Өскеменнен ұн сатып алып жатыр
Азамат Темірбеков
Нан бағасын тұрақтандыруды мақсат еткен алтайлық кәсіпкерлер Өскемен қаласының тұрақтандыру қорларынан бірінші сұрыпты ұн сатып алады.
Аудан әкімдігінің газет редакциясына жолдаған ақпаратына сүйенсек, биыл әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына шекті бағаларды ұстап тұру үшін осындай санаттағы тауарларды сату кезінде ең төменгі, яғни 10 пайыздық сауда үстемесін қолдану туралы 85 сауда нысанымен меморандум жасалған екен. Сонымен қатар бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу мақсатында құрылған 44 мобильді топ апта сайын әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына сауда үстемесін қолдануға мониторинг жүргізеді. Нәтижесінде жыл басынан бері баға мониторингі бойынша жұмыс топтары 8,7 мыңнан астам сауда нысанына рейд жүргізген.
Аудан әкімінің орынбасары Жанна Асқарованың хабарлауынша, Алтайда экономикалық алғышарттарға байланысты арнайы тұрақтандыру қорлары жоқ және мұндай қорларды құру көзделмеген. Оған себеп, аудандық деңгейде тұрақтандыру қорларын құруға қаржы көзделмеген. Дей тұрғанмен қол қусырып отыруды жөн көрмеген аудан басшылығы азық-түлік бағасын тұрақтандыру бағытында бірқатар шараларды жүзеге асырып жатыр. Осындай игі шаралардың бірі – бірінші сұрыпты ұннан пісірілген нан бағасын тұрақтандыруға бағытталды. Атап айтсақ, алтайлық кәсіпкерлер Өскемен қаласының «Ертіс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы, Азық-түлік корпорациясы, «Крупнофф» кәсіпорны сынды тұрақтандыру қорларынан бірінші сұрыпты ұн сатып ала бастады.
Осы жұмыстар аясында жыл басынан бері 173 тонна ұн сатып алынған. Оған қоса, «Ертіс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясымен үшжақты меморандум негізінде 192 тонна қант сатып алынып, 15 пайыздан аспайтын сауда үстемесін қолдана отырып халыққа сатылды.
– Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу және халықты азық-түлік тауарларымен қамтамасыз ету мақсатында Алтай, Серебрянка қалаларында, Жаңа Бұқтырма кентінде апта сайын демалыс күндері ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өткізіледі, – дейді Жанна Асқарова. – Жыл басынан бері осындай 184 жәрмеңке өткізілді. Орта есеппен ауданның 60-тан астам ауыл шаруашылығы тауар өндірушісі мен жеке шаруа қожалықтары 247 тоннадан астам ауыл шаруашылығы өнімін саудалады.
Оның айтуынша, демалыс күнгі жәрмеңкелерде ауыл шаруашылығы өнімдері нарықтық бағадан 10-15 пайыз арзанға сатылған. Жалпы, бағаны тұрақтандыруға бағытталған іс-шаралар жыл соңына дейін жалғасып, келер жылы қайта басталмақ.