Өскеменде тағы бір демалыс аймағы болады
Ынтымақ Толқын
Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар облыс орталығында атқарылып жатқан абаттандыру жұмыстарымен танысты. Қала көшелерінің жөнделу қарқынын бақылап, межелеген мерзімде аяқталуын міндеттеді.
Облыс орталығында аулалар көркейтіліп, тұрғындар мен балаларға барынша жағдай жасалуда. Президенттің «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында жыл басынан бері 100 жоба дайындалған. Сол жобалардың аясында Жаңа Ахмер және Защита шағын аудандарында екі ойын алаңы салынды. Ашылу салтанатына қала әкімі қатысып, ойын алаңдарының сапасын тексерді. Жергілікті тұрғындар бұндай игі іске алғыс білдіріп, алдағы уақытта алаңды таза ұстап, ұқыппен қарайтындарын жеткізді.
Қала көшелерінде жол жөндеу жұмыстары да үдей түскен. Атап айтар болсақ, Мостовая және Базовая көшелері толықтай жаңартылмақ. Мердігер компанияның жауапсыздығы салдарынан тоқтап қалған жөндеу жұмыстары Мостовая көшесінде қайта жанданды. Бұл көшенің ұзындығы – бір жарым шақырым. Ауа райы қолайлы болса, алдағы бірер күнде жолға асфальт төсеу жұмыстары толық бітетін болады.
Ал Базовая көшесі кеңейтіліп, төрт жолақты болып салынады. Қарқынды басталып кеткен жөндеу жұмысы екі кезеңмен жасалады. Бірінші кезеңде қаладағы теннис орталығына дейінгі жол кеңейтіледі. Ал келер жылы қалған бөлігін жөндеу көзделген.
– Өздеріңіз білетіндей қаламызда тұрғын үйлердің құрылысы қарқынды жүруде. Соның бір дәлелі – Нұрлы жол шағын ауданы. Бұл жерде жоспар бойынша 43 үй салынады. Қазіргі уақытта оның 27-сі бой көтерді. Бұл – екі мыңнан аса пәтер. Тұрғындар үйлерге орналасқанда осы аумақта машиналар саны да артатыны даусыз. Сондықтан Базовая көшесін кеңейту туралы шешім қабылданып, жол жөндеу басталды, – деді Жақсылық Омар.
Айта кетелік, қыс мезгілінің жақындап келе жатқанына байланысты бұл көшенің бетіне асфальт биыл төселмейді.
Облыс орталығында тұрғындардың серуендеп, сергіп қайтатын тағы бір орны пайда болмақ. Красин көшесінің бойында Астана және Шәкәрім көшелерін жалғайтын төрт жолақты жол пайда болып, Үлбі жағалауына демалыс аймағы салынады.
– Бұл жоба бірнеше жыл бұрын қаланың бас жоспарына енгізілген. Демалыс аймағымен бірге көлік жолы да міндетті түрде салынады. Өйткені автомобильдер саны жыл санап артып келеді. Оған қоса, осы ауданда бірнеше үй салынып жатқанын да ескеруіміз керек. Жол кеңейсе, көлік кептелісі де азаяды, – деді қала әкімі.
Аталған жобаның жұмыстары келер жылы басталады. Мердігер ұйым әзірге жол мен саябақтың орнын дайындаумен айналысуда. Ал кесілген ағаштардың орнына жұмыс біткеннен кейін көшеттер егіліп, көгалдандыру жұмысы жүргізіледі.