Мемлекеттік қызмет

Жеті қызметкер мемлекеттік қызметке кір келтірген

Айна Ескенқызы

 2023 жылдың І тоқсанында облыста 85 мемлекеттік қызметші түрлі тәртіптік жауапкершіліктерге тартылды. Олардың ішінде, жеті қызметкер мемлекеттік қызметке кір келтірсе, бір адам қызметтік әдеп нормаларын бұзған, 76 қызметші Қазақстан Республикасы заңнамаларының өзге нормаларын бұзғаны тіркелді. Бұл жөнінде Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің ШҚО бойынша департаментінде өткен Әдеп жөніндегі кеңестің кезекті отырысында айтылды.

Талдау барысында 2023 жылдың І тоқсан көлемінде мемлекеттік қызметке кір келтірген мемлекеттік қызметшілердің саны соңғы төрт жылмен салыстырсақ екі есе, ал кей жылдарда үш  есе артқаны байқалды. Қызметтік әдеп нормаларын бұзу фактілеріне келсек, тәртіптік жауапкершілікке тартылғандар саны ақырғы төрт  жылда алты есе азайған.

Жалпы мемлекеттік қызметшілерге қолданылған 85 тәртіптік жазаның 20-ы немесе 23,5 % мерзімінен бұрын алынған. Талдау сонымен қатар мемлекеттік қызметшілерге тәртіптік жаза қолдану қағидалары сақталмайтынын көрсетті.

Мысалы,  Алтай аудандық білім бөлімі басшысы Б.Канафина мен облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы М.Кайнулдаев кінәсі анықталмай, қызметтік тергеу-тексеру жұмыстары жүргізілместен жауапкершілікке тартылған. Сондай-ақ Б. Канафинадан тәртіптік жауапкершілікті мерзімінен бұрын алуда   қағидаға сәйкес «ұсыныс» берудің орнына мемлекеттік мекеменің кәсіподақ ұйымының төрағасы «қолдау хат» енгізген.

– Жоғарыда айтылғандар өз кезегінде мемлекеттік органның актісінің күшін жоюға бірден-бір негіз бола алады. Сол себепті персоналды басқару қызметі (кадр қызметі) не персоналды басқару қызметінің (кадр қызметінің) міндеттерін атқару жүктелген адам мемлекеттік қызметшіге тәртіптік жаза қолданар алдында заңнамаға енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды назарға ала отырып, Қағиданың талаптарын мүлтіксіз орындауға тиіс, – деді департаменттің мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау басқармасының бас маманы Айгүл Әлібекова.

Осы айдарда

Back to top button