біліктілігін арттыру курстарынан өту мәселесі де қозғалды. Ел Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы ШҚО бойынша филиалының директоры Сергей Ковалев негізгі үш қиындыққа тоқталды.

  • Бірінші проблема – тыңдаушылардың контингенті. Бір топта кәсіби қалауы, білім деңгейі, жасы және лауазымы әртүрлі адамдар жиналады. Сол себепті олардың материалдарды қабылдау, түйсіну деңгейі де әртүрлі. Бірақ біз қарапайым адам үшін жұмыс істейміз, – деп түсіндірді филиал директоры.

Екінші проблемалық сәт, Сергей Эдуардовичтің айтуынша,  оқу даярлығының мазмұнын мемлекеттік қызметшілердің лауазымдық нұсқаулықтарына толық сәйкес келтіруге байланысты. Курс тыңдаушылардың алған білімдерін өз қызметінде қолдана алатындай, біліктілігін ұштайтындай мазмұнда болу керек. Оның айтуынша, бұл мәселе өз шешімін тапты десе де болады.

  • Үшінші мәселе – мемлекеттік органдарда қызметкерлерді курстар кезеңінде міндеттерінен толық босату. Мемлекеттік қызметшілер оқу үдерісіне толығымен ден қоюы керек, сонда ғана нәтиже шығады. Қазір біз осы мәселенің шешімін қарастырып жатырмыз, – деді Сергей Ковалев.

Ол шенеуніктерді оқытуға бюджеттен бөлінетін қаражат тиімді жұмсалуы керек екенін атап өтті. Оның ойынша, білімін жетілдірген әрбір қызметші  мемлекеттік аппараттағы жұмыс орындарында пайдалы болуы керек, ол үшін академия білім алуға барлық жағдайды жасауға тиіс.

 

Осы айдарда

Back to top button